Арыстағы жағдай елді есеңгіретті. Бір-біріне жаны ашу, қарайласу сезімі жұтаң қоғамды сілкіп алғандай. Жарылыс арқылы бүтін болу мен бірлікті ұмытпау керегін еске түсіргендей. Анаға арқа тосаған азамат пен әйелге босануға жәрдемдескен жігіт жүректі елжіретті. Сүйсініп жүргенде Арыстан тағы бір хабар жетті. Полиция қызметкерлері жарылысты естімей, үйде қалып қойған ақсақалды құтқарыпты.
2019 жылғы 26 маусым күні 14.30-дар шамасында Түркістан облысы Арыс қаласы полиция қызметіне жарылыс кезінде Майлықожа көшесіндегі №42 үйдің тұрғыны үйінде жалғыз өзі қалып қалғаны туралы хабарлама келіп түседі.
Қарияның 1940 жылы туған Пернебек Маханбетов екені, сондай-ақ ақсақалдың көзі көрмейтіні, құлағы естімейтіні, 1-топтағы мүгедек екені анықталады.
Хабарлама түсе салысымен, Арыс-1 стансасындағы Желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі А.Орманов, Арыс-2 стансасы ЖПБ бастығы, полиция майоры М.Мақұлбеков және Арыс-1 стансасы ЖПБ Әкімшілік полиция бөлімшесінің Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі Ювеналды полиция тобының полиция аға лейтенанты А.Тұрабеков көрсетілген мекенжайға барады. Үш күн бойғы жарылысты естімей, жатып қалған қарияны Арыс қаласынан тыс жерге алып шығып, дәрігерлер қолына табыстайды.
Бұл – тыңғылықты іздеудің нәтижесі. Қандай жағдай болмасын полиция қызметкерлері міндетін адал атқаруы керегінің көрінісі.
Айбике ЖАНАСЫЛ