Қырғыз бен өзбек: жер мен суға таласқан көршілер
Қырғыз бен өзбек: жер мен суға таласқан көршілер
433
оқылды
31 мамыр күні Қырғыз Республикасының Баткен облы­сына қарасты Чечме ауылы мен Өзбекстанға қа­рас­ты Чашма ауылы тұрғындарының арасында тас ату­ға ұласқан қақтығыс болды. Араздасқандарды тоқтатуға келген жер­гілікті билік өкілдері де жағдайды шеше алмаған. Өкінішке қарай, бұл қос көршінің шекара бойындағы ал­ғашқы жан­жалы емес. Бұған дейін сан рет жаға ұстасқан. Тіпті, оқ атуға дейін барған. Егер мұндай жағдайлар жиі қайталана берсе, кезіндегі Ош трагедиясы қайталанбай ма? Атауы ұқсас ауылдардың ара­сындағы қақтығыс судан бастал­ған. Жылдағыдай су көзін тазалап жатқан қос тарап бұ­лақтың кімге қарасты екеніне келісе алмаған. Көршінің біреуі судың иесі өзі екенін мәлімдеген. Дау осыдан басталады. Соңы тас атысуға ұла­са­ды. Екі жақтың да жергілікті билік өкілдері жан­жалды шешуге тырысқан. Бірақ «тас боран» тоқ­тамаған. Жарақат алғандар аз емес. Қырғыз тарапы 15 адам дәрігер кө­мегіне жүгінді десе, Өзбек­стандағы журналист Мирасрор Фаргони Чашма ауы­лында 146 кісі тастан таяқ жеге­нін жеткізді. Ал 1 маусым күні қос елдің прези­дент­тері Соорон­бай Жээнбеков пен Шавкат Мир­зиёев телефон ар­қылы сөй­лесіп, аталған жайтты талқы­лаған. Жалпы, бұған дейін де Қыр­ғыз Республикасы мен Өзбекстан азаматтары арасында бірнеше рет қақтығыс болды. Мысалы, биыл жыл басында қырғыз елінің Ала-Бөкен ауданы аумағында қырғыз азаматтары малын іздеп, көрші елмен шекаралас даулы аймаққа кіріп кеткен. Олардың алдынан Өзбекстан шекара­шылары шы­ғып, тосқауыл бол­ған. Сөзге кел­ген қос тарап ақы­ры төбелеседі. Шекарашылар ескерту ретінде ауаға оқ атады. Бастысы – адам шығыны бол­май, жанжал ше­шіледі, өзбек тарабы 520 бас қара малды қайтарады. Осыған ұқсас даулы жайттар қырғыз және тәжік елдерінің арасында да болды. Былтыр 18 желтоқсанда жалпы саны 180 адам қатысқан екі ауыл тұрғын­дары қақтығысып қалды. Әдет­тегідей, сөзден шыққан дау тас атысуға жалғасқан. Кикілжіңді сол жерге келген құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдері тоқ­татқан. Алайда ке­ліссөз барысында тәжік тарапы­нан оқ атылып, бір шекарашы жараланған. Осындай жайт былтыр 22 шілде күні Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан шекарасында болған. Алайда бұл жолы суық қару қол­данылып, көз жұмғандар тіркелді. Ерегіскендер тағы да тас атысқан. Жанжалдан 16 қырғыз және 10 тә­жік азаматы зардап шеккен деген мәлімет бар. Нақтырақ айтсақ, қырғыз елінің Баткен облысындағы Ақ-Сай ауылы мен Тәжікстанның Ворух анклавының шекарасында кикілжің шыққан. Қырғыз ше­карашыларының мәліме­тінше, Ворух тұрғындары ауылға кіре­берісте флагшток орнатқан кезде жанжал шыққан, соңында қару қолданылған. Шекар­а­шы­лар ауыл тұрғындары аңшы мылты­ғынан оқ атқан деп отыр. Ал Тәжікстан жағының мәлі­меті басқа. Олар жанжал бары­сында қырғыз ауылының азамат­тары оқ атты дейді. Тәжікстан ішкі істер министрлігінің ақпа­ратын­ша, тәжікстандық бір аза­мат қаза болып, тәжік мили­ция­сының под­полковнигі жаралан­ған. Зардап шеккен он адамның үшеуіне оқ тиген, жеті азамат тиген тастан жарақат алған. Қырғыз жағынан 15 адам жара­ланған, оның 12-сіне оқ тиген, үш адам тастан зардап шек­кен. Жараланғандар арасында ми­лиция қызметкері мен шека­рашы болған. Ал 23 шілде күні тағы да атыс болып, бір шекарашы жаралан­ды. Бірден Исфара – Ворух жолы жа­былды. Тәжік жағы Лейлек ауда­нына апаратын Исфана–Баткен жолындағы қозғалысты да тоқ­татты. Қырғыз еліне қарас­ты Бат­кен ауданындағы Ақ-Сай ауылы­нан 315 адам басқа жерге көшірілді. Яғни, сол кезде жағ­дай соншалық қатты ушығып кеткен еді. Жалпы, қос елдің арасындағы шекарада мұндай қақтығыстар жиі тіркеліп тұрады. Былтыр наурыз, маусым айларында да осындай оқыс оқиғалар болған. Оның өз себептері де бар: екі тараптың халқы су, жер, жайлау­ды бөлісе алмай қалады. Қантө­гіске дейін жеткен кездер де баршылық. Әлі анық шекара сызылмаған әрі дау­лы жер деп Тәжікстанның Бо­бод­жон-Га­фуров және Исфарин аудандары мен Қырғыз Респуб­ли­касының Лейлек және Баткен аудандары шектескен аумақ болып есеп­теледі. Екі ел арасындағы шека­раның жалпы ұзындығы – 970 шақырым, оның тек 519 шақы­рымы бойынша келісім жа­салған. Ферғана алқабындағы Ворух ауылы Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан арасындағы жан­жалға сонау 2014 жылы қаңтарда да себеп болған. Өйткені ауыл тәжік еліне қарасты, ал аумағы жағынан қыр­ғыз елінің құра­мында қалып қойған анклав секілді. Ал енді сол анклав қай жерде басталып, қай жерде аяқ­талатынын екі ел әлі анықта­маған. Енді Бішкек Ворух­ты ай­налып өтетін жол салмақ, бірақ Душанбе айналма жол тәжік жерін басып өтпек дейді. Осы себепті тәжік жағы қырғыз­дар жерімізді басып алмақ деп дау шығарады. Сол 2014 жылғы қақ­тығыста ауыр қару түрлері қол­данылып, қос тараптан да бірнеше шекарашы, милиционер жара­ланған еді. Көріп отырғандарыңыздай, Орталық Азия елдерінің ара­сындағы дау-жанжалдар жер мен суды бөле алмаудан туындап отыр. Неге бөле алмайды? Себебі мем­лекеттер тәуелсіздігін алға­нына 29 жыл толса да, мемле­кеттік шека­раның делими­та­циясы мен де­маркациясын толық жүргізбеген. Бұл талай жер, жота, бөктер, алқап, бұлақ, өзен сағасы кімге қарасты деген сұрақты бітпес дауға айналды­руда. Тіпті, бір кездері Өзбекстан мен Тәжікстан арасын­дағы саяси жағдай ушығып кет­кенде өзбек тарабы шекара бойын миналап, оған түскен талай жан жарылып, көз жұмған еді. Осы тұста өзінің барлық мем­лекеттік шекарасын шеген­деп, белгісін орнатқан Қазақ­станның тәжірибесін еске алған жөн шығар. Бұл өзімізді мақтап, құр көкірек соғу емес. Егер бізді қоршаған бес елмен шекарамыз анықталмағанда қазіргі жағдай не болар еді деген сауалды қойып көріңіз. Әрине, біз де бітпес даудың, талай құрбанның куәсі болар едік. Қанша көрші, ба­уырлас ел болса да, Ресей мен Украина арасында мемлекеттік шекара 2014 жылға дейін толық анықталмаған екен. Бұл сол жылғы Қырым аннексиясына, Донбаста сепаратистік соғыс бастауға жақсы себеп болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында мемле­кеттік шекараны шегендеп кет­кенін атап өткен жөн. Мәселен, Қытаймен шекараны бөлу жө­ніндегі алғашқы келісім тәуел­сіздік алғаннан кейін бар-жоғы 3 жылдан соң жасалды, яғни 1994 жылы. Егер ортақ шекара 1 783 шақырым екенін ескерсек, бұл сол кездегі жас мемлекет үшін ауыз толтырарлық жетістік еді. Ал демаркация жұмысын жүргізу туралы келісім 2002 жылы жа­салып, бәрі шегеленді. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемде құрлықта созылып жат­қан ең ұзын шекара, 7 548 ша­қырым. 2005 жылы Н.Назарбаев пен В.Путин шекара туралы келісімге қол қойды. Кейін 2009 жылы осы құжат негізінде шекараны айшық­тау белгілері орнатыла бастады. Орталық Азия елдерімен де ұзақ та болса жер бөлісу процесі аяқталды. Қырғыз елімен алғаш­қы құжат 2001 жылы жасалса, 2017 жы­лы нүктесі қойылды. Ал Өзбек­станмен халық қалың ор­наласқан аймақтарды екіге бөлу­ге тура келсе де, негізгі мақсатқа 2003 жылы-ақ қол жеткізілді. Түркіменстанмен шекара туралы алғашқы құжат 2001 жылы жа­салды, ал 2017 жылы демаркация туралы келісімге қол жеткізілді. Тіпті, 27 жылдай бес елдің бас ау­руына айналған Кас­пий теңі­зінің мәртебесі, шекарасы да 2018 жылы анықталып, бекітілді. Мұны ешбір пафоссыз тарихи жетістік деуге болады. Неге? Себе­бі келесі ұрпақтарға жер дауы мұра болып қалған жоқ. Шекарасын жылдар бойы анықтай алмай келе жатқан Қы­тай мен Үндістан, Үн­діс­тан мен Пәкістан, Израиль мен Палес­тина, Сирия мен Израиль ара­сын­дағы дауға куәміз. Қазақ­стан басшылығы шекараны дер ке­зінде шегендеп, осындай пәле­кетті болашаққа қалдырған жоқ.  

 width=Нұрмұхамед БАЙҒАРА