Күй күмбірлеп, жыр әуеледі
Күй күмбірлеп, жыр әуеледі
484
оқылды

Сенбі-жексенбі күндері Тараз төрінде Ұлттық домбыра күнін ұлықтау мақсатында Жамбыл облысы әкімінің қол­дауы­мен, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құ­жаттама басқармасы мен Кенен Әзірбаев атындағы Жам­­был облыстық филармониясының ұйымдастыруымен «Көне Тараз күмбірі» І республикалық этно-фольклорлық ансамбльдер байқауы өтті. Шара Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларын ілгерілету және мән-мағынасы терең, рухани-тәрбиелік маңызы жоғары, қалың көпшілік сүйіп тыңдайтын дәстүрлі музыка өнерін насихаттауды мақсат етті.

Сондай-ақ Жамбыл облысы­ның 80 жылдығы аясында аймақ­та ұмыт болып бара жатқан баба­лар мұрасын қайта жаңғырту, өңірімізден шыққан композитор­лар­дың туындыларын насихаттау, этно-фольклорлық ұжым­­дардың шығармашылық қа­рым-қатына­сын қалыптастырып тәжі­рибе алмасуды мұрат еткен бай­қауға еліміздің түкпір-түкпірінен 16 ансамбль қатысты. Бүгінде ежел­гі Тараз киелі Әулиеата же­рін­де туған еліне күмбір күйлерін тарту еткен Ықы­лас Дүкенұлы, Кенен Әзірбаев, Әбдімомын Желдібаев, Садыхан Әубәкіров, Мәди Шаутиев, Байсер­ке Қылыш­­ұлы, Тұраш Әбуов, Алтын­­бек Қораз­баев, Боранқұл Қош­мағанбе­тов, Аман Малды­баев, Мұқтарбай Рахманқұлов, Ержан Рысметов, Талғат Орын­таев, Асыл Жыңғыл­баев, Өмір­ғали Ертуған, Олжас Байбек және басқа да талант иелерінің мол мұрасы ұлтымыз­дың құн­дылы­ғына айналып отыр. Бай­қау­дың алдында ұйымдасты­рыл­­ған баспасөз конференция­сында Қазақстанның ең­бек сіңірген қай­раткері, Қазақ ұлт­тық өнер уни­верситетінің про­фес­соры Дәурен Ғылымов, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің Қор­қыт ата атын­дағы ғылыми-зерттеу инс­титутының қызметкері, Қазақ­станның ең­бек сіңірген қайрат­кері, қобызшы, ком­позитор Әлқуат Қазақбаев,  күй­ші, компо­зитор, Қазақстанның еңбек сі­ңір­­ген қайраткері Ермұрат Үсе­нов,  күйші-композитор, Қазақ­станның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбді­момын Желдібаев мәдени шара­ның маз­мұнын тарқа­тып, БАҚ өкілдері­­нің сауал­дарына жауап берді. Конкурстың салтанатты ашылуы театрлан­ды­рыл­ған қойылыммен басталады. Қойылымда Ықылас, Жамбыл, Кенен және Нұрғиса баба­лары­мыз­дың образдары сом­далады. Сонымен қатар «Тараздан тарту» атты би компози­циясы ұсыныла­ды. Жалпы, мұның алдын­да кон­курс­тың бірінші кезеңін­де бай­қауға қатысқан ұжымдар Жам­былдан шыққан ком­по­зиторлар­дың немесе көне Тараз­дың тари­хын сипаттайтын бір туын­ды­дан орындаса, ал екінші кезеңде Жетісу өлкесінің шығарма­ларын орындап іріктеу кезеңіне шық­қан болатын. Сөйтіп, байқауға қаты­сушылар гала-концерттің ал­дын­да Ұлттық домбыра күніне арнал­ған «Дом­быра – халық мұрасы» атты домбыра party-ге қатысты. Кон­курс­тың марапаттау рәсімін­де Жамбыл облысы әкімінің орын­басары Сұлушаш Сәтбек­қы­зы алғысөз алып, жеңімпаздарды құт­­тық­тап, марапаттарын табыс­та­­ды. Соны­мен, қазылар алқасы­ның ше­ші­­мі­мен бас жүлде, лау­реат белгісі және 700 000 теңге­­нің сертификаты «Сазген» фольклор­лы-этнография­лық ансамбліне (Алматы облысы) табысталды.
І орын, лауреат белгісі және 500 000 теңг­енің сертификаты­на «Қор­қыт» дәстүр­лі саз тобы (Нұр-Сұлтан) ие болды. Көкшетаудан келген «Айнакөл» фольклорлық ансам­блі ІІ орын, лауреат белгісі және 300 000 теңгенің сертифика­тын иеленді. «Тұмар» фольклор­лық ансамблі (Шымкент) ІІІ орын, лауреат белгісі және 200 000 теңгенің сертификат иеге­рі атанса, «Оқжет­пес» фольк­лор­лық ансамблі (Ақмола облысы), «Тараз ғасыр» фольк­лор­лық ансамблі (Тараз) дипло­мант атанып, олардың әрқайсысына 100 000 теңге қаржылай сыйақы берілді. Сондай-ақ байқауда Ықылас Дүкен­ұлы атындағы жүлде «Жігер» этникалық тобы (Қызылорда облыс­ы), Жамбыл Жабаев атын­дағы жүлде «Сұлу саз» халықтық ән-би ансамблі (Шығыс Қазақстан облысы), Кенен Әзірбаев атында­ғы жүл­де «Алатау» фольклорлық ан­самблі (Жамбыл),  Әбдімомын Желді­баев атындағы жүлде «Әсем әуен» фольклорлық ан­самб­лі (Шу ауданы), Садыхан Әубәкіров атын­дағы жүлде «Шолпан» халық­тық ән-би ан­самб­лі (Байзақ ауданы), Алтын­бек Қоразбаев атындағы «Меркі әуендері» халықтық ән-би ансамблі (Меркі ауданы), «Үздік шығарма» «Қазақ елі» ансамблі (Тараз) «Көне Тараз күмбірі» арнайы жүлдесі «Сары­арқа» халық музыка ансамблі (Нұр-Сұлтан), «Жамбыл облысы әкім­ді­гінің мәдениет, архив­тер және құжаттама басқарма­сы­­ның» ар­найы жүлдесі, «Жәдігер» этно­графиялық ансамблі (Атырау), «Кенен Әзірбаев атындағы Жам­был облыстық филармония­сы­ның» арнайы жүлдесі: «Адыр­на» фольк­лор­лы-этнографиялық ан­сам­бліне (Алматы облысы) беріл­ді.

 

Жамбыл облысы