Заңды тұлғаларды тіркеу қызметі Азаматтарға арналған үкіметке берілді

Заңды тұлғаларды тіркеу қызметі Азаматтарға арналған үкіметке берілді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құзырына заңды тұлғаларды тіркеу функциясы өтті. Бұдан бұрын халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қабылданған құжаттар өңдеу үшін Әділет министрлігіне жіберілетін. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әсемгүл Балташева facebook-тегі парақшасында мәлімдеді.

«Енді біз заңды тұлғалардың құжаттарын қабылдап  қоймай, өңдеп, мемлекеттік тіркеуге қоямыз. Бұл қызметті атқару үшін Әділет министрлігінің аймақтық бөлімшелерінен 98 қызметкер бізге ауысты, оған қоса, біз 197 қызметкерімізді оқытудан өткіздік» делінген хабарламада.


Жаңа енген өзгерістерге сәйкес заңды тұлғаларды, атап айтқанда акционерлік қоғамдарды, мемлекеттік кәсіпорындарды, барлық коммерциялық ұйымдарды мемлекеттік қайта тіркеу, тарату, филиалдар мен өкілдіктерді есептік (қайта тіркеу) тіркеу қызметтері, құжаттардың қолданыстағы заңнамаға сәйкестігі туралы құқықтық сараптаманы мемлекеттік корпорация қызметкерлері жүргізеді. 


Мемлекеттік корпорацияның мамандандырылған ХҚО-лар  қызметіне де өзгерістер енді. Яғни, 1 шілдеден бастап ондағы ІІМ қызметкерлерін Азаматтарға арналған үкіметтің мамандары алмастырады. Көлікті тіркеуге қою/алу, жүргізуші куәлігіне өтініштерді  корпорация мамандары қабылдайды, онда жүргізілетін емтихандарды да автоЦОН қызметкерлері өткізеді. Өз кезегінде, барлық қабылданған өтініштер ІІМ-нің арнайы құрылған бэк-офистеріне өңдеу үшін онлайн түрде жіберіліп отырады. Бұл осы саладағы жемқорлық әрекетін тиып, мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі жылдам көрсетілуіне әсер етуі тиіс. 


«Бұл ауқымды өзгерістер мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне оң ықпал етуі тиіс. Корпорациямыздың құзырына өткен міндеттердің өсуі – бізге деген сенімнің артқаны деп білемін», – деп атап өтті өз парақшасында Әсемгүл Балташева.     

Тұмар МЫРЗА