Елдің өркендеуіне журналистердің қосқан үлесі мол
Елдің өркендеуіне журналистердің қосқан үлесі мол
396
оқылды

«Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» журналистер қауымы жыл сайын маусым айының соңғы аптасында кәсіби мерекеcін тойлайды. Ал биыл бұл мерекенің салмағы арта түсті. Себебі, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні болып бекітілді.

Осыған орай, бүгін Nur Otan партиясының Орталық аппара­тында партия Төрағасының Бірінші орын­басары Мәулен Әшімбаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде кез келген елдің өсіп-өркен­деуін­дегі ақпараттың алар орны мен журналистерге жүк­телер жауап­кершіліктің салма­ғына тоқ­талды.

– «Айқын» мен «Литер» газеттерінің форматы өзгеріп, бұрынғыдан да ықшамдала түсіп, оқырманның сүйікті басылы­мына, ал Astana TV елі­міз­дегі өзін-өзі қаржыланды­ра­тын беделі зор ақпарат құралдарының біріне айналды. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз аз емес. Бұл – бірінші кезекте Nur Media басшылығы мен журналистері еңбегінің нәтижесі. Біз сіздердің еңбектеріңізді бағалаймыз, көр­сеткен қолдауларыңызды се­зі­не­міз. Сайлау науқаны бары­сында штаб жұмысына белсене атса­лыстыңыздар. Біздің хол­дин­гімізде ісінің нағыз майтал­мандары жұмыс істейді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Партиялық БАҚ жұмысын еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жоғары баға­лады. 26 маусымда Мемлекет бас­­шысы Astana TV-ның ре­дакторы Жайна Жақсылықованы Қазақстан Президентінің сый­лығымен, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіпті және «Литер» газеті бас редакторының орынбасары Жанна Ойшыбае­ваны алғысхатпен марапаттады.

Ал бүгін Партия Төрағасының Бірінші орынбасары журна­лис­терді кәсіби мерекемен құттық­тап, партия мен бұқаралық ақ­парат құралдары арасындағы байланыстың нығаюына сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді. Қа­зіргі таңда кез келген елдің дамуы мен ілгері жылжуында ақпарат­тың алар орны ерекше. Сол се­бепті, журналистер қауымына жүктеліп отырған міндеттің маңы­зы зор. Отандық журналис­ти­каның өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан білікті мамандардың елдік мүдде жолындағы еселі еңбегіне тоқ­талды. Кәсіби мерекемен құт­тықтап, қажымас қайрат және сарқылмас шабыт тіледі.

Nur Otan партиясы Төра­ғасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ақпарат са­ласының ыстығы мен суығына төзіп, кәсіби біліктілігімен көзге түскен «Айқын» газетінің жур­налистері: Жадыра Аққайыр, Майра Жанысбай, Абылайхан Жұмашевты және «Литер» газетінің тілшілері: Миргүл Жылқышинова, Талғат Исенов, Всеволод Хванды және Astana TV-ның журналистері: Гүлбарам Мендеева, Торғын Оспанбаева, Әлішер Өмірзақты, сондай-ақ NUR Media холдингі бас ди­ректорының орынбасары Әзизхан Әбілдиновті алғысхат­пен марапаттады.