Талдықорғандағы кәсіпкерлер палатасында жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай, «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі ұйымдастырылып, оның өңірлік кезеңіне 50-ден астам отандық тауар өндіруші қатысты. Көрмеде Жетісу жерінде өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызмет түрлері көпшілік назарына ұсынылды. Биылғы көрменің басты ерекшелігі –жаңадан ашылған кәсіпорындар мен жас кәсіпкерлердің көптеп қатысуы.
«Жыл сайын байқау көрменің танымалдылығы артып, аясы барынша кеңейіп келеді. «Қазақстанның үздік тауары» байқауында жеткен жеңісті кәсіпорындар шығаратын өнімдердің сапасына берілген жоғары баға әрі серіктестерге арналған «сенім карточкасы» деп карауына болады. Сонымен бірге, кез келген ұжым үшін үлкен мақтаныш. Биылғы көрмеге қатысқандар арасында жаңадан құрылған кәсіпорындардың көп болуы өңірде бизнестің қарқынды дамуы мен кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылғанын аңғартады», – дейді Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Әсет Шаяхметов.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов кәсіпорын павильондарын аралап, компаниялардың байқауға дайындығына жоғары баға беріп, ұсынылған өнім түрлерінің сапасын айрықша атап өтті. Көрмеде кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, жиһаз бен қағаз өндірісі, құрылыс, фармацевтика мен басқа да салалардағы тауарлар мен қызмет түрлерін паш етті.
Үздік кәсіпорындар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» сынды төрт аталым бойынша анықталды:
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша 1-орынды «КПК ZETA» ЖШС, 2-орынды NOVUS POLYMER ЖШС, 3-орынды ISKER COMPANY ЖШС иеленді.
«Үздік азық-түлік тауарлар» аталымында 1-орын «Когер ЛТД» ЖШС-ға, 2-орын «Молдасанова Этно-ресторан Асқар-Тау» жеке кәсіпкерлігіне, 3-орын «Первомайские деликатесы» ЖШС-ға берілді.
«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында «Интеллсервис» ЖШС 1-орын иегері атанса, 2 және 3-орындарды «Адили Текстиль» ЖШС мен Аксель және А ЖШС иеленді.
«Хакимова» жеке кәсіпкерлігі «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша үздік болып танылды. Мұндағы екінші орын Alakol Resort жеке кәсіпкерлігіне, үшінші орын TUMAR көпсалалы клининг компаниясына бұйырды.
Жеңімпаздар байқаудың республикалық кезеңіне қатысуға жолдама алды және оларға арнайы диплом, ақшалай сертификат тапсырылды.
Өңір басшысы кәсіпкерлерге облыс экономикасына қосқан қомақты үлестері үшін алғыс білдіріп, мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға, жобаларын индустриалды аймақтарда іске асыруға шақырды.