Отандық шоколад – әлемдік бренд
Отандық шоколад –  әлемдік бренд
548
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласында бие сүтінен жасалған диеталық шоколадтың дәмін тату семинары өтті. Семинардың мақсаты – халықты Ulytau диеталық шоколадымен таныстыру.

Елбасының 100 нақты қадам жоспары бойынша 64-қадам – өндіріске инно­ва­циялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржы­ландыру. Соның аясында «Ғылым және ғылыми техникалық қызмет нәтиже­ле­рін коммерция­ландыру туралы» заң қабыл­данып, ғылыми гранттар мен бағдар­ламалар мемлекеттің қажеттілігіне орай қайта бағытталған еді. Аталған жоба бойын­ша үш конкурс өткізіліп, 171 жоба байқаудан өтті. Соның 153 жобасы қаржы­лан­­ды­рыл­ды. Солардың бірі – «Бие сүті негізін­дегі арнайы емдік тамақтануға арналған шоко­лад­ты өңдеп шығару» жобасы.

– Бұл жоба академик Т.Шармановтың ғылыми зерттеуінің нәтижесінде туындаған. Алғашында 1-2 келі мөлшерде шоколад өнімі шығарылған. Қаржыландырған соң, тәулігіне 50 келіге дейін шоколад өндірілетін болды. Басқа шоколадтардың құрамында пальма майы секілді түрлі қоспалар бар. Ал бұл жобаның ерекшелігі – шоколадтың таза биенің сүтінен өндірілуі. Шетелде осындай өнімді Golden product, Original деп атайды. Құрамында қант болмағандықтан, оны қант диабетіне шалдыққан адамдарға да жеуге болады. Биенің сүті көктем кезінде мол. Сондықтан қазір сүтке сублимация жасап, яғни ұнтаққа айналдыру арқылы жыл бойы пайдалануға мүмкіндік бар. Кешегі төтенше жағдайға Арыс тұрғындарына арнап, осы шоколадты көмек ретінде жіберейін деп жатырмыз, – деді семинар модераторы, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин.

«Қазақ тағамтану академиясы» ҚБ ЖШС вице президенті Юрий Синявский шоколад құрамында қазақтың ұлттық сусыны – бие сүті қолданылатынын айтты. «Біріншіден, басқа төрт түлік малдың сүті­мен салыстырған­да, бие тұрақты ақуыздың көзі болып есепте­леді. Бұл, ең алдымен, иммунитеттің жоғары болуына септігін тигізеді. Екіншіден, лактоза­ның жоға­ры пайызы глюкоза, саха­ро­заға қара­ған­да қуатты сақтап, сергектікті артты­рады. Оған қоса, холесте­рин­нің аз мөлшерде болуы, жүрек ауруларынан қорғай­ды» деді ол.

Бүгінде шоколадтың 9 түрлі дәмі бар. Олар: фукойл қосылған, мейіз бен стевия, жержаңғақ пен стевия, ресвератрол, пектин, линчжи және шиитаке саңырауқұлақтары­мен, лакто-бифидобактериялар, дәруменді-минералдық премикс қосылған. Қанттың болмағанына қарамастан, дәмдік қасиеттері мен жоғары биологиялық құндылығы –   шоко­ладтың жаппай тұтынылуына тағы бір себеп. Шоколадты өнім – семіздікке, атеросклероз­ға, жүрек-қантамыр ауырула­ры­­на шалдыққан адамдарға ем.

Шара барысында шоколадқа дегустация жасалып, семинар қонақтары өз бағасын берді.

 

Еркежан СОЦИАЛОВА