Жетісулықтар көмектесуде
Жетісулықтар көмектесуде
279
оқылды

Бейбіт күнде ел-жұрттың берекесін алып, әбігерге салған Арыстағы қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан кейінгі қала қалпына келтірілуде.

Зардап шеккендерге көмек көрсе­тілуде. Алматы облысы тұрғындары да алыстағы ағайынның басына түс­кен ауыртпалықты аздап болса
де жеңіл­дету мақсатында «Жетісу өңірі – Арыспен бірге» атты акцияны ұйым­дастыруда. Осынау сауапты әрі шарапатты шараға атсалысқан халық­тың күшімен жиналған азық-түлік, киім-кешек, көрпе жастық, тазалық заттары мен құрылыс материалдары тиелген он ауыр жүк көлігінен тұратын бірінші қайырымдылық керуені Жамбыл ауданы аумағы арқылы оңтүстікке апаратын күрежолмен Арысқа аттанып кетті.

Ұзынағаш ауылы маңынан өтетін күрежол бойына топтасып, алды-арттарын жинап, алдағы сапарды бір пысықтап алған автокеруенді Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев бастаған бір топ азамат сәт-сапар тілеп, шығарып салды. Елден жиналған гуманитарлық көмектің ішінде 60 миллион теңгенің тауары, азық-түлік, сусындар, тағы басқа күнделікті тұрмысқа бірінші кезекте қажетті заттар бар. Нақтырақ айтқан­да, 15 тонна ұн, 7 тонна қант, кеспе, кү­­ріш, балалар мен ересектерге арнал­ған киім-кешектер, құрылыс мате­риал­­да­ры тиелген. Қайырымдылық кө­мекке облыстағы жиырмаға тарта ірі компания атсалысқан. Сонымен қатар қарапайым азаматтардың да қомақты үлесі бар.

– Партия бастамасымен қолға алынған шарапатты шараға бүкіл Жетісу жұртшылығы атсалысуда. Қазір облыс бойынша 23 көмек орта­лығы ашылып, жұмыс істеп, Арыс тұр­ғындарына көмек ретінде әкелін­ген заттар қабылдануда. Бұл – бірінші автокеруен. Алдағы кезде мұндай сауапты сапар жалғасады. Бюджеттік мекемелер мен кәсіпкерлер, жеке ұйым­дар, азаматтар, үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам институт­тары кешелі бері біркүндік жалақыла­рын көмек қорына аударуда. Облыста арыстық 150 баланы қабылдауға жаз­ғы демалыс лагері бүгін келем десе де дайын тұр. Қолдан келгеннің бар­лығы істелуде. Сондықтан Арыс қала­сының халқын сабырға шақырамыз, – деді Ғ.Төлендіұлы.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы