Лагердің тиді пайдасы
Лагердің  тиді пайдасы
401
оқылды

Алматыдағы «Тау Тұран» жазғы лагерінде «Шеврон» компаниясының қолдауымен «Білім – Орта Азия» білім беру орталығымен бірлесе қолға алынған «Болашақ – менің таңдауым!» атты жоба аясындағы оқушылардың бірегей ауысымының жабылу салтанаты өтті.

Еліміздің әр түкпірінен келген талантты, дарынды балалар он күн бойы тау баурайындағы әсем өлкеде демалып, сонымен қатар өздерінің мүмкіндіктерін де бағамдай алды. Оларға он күн бойы театр актері, режиссер, фотограф, дизайнер сияқты түрлі мамандық өкілдері дәріс оқып, шеберліктерін шыңдаған, құлшы­ныс­тарын оятқан. Осылайша, қысқа уақыт ішінде балалардың бойында көшбас­шылық қасиеттерді қалыптастыру мақсаты алға қойылған.

Лагерде балалар коммуникативтік дағдыларға, кәсіби бағыт беру кезде­сулеріне және салауатты өмір салтын насихаттауға, соның ішінде психоло­гия­лық денсаулық пен дұрыс тамақ­та­нуға ерекше назар аударатын, қазір еш­бір мектепте және гимназияда оқы­тылмайтын, бірақ уақыт талабына сай келетін, көшбасшылықты, эмоциялық интеллекті дамытатын пәндерді оқыған. «Білім – Орта Азия» білім беру орта­лығының басшысы Лариса Горбу­но­ваның айтуынша, олар оқушылардың жан дүниесі мен сыртқы әлемдегі үрдістерді байланыстыруға тырысқан.

– Биыл лагерьде біз ішкі жан дү­ниені тануға, шығармашылық әлеуетті дамыту резервтерін ашуға, құрбы-құр­дастармен қарым-қатынас құру дағ­ды­ларын жақсартуға баса назар аудардық. Бұл мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беруде өте маңызды. Тиімді оқыту қағи­дасын біз бірнеше жыл бойы іске асы­рып келеміз және ол «тең – теңіне» болып өзгеріссіз қала бермек, – дейді «Бі­лім – Орта Азия» білім беру орталы­ғының басшысы Лариса Горбунова.

Алматылық жасөспірім Абай Жол­дас­бек осы лагерге келіп, білімді игеруге қатысты көптеген машықтарды үй­рендім дейді.

– Өзім Алматы қаласының тұрғы­нымын. Лагерь маған өте қатты ұнады. Мұнда өте көп нәрсені көріп, көзім ашыл­ды десе де болғандай. Осында келгелі командамен жұмыс істеуді үй­рен­дім. Өзгелердің пікіріне құлақ асу, бірлесіп шешім қабылдау, қандай да бір тактикалық шешімдер қабылдау деген дүниелер де мен үшін жаңа белес болды. Негізі жыл сайын лагерге өзімнің жан до­сым­мен келетін едім. Бірақ ол биыл отба­сылық жағдайына байланысты ке­ле алған жоқ. Дегенмен осында келіп жаңа таныстар, жаңа достар тапқаным анық. Соның бірі – Жасдәурен. Дос­тығымыз кең өрістейді деп сенемін, – дейді Абай.

Ауысым бағдарламасының «оқудан тыс» бөлігі өте қызықты және танымды сабақтардан тұрды. Кез келген лагерь үшін дәстүрлі болған ойындармен, үйірмелермен, спорттық жарыстармен қатар жасөспірімдер сценарий жазуды, өз спектакльдерін қоюды үйренді, арт-жобаларды құру негіздерімен танысты, ойын және театр техникаларын үйренді.

Ал балаларға бар ықыласымен өнер мен тәрбие үйретіп жүрген жетекші Эмиль Вядкин «Тау Тұранда» осымен үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп жатыр екен. Балалармен жұмыс істеудің өзіндік ләззаты бар дейді ол.

– Мені мұнда осы лагердің дирек­торы шақырды. Алғашқы жыл әрине қиын болды. Балалармен қарым-қа­тынас қалай өрбиді екен деген алаң­даудың болғаны рас. Дегенмен ондай проблема туындаған жоқ. Бір-бірімізді тез түсінісіп кеттік, – дейді Эмиль.

Қатысушылар командалары таң­даған өздері үшін маңызды тақырыпта «Бәрі қолыңнан келеді, ең бастысы соны қалау!» деген ұранмен бейне­баяндар ойластырып түсіру мүмкіндігіне ие болды. Бейнебаяндар ауысымның жабылу салтанатында көрсетілді. Со­нымен қатар адами және табиғи ре­­­­сурстарды күтудің маңызы туралы театр қойылымы да ерекше әсер берді.

Еске салсақ, Білім беру орталығының негізі 1995 жылы қаланған. 2004 жылдан бастап Орталық «Білім – Орта Азия» білім беру орталығы қазақстандық үкі­меттік емес ұйым ретінде жұмыс істейді, оның миссиясы Орта Азияны халықа­ралық білім беру кеңістігіне біріктіретін реформаларды таныстыру және қолдау.


Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ