Бейбіт күнде ел-жұрттың берекесін алып, әбігерге салған Арыстағы қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан кейінгі қала қалпына келтірілуде.
Зардап шеккендерге көмек көрсетілуде. Алматы облысы тұрғындары да алыстағы ағайынның басына түскен ауыртпалықты аздап болса
де жеңілдету мақсатында «Жетісу өңірі – Арыспен бірге» атты акцияны ұйымдастыруда. Осынау сауапты әрі шарапатты шараға атсалысқан халықтың күшімен жиналған азық-түлік, киім-кешек, көрпе жастық, тазалық заттары мен құрылыс материалдары тиелген он ауыр жүк көлігінен тұратын бірінші қайырымдылық керуені Жамбыл ауданы аумағы арқылы оңтүстікке апаратын күрежолмен Арысқа аттанып кетті.
Ұзынағаш ауылы маңынан өтетін күрежол бойына топтасып, алды-арттарын жинап, алдағы сапарды бір пысықтап алған автокеруенді Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев бастаған бір топ азамат сәт-сапар тілеп, шығарып салды. Елден жиналған гуманитарлық көмектің ішінде 60 миллион теңгенің тауары, азық-түлік, сусындар, тағы басқа күнделікті тұрмысқа бірінші кезекте қажетті заттар бар. Нақтырақ айтқанда, 15 тонна ұн, 7 тонна қант, кеспе, күріш, балалар мен ересектерге арналған киім-кешектер, құрылыс материалдары тиелген. Қайырымдылық көмекке облыстағы жиырмаға тарта ірі компания атсалысқан. Сонымен қатар қарапайым азаматтардың да қомақты үлесі бар.
– Партия бастамасымен қолға алынған шарапатты шараға бүкіл Жетісу жұртшылығы атсалысуда. Қазір облыс бойынша 23 көмек орталығы ашылып, жұмыс істеп, Арыс тұрғындарына көмек ретінде әкелінген заттар қабылдануда. Бұл – бірінші автокеруен. Алдағы кезде мұндай сауапты сапар жалғасады. Бюджеттік мекемелер мен кәсіпкерлер, жеке ұйымдар, азаматтар, үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам институттары кешелі бері біркүндік жалақыларын көмек қорына аударуда. Облыста арыстық 150 баланы қабылдауға жазғы демалыс лагері бүгін келем десе де дайын тұр. Қолдан келгеннің барлығы істелуде. Сондықтан Арыс қаласының халқын сабырға шақырамыз, – деді Ғ.Төлендіұлы.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы