Қордан алған қор болмайды
Қордан алған  қор болмайды
374
оқылды

Кәсібін ашамын деген адамға немесе өз шаруашылығын кеңейте түсуге талпынып отырған кәсіпкерлерге бүгінгі күні түрлі бағдарламалар нәтижелі көмек беруде. Бұл Елбасының бес бастамасының бірі – шағын және орта бизнеске дем беріп, жаңадан бизнес бастағандарға қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыруды қолдауының арқасында жеткен нәтижелі еңбектің жемісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Қазақстан азаматтарының өмірін жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік бастамаларды жариялаған болатын. Соның бірі кәсіпкерлер үшін қарызды кеңейту болды. Яғни, бұл бастама кезек күттірмес мәселелердің бірі болып отырғаны рас. Міне осыны алға тартқан Елбасы қазақстандықтарға берілетін шағын несиені 2017 жылмен салыс­тырғанда 20 млрд теңгеге ($ 62,4 млн) көбейтуге тапсырма берді. Ал оның жалпы сомасы жылына 62 млрд теңге болады деп шешілген болатын. Н.Назарбаев бұл шағын несие беру бағдарламасы нәтижесінде несие алып, ісін бас­тайтын азамат­тардың саны 2 есеге ар­тып, 14 000-ға же­теді деп айт­т­ы. Бұл баста­ма өз ісін бас­та­ғы­сы ке­ле­тін мың­­д­а­ған адам­­­­ға кө­мек бо­лады және ауылдық жер­лерде өз биз­­не­сін бас­тағысы келетіндер үшін өте маңызды деп атап өтті.

Бағдарлама түрткі болып кәсіпкерлерді қолдау мақ­сатында арнайы бағдар­ламалар түзіле бастады. Соның бірі 2018 жылы қолға алынған елімізде ауылдағы кәсіпкерлікті қол­дауға бағытталған «Еңбек» бағдарламасы аясында 27,2 миллиард теңге бөлінген еді. Яғни, ауылдағы ағайынның іс бас­тап, кәсіп ашуына мол мүм­кіндік туды. Оның үстіне былтыр «Сыбаға» бағдарламасы да қайта іске қосылды. Нәтижелі бағдарлама өз өтеуін беріп, биылғы жылы да Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Сыбаға» бағ­дарламасы бойынша несиелеу өтініш­терін қабылдауды жалғастырды. Жыл басында қор жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге 1,2 мың бас ірі қара мал мен 3,2 мың бас мал сатып алуға 42 несие берген.

Бағдарлама шарттарына сәйкес, несиелер асылтұқымды ірі қара мал басы мен ұсақ мүйізді мал басын сатып алуға, негізгі құралдарды сатып алуға және айналымдық қаражатты толық­тыруға беріледі. Яғни, малмен қатар фермерлер машина-трактор паркін жаңартып, қажетті жабдықтарды, мал азығын сатып алуға мүмкіндік алады. Бағ­дарлама нәтижесінде, бүгінгі күні қазақстандық шаруашылықтарға шет елдерден 9,3 мың бас ірі қара мал жет­кізілген. Мысалы, Батыс Қазақстан об­лысында орналасқан «Арғымақ» шаруа қожа­лығы Ресейдің Тамбов облысынан 60 симментал тұқымды сиыр сатып алса, бұған дейін бұл ша­руашылықта 100 жылқы және еділбай тұқымының 700-ге жуық қойы болған. Ал Ақмола облысындағы «Ел-Хан» шаруа қожа­лығы Бұланды ауданына 100 ангус сиырын әкелді. Олардың 60-ы, сондай-ақ жаңа «Беларус» маркалы тракторды сатып алу қор арқылы қаржылан­дырылды. Айта кету керек, бұл мал «Терра» ЖШС-дан сатып алынған. Аталған мал бордақылау алаңы АҚШ-тан американдық ангустарды әкеліп, олардан сапалы жас төл алған. Ша­руа­шылығын дөңгелеткен ұжым қазір асыл­тұ­қымды малды жергілікті шаруа­шылықтарға сатуда.

– Шетелде мал басын сатып алған шаруашы­лықтар мемлекеттен субсидия алады – әрбір сатып алынған мал басына 225 мың теңгеден, – дейді қор­дың департамент директоры Г.Бааль. Сонымен қатар мемлекет пайыздық мөлшерлемені жылдық 14-тен 4 пайызға дейін төмендетеді. Мемлекет тарапынан қолдаудың тағы бір тетігі – шаруа­шы­лықтарға бұқаларды бордақылау алаңы­на тапсырған кезде тірі салма­ғының әр килограммына 200 теңгеден субсидия төленеді. «Сыбаға» бағдар­ламасының тағы бір маңызды ерекшелігі – кепілдікке несие қаржы­сына сатып алынатын ірі қара мал алынады (ке­пілдік сома­сының 75%-на дейін). Бүгінгі таң­да қор «Сы­баға» бағ­дар­­ла­масы бойын­­ша өті­нім­­дерді қа­был­­­дауды жал­ғастырады. Не­сиелер 70 млн тең­геге дейінгі кө­лем­де бері­леді, мер­зімі – 15 жылға дейін, сый­ақы мөл­шер­лемесі – жылдық 4% (субси­дия­лауды есеп­­те­генде), жылдық тиім­­­ді сыйа­қы мөлшерлемесі – 4,1%-дан бастап.

– Бір ғана Солтүстік Қа­зақстан об­лысында жыл басынан бері Ауыл ша­руа­шылығын қаржылай қол­дау қоры­ның жергілікті филиалы жалпы сомасы 2 млрд теңгені құрайтын 348 жобаны мақұлдады. Соның ішінде «Игілік» бағ­дарламасы бойынша те­ріскейлік іскерлер тарапынан 311,4 млн теңгенің 116 жобасы қолға алынып отыр. Бұл қар­жы­ның белгілі бір мөлшеріне 22 190 құс сатып алынды, – дейді «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры» несие менеджері Абай Садыров.

Айта кетейік, «Игілік» бағдарламасы аясында Ақжар, Тайынша және Ти­мирязев аудандары­ның тұрғындары жиірек несие рәсімдеген. Қызылжар ауданының тұрғыны Жанат Ғаббасов «Игілік» бағдарламасы аясында 4 млн теңге несие рәсімдепті. Мемлекеттен ақшаны 6 пайыз мөл­шер­лемемен 5 жыл­ға алған. Ол қаржыны құс шаруашы­лығымен айналысуға бағыттапты. Бүгін мұнда қаздардың 10-ға жуық түрі бағылуда.

– Бірінші жылы 7 түрлі құстың 2 400 данасын сатып алдық. Былтыр 4 түрін тағы тапсырыспен алдырттық. Биыл мінекей қаздардың Линда деп аталатын түрінен 2 мың данасын әкел­дік. Олар­ды етке өсіріп жатырмыз, – дейді кәсіпкер мақ­танышпен. Ол қаз және үйрек өсірумен 2017 жылдан бері айналысып келеді. Бастапқыда қанаттыларды са­тып алуға қаржысы болма­ғандықтан, мем­лекеттің көмегіне сүйенген екен. Осы­лайша, «Игілік» бағдарламасы аясында жылдық 6 пайыз мөлшерле­месімен 4 млн теңгенің несиесін рә­сімдепті.

Қазір елімізде шағын және орта бизнесті қолдауға арналған 50 шара бар. Ең тиімдісі – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы. Оның аясында 2010 жылдан бері 457 млрд теңге бөлінген. Ақшаның 60 проценті бизнес иелеріне субсидия түрінде берілген.