Жаз мезгілі тек балалардың демалып шаттыққа бөленетін мезгілі ғана емес, сонымен қатар той уақытының да жиілейтін кезі. Алысты жақындатқан қуаныштың бірі жақында елордамызда өткен үйлену салтанаты болатын. Киіз үй құрып, құдаларды күткендер келінді шырайлы Шымкенттен түсірген еді. Осы тойда бір қызық болды, шыжық десе де болады...
Қызды-қыздымен келін түсіріп отырған құдағи «Мен келін түсіп, иіліп сәлем бергенде қосыла сәлем беріппін» деп бәрін бір күлдіріп алды. Тек құда жақтан келген жігіт ағасы «Не дейді? Келінге сәлем салғаны несі?» деп айтып қалды!
Бұл біздің қазақ халқының жылдар бойындағы құндылықтарын құнттамауымызды ғана емес, ұлтсызданып кете жаздағанымызды білдіреді. Әйтпесе, осы сәлем салуды солтүстіктегілер білмеді дейсің бе?
Әрине, дала заңы бойынша ата-бабаларымыз әдет-ғұрып, салт-дәстүрді сақтап келді. Этнограф Досымбек Қатран сәлем салу ықылым заманнан бері келе жатқан салт екенін айтады. Туыстық қатынастардың күрделенгеніне байланысты әулеттегі жарасымды сыйластықтың жібін үзбеу үшін қалыптасқан дүние дейді.
«Қазақ қоғамында әйел затына қатысты ырым-тыйым, шектеу өте көп. Себебі, әйел – өмірге ұрпақ әкелетін, оны өсіріп, тәрбиелейтін бірден-бір адам. Сондықтан оның дені сау, көрегенді, тәрбиелі болуы керек. Отбасының кіші ұл-қыздары үйдегі шаруашылықтың бел ортасында жүрген келінге қарап бой түзеп, соған қарап өсетін болған. Ұрпақ өсіретін бірден-бір адам әйел болғандықтан, ырым-шектеу де көбейе түскен», – дейді этнограф.
Қазақ келіні тек ата-енесіне, қайын жұртына ғана иіліп сәлем салмайды, алыстан ат терлетіп келген ағайындарына да құрмет көрсетеді.
«Жалпы, келінге жүктелетін міндет көп қой. Солардың бірі – өзі түскен шаңырақта, өзі жүрген ортада жақсы аура қалыптастыру. Неге дейсіз ғой. Келіннің сәлем салуы – сыйластық ортаны қалыптастыратын, өзгелердің субординация сияқты дүниелерді қатаң сақтауына, өзін дұрыс ұстауына жетелейтін керемет бір этикалық мәні бар ереже, тәртіп ретінде орныққан дүние», – деп санайды Досымбек Қатран.
Сәлем салу жай ғана иіле салу емес, оның ар жағында үлкен тәрбие, сыйластық жатыр. Сәлем салған келінге үлкендер де «өркенің өссін», «бақытты бол», «көп жаса» деп жауап қайтарып, ризашылығын білдіріп жатады.
Негізінде, сәлем салғаннан ешкім қорланып, кем болып қалмайды. Керісінше, бұл отбасындағы сыйластыққа жол ашып, оны одан ары күшейте түсетін үрдіс. Сонымен бірге, сәлем салуды ширк дегісі келетіндер де бар. Бұл туралы журналист Өмірзақ Ақжігіт: «Қазақтың исламға дейін қалыптасқан тағылымға толы осынау керемет салтын көнердіге санап, күресінге лақтырып жібергісі келетіндер де бар. Ал негізі «Алла Тағала Адам атаның қабырғасынан Хауа ананы жаратқан соң, «міне, сенің өмірлік серігің» деп таныстырғанда оның басына ақ жаулық салып көрсеткен екен, Хауа ана Адам атаға иіліп сәлем салыпты» деп жазады «Салт-дәстүр сөйлейді». Біреулері мұны оның мән-мазмұнын білмегендіктен, алдыңғы буын айтпағандықтан, дәстүр тамыры үзіле бастағандықтан істесе, екіншілері әсіредіншілдікке ұрынады», – дейді.
Міне, сәлем салудың үлкен тәрбиелік мәні бар екенін көріп отырмыз. Қазақ халқы осы ұлттық құндылықтар арқылы өткенді өшірмей, қайта болашақта осы салт-дәстүрімізді жаңғырта түсуі керек. Бұл бір сәлем салуда ғана емес, осындай тойда орын алатын «құдалық», «есік ашар», «төркіндеу» және басқа жоралғыларды бірізділікке салып отырсақ құба-құп.
Қазақтың ұлттық құндылығы туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Осындай кезде әркім білгенін емес, ата-бабамыздан қалған мирас, ғасырлар бойы мұра болып келе жатқан салт-дәстүрді орнымен пайдаланып, қолданса дегіміз келеді! Өйтпесек, ұят болады!