Туыс мемлекеттер төл мәдениетімізді дәріптеді
Туыс мемлекеттер төл мәдениетімізді дәріптеді
Фото: Интернеттен алынды
5,263
оқылды
«Білім. Ғылым. Бауырластық» атты түркі тілдес мемлекеттері жоғары оқу орындарының ынтымақтастығына арналған сұхбат-концерт өтті. Онлайн форматтағы шараға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Түркияның Нигде Өмер Халисдемир университеті және Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің қызметкерлері мен өнерпаздары қатысты. Алғаш болып сөз алған Қыздар университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Қымбат Балажанова елімізде жариялаған карантин жағдайында қашықтан оқыту барысы туралы ақпарат беріп, осы орайда атқарылған жұмыстар жайында кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар ол академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде түркі тілдес мемлекеттерде білім алу мүмкіндіктерін айтты. Сондай-ақ онлайн жиында Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Педагогика факультетінің деканы, «Мұғалім» ғылыми-педагогикалық журналының бас редакторы Рахат Сулайманова мен Нигде Өмер Халисдемир университетінің Еуразия зерттеулері бөлімінің басшысы Тургай Дүйен өз оқу орындары туралы толыққанды мәлімет берді. Тікелей эфир барысында шетелдік ғалымдар түркі бірлігін дамыту орайында қолға алынып жатқан бастамалар мен білім және ғылым саласында түбі бір туыстас мемлекеттер арасындағы байланыстарды арттыру бағытында қолға алынған шаралар жайында да айтты. Үш сағатқа созылған шара барысында аталған жоғары оқу орындарының өнер ұжымдары ұлттық музыкалық туындыларды орындап, төл мәдениетімізді дәріптеді. Айта кетейік, Қыздар университетінің You Tube желісіндегі ресми арнасында өткен шараның көздегені – түбі бір туысқан мемлекеттердің білім, ғылым және мәдени ынтымақтастығының дамуын арттыру, талантты жастарға қолдау көрсету. Аталған білім ордаларының қатысуымен жыл сайын Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өтіп келеді. Әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау – 2014 жылдан бастау  алған дәстүрлі жиынның басты мақсаты.