Әбілязовтің сыбайластары елге оралды

Әбілязовтің сыбайластары елге оралды

Сырттай 20 жылға ­сот­тал­ған БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязов­тің 10 сыбайласы өз ерікте­рімен Қазақстанға оралды. Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Аса маңыз­ды қылмыстық істерді тергеу департаментінің басшысы Сергей Перов хабарлады.

– 2017 жылдың 7 маусымында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі маманданды­рыл­ған ауданаралық соты ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық жа­сап, БТА банкінің 7,5 млрд доллар қаражатын ұрлағаны үшін басты фигурант Мұхтар Әбілязовті 20 жыл­ға бас бостандығынан айыр­ған бо­латын. Қабылданған шаралардың арқасында БТА банкке шамамен 2 млрд доллар қайтарылды, – деді ол агенттікте өткен брифингте.

Оның айтуынша, аталған қылмыстық іс бойынша 42 адам сотталған. Соңғы уақытта іздеуде болған 10 адам өз еріктерімен Қа­зақстанға келген. Олардың қа­та­рында Жақсылық Жәрімбетов, Сәдуақас Мәмеш, Қайрат Сады­қов сынды БТА банктің топ-ме­нед­жерлері бар. Сергей Перов сот олардың барлығын кінәлі деп танығанын, дегенмен кінәларын толық мойындап, тергеу амалда­рына көмек көрсеткендері үшін шартты түрде жаза тағайындал­ғанын жеткізді.

– Биыл мамыр айында Қа­зақстанға өз еріктерімен оралған 7 тұлғаға қатысты тергеу амалдары аяқталды. Олардың қатарында Әбілязовтің бақылауында болған «ИПГ Евразия», «Евразия Сити» және басқа компа­ния Ди­рек­торлар кеңесінің бұрынғы төра­ғасы Артур Тро­фимов бар, – деді ол.

Брифинг барысында Қазақ­стан­ға өз еріктерімен оралған айып­тылардың бейнежазбасы көр­сетілді. Олар бейнежазбада шетелде өмір сүру қиын болған­дығын, ешкім көмек көрсетпе­гендігін айтады.

– Менің міндетім Мұхтар Әбілязовпен аффилирленген компаниялардың кредит алуы үшін құжаттар топтамасын да­йын­дау болды. Мұхтар Әбіля­зов­тен Вероника Ефимова арқылы елден кету керектігі, себебі қыл­мыстық іс қозғалғандығы, адам­дарды түрмеге отырғызатындығы және бұл саяси мәселе екені туралы хабарлама алдым. Екінші кішкентай балам, қарт анам мен өзім үшін қорқып, отбасыммен шетелге кетіп қалдым. Әрине, одан кейін бірқатар көмек алдым. Бірақ шетелде болғанымызда қосымша ешқандай көмек алған емеспіз. Бізге өмір сүру өте қиын­ға соқты, – дейді БТА банкі Кре­дит басқармасы бастығының бұ­рын­ғы орынбасары Зәуре Жүнісова.

БТА банктің бұрынғы бас­қарушы директоры – кредиттік комитет мүшесі Валерий Налобин бейнежазбада банк басшылығы тарапынан қатты қысым бол­ғанын айтады.

– Шын ниетіммен мойын­да­ғаным үшін банк басшылығы тарапынан қатты қысым болды. 2010 жылы шыдамым таусылып, өзім үшін, отбасым үшін қорқы­ныштан шетелге кетіп қалдым. Осы жылдар маған өте ауыр тиді. Отбасымды көрмедім, әне-міне тұтқынға алады деген қорқы­ныш­пен өмір сүрдім. Жұмыс та істей ал­мадым. Балаларымды, ата-анам­­ды көрмегенім ауыр соқ­қы бол­ды. Сондықтан 2018 жылы елге оралуға шешім қабылдадым, – деді Валерий Налобин.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ