Бірыңғай тұрғын үй саясаты қажет
Бірыңғай тұрғын үй саясаты қажет
384
оқылды

Бүгінге дейін баспанамен қамтуды көздеген түрлі бағдарлама жасалып, жұмыс істеп жатыр. Бір қарағанда, бағдарламалар­да баспанаға мұқтаж жан­дар­дың барлығы ескеріл­гендей көрінеді. Ал іс жүзінде баспанасы жоқтар өз үйім – өлең төсегім дейтін күнге жете алмай отыр. Елбасы 2018 жылғы Жолдауында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіштерін БҰҰ-ның стандарттарының – 2030 жылға дейін бір адамға 30 шаршы метр деңгейіне жеткізу мақсатын қойғаны белгілі. Бұл көрсеткішке қолданыстағы бағдарламалар арқылы жету мүмкін бе?

Қазақстан Тұң­ғыш Прези­денті – Елбасы қоры­ның жа­нындағы Әлемдік эконо­мика және саясат институтының дерегіне сүйенсек, соңғы 10 жыл­да тұрғын үймен қамтамасыз ету 30 пайызға өскен. Алдағы 12 жыл­д­а бұл көрсеткішті 40 пайызға арт­­тыру жоспарланған, яғни бас­панамен қамтуды жылына 3,3 па­йыздан өсіріп отыру көзделген. Бұл жерде өсіп келе жатқан демо­графиялық динамика есепке алын­ған: 2007-2017 жылдар ара­лығында халық саны 1,5 пайызға артты. Ал тұрғын үй құрылысына бөлінген инвестициялар орта есеппен жылына 8,7 пайызға өскен, сонымен бірге құрылысы аяқталған тұрғын үйді тапсыру 5,5 пайызға көбейді.

Мемлекеттің әлеуметтік сая­са­тының бір тармағы – қолжетімді баспанамен қамту. Мемлекет тұрғын үй құрылысына қаржы беру арқылы әлеуметтік мәсе­лелерді ғана шешпейді, эконо­миканың құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру, құрылыс саласына қатысты өңдеу сектор­ларын, көлік, банк секторлары­ның дамуына да ықпал етеді. Сон­дықтан халықты баспанамен қам­ту мәселесінде осалдық танытуға болмайды.

Елімізде баспанаға мұқтаждар өте көп. Банктердің пайыздық үстемені там-тұмдап азайтуы мен мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын үйлердің көбеюі мәсе­лені шеше алмай отыр. Себебі, бізде баспанаға сұраныс көп болғанымен, сауда аз – халықтың төлем қабілеті төмен. Осы сала­ның сарапшылары баспана бағасын халықтың төлем қабілеті мен екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несиелендіру саясаты анықтайтынын айтады. Халық­тың төлем қабілеті артуы үшін табысы көбеюі керек. Бұл ретте, ел Үкіметі екі-үш жыл сайын жа­лақы мен әлеуметтік жәлдемақы­ларды көбейтіп келеді. Бірақ одан халық табысы артып, төлем қа­білеті көтерілмей отыр. Себебі, жа­лақы мен жәрдемақы қалай өссе, азық-түлік пен өзге де тауар­лар құны солай өседі де, салда­рынан табысты инфляция жұтып қояды. Сондықтан сала маман­дары ипотекалық қарызды субси­диялауды ұсынады. Осы арқылы мемлекет халыққа дайын үй са­лып бергеннен гөрі, сол қаражатқа халықтың ипотекалық қарызын төлеуге көмектессе, сол тиімді бо­лады дейді. Бұл тәжірибенің Ре­сейде сәтті жүзеге асып жат­қанын алға тартады.

Қазақстандағы құрылыс саласында бәсекенің жоқтығы да тұрғын үймен қамту саясатына кедергі болып отыр. Өйткені жетекші құрылыс компаниялары тек жоғарғы сыныпты үйлер салғысы келеді. Неге? Жауабы белгілі: арзан үйден табыс жоқ. Бірақ солай екен деп ел қарап жатқан жоқ. Қалталы азаматтар мен ел тұрғындары асарлатып баспанаға аса мұқтаж адамдарды қуанышқа кенелтіп жатыр. Бұл көрініс, әсіресе, Ораза айында ауқымды сипат алды. Тіпті осынау игілікті іске мектеп бітіруші тү­лектер де кіріскеніне куәміз. Бі­рақ, олардың бұл қарекеті теңіз там­шысындай ғана көмек. Тұтас халықтың баспана мәселесін шешуге тиімді мемлекеттік саясат қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлық­тау рәсімінде ел назарын тұр­ғын үй мәселесін шешуге аударды.

«Түрлі санаттағы азамат­тар­дың қолжетімді баспанаға ие бо­луына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда Бірыңғай тұр­ғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды», – деді Пре­зидент. Бірыңғай тұрғын үй саясаты жасалғанға дейін жұмыс тоқтап тұрмайды.

Ұлықтау рәсімінен бірер күн өтісімен ел алдында есеп берген Индустрия және инфрақұ­рылым­дық даму министрі Роман Скляр көпбалалы аналарды баспа­намен қамту жоспарымен бөлісті. Бүгінгі таңда елімізде 31 мың көпбалалы және тұрмысы төмен отбасы баспана кезегінде тұр.

«Алдағы 7 жылда 42 000 арен­далық пәтер салынбақ. Биылдан бастап жыл сайын 6 мың пәтер беріліп отырады. Сәуір айында заңнамаға өзгеріс енгіздік. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Бұдан бөлек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жеңіл­детілген несиемен ипотека беру көзделген. Бюджеттен бұл мақ­сатқа да жыл сайын қаржы бө­лінеді. Жергілікті әкімдік тізімі бойынша 10 пайыз алғашқы жар­намен 20 жылға 2 пайыздық ипо­тека беріледі. Осылайша, ары кетсе 6 жылдың ішінде барлық көп­балалы және тұрмысы төмен отбасыларды түгелдей баспанамен қамтып бітіреміз», – деді Роман Скляр.

Министрдің айтуынша, атал­мыш санаттағы отбасылар мем­лекет ұсынған екі жолдың қайсы­сын таңдайтынын өздері шешеді.

Жастар жылында баспанаға зәру жастарымызға қандай игілік жасалады? Бұл сауалдың жауабын да күні кеше білдік. Министрі Ро­ман Скляр 2021 жылға дейін жұ­мысшы жастарға 3 мың пәтер берілетінін айтады.

«Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, биыл Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істеп жатқан жастарға арнап, 1 мың пәтер ­салу­ды жоспарлап отырмыз. Енді бұл жоспарлар қайта қаралды. Бұл қалаларда 2019, 2020 және 2021 жылы 3 мың пәтер беріле­ді», – дейді министр.

Мұғалімдер мен дәрігерлерді жалға берілетін пәтермен қамту үшін Білім және ғылым ми­нистр­лігі мен Денсаулық сақтау ми­нистрлігі Қазақстан ипотекалық компаниясымен келісім жасасып, мұғалімдер мен дәрігерлерге бас­тапқы жарнасыз 3 мың пәтерді жал­ға бермекші. Ол пәтерлер ке­йін сатып алу мүмкіндігімен беріледі.

Ресми дерекке сүйенсек, бү­гін­де 15 мың медицина қызметкері мен 10 мың мұғалім пәтерге қол жеткізе алмай жүр. Баспананы министрліктің және ведом­ство­ның бағынышты ұйымдарының қызметкерлері кезек тәртібі бо­йынша алады. Соңғы бес жылда олардың атында тұрғын үй бол­мауы тиіс және төлем қабілеті рас­талуы қажет.

«Меморандумға 5 маусымда қол қойылды. Министрліктер бір-екі аптаның ішінде тізім беруі тиіс (кезекте тұрғандардың). Осы­дан кейін біз кезекте тұрған мұ­ғалімдер мен дәрігерлердің төлем қабілетін тексереміз. Керек құ­жаттар бар ма, жоқ па – анық­тамалардың бәрі зерделенген­нен кейін осы жұмысты бастай­мыз», – дейді «Қазақстан ипоте­калық компаниясы» ИҰ» АҚ ат­қарушы директоры Мақсат Мең­дібаев. Оның айтуынша, тізімде Қазақстанның барлық аймақ­тарында пәтер кезегінде тұрған азаматтар бар. Пәтерлер алдағы 2-3 айда беріле бастайды.

Ішкі істер министрлігі де ішкі істер қызметкерлеріне тұрғын үй бойынша берілетін төлем меха­низмдерін анықтап жатыр. Се­бебі, Ішкі істер министрлігінде өзіндік тұрғын үй қоры жоқ. Сол себепті, қазіргі таңда қызметкер­лерге қызметтік тұрғын үйдің ор­нына айына жалға берілетін үй үшін өтемақы беріледі. Ол ақша айналып келгенде жалға беретін үй иесінің қалтасына кетіп жатыр. Зейнетке шыққан кезде біздің қызметкерлер үйсіз қалады. Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди әскери қызметшілер секілді ішкі істер органдары қызметкерлеріне де екінші дең­гейлі банктен арнайы шот ашу арқылы өтемақы беру механизмін әзірлеу ұсынылғанын айтады. «Бұл келісім ІІМ, банк пен құры­лыс компаниясының арасында жасалуы мүмкін. Осыған бай­ланысты «Тұрғын үй қатынас­тары» туралы және «ҚР Ішкі істер органдары туралы» заңға өзге­рістер енгізіліп жатыр. Аталған заңдар арқылы үй алу құқығына ие қызметкерлердің тізімін жа­саймыз. Бұл үшін қосымша қара­жаттың керегі жоқ», – дейді вице-министр. Оның айтуынша, егер осы жүйе іске асса, 15 мыңға жуық қызметкер баспаналы болады екен. Олардың қатарында жедел қызметкерлер, тергеушілер, учас­келік полицейлер, патрульдік по­лиция қызметкерлері мен жасөс­пірімдер ісі жөніндегі тәртіп сақшылары бар.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ төрайымы Ләззат Ибра­гимова Алматыда журналис­термен кездесу өткізіп, баспана алудың жолдары туралы кеңес берген болатын. Оның айтуынша, қазіргі таңда рекордты көлемде баспана салынып жатыр. «Былтыр 12,5 млн шаршы метр пайдалануға берілсе, 2006-2007 жылдары бұл көрсеткіш 5-6 млн шаршы метр ғана болған еді. Тұрғын үй қоры артып келеді. Нарықта ұсыныс көбейсе, бағаның түсетіні заңды­лық. Қазір қайталама нарықта көріп отырғанымыздай, баға тө­мендеді. Жастар өз қалауындағы пәтер алғысы келсе, ақша жинауға кеңес берер едім. Себебі, нарықта ұсыныс көбейеді», – дейді.

Міне, жоғарыда айтылғандарға назар аударсақ, әр саланың, әлеу­меттің осал топтарының баспа­налы болуына мүмкіндік беретін бағдарламалар бар. Бағдарлама­лардың көптігі адамды жаңылыс­тырып та жібереді. Енді сол бағ­дарламалардың басын біріктіріп, бірыңғай тұрғын үй саясатын жасайтын уақыт жеткен сияқты. Себебі, бүгінге дейін тұрғындарды баспанамен қамтудың түрлі тәжі­рибесі жасалды, соның озығын алып, тозығын тастап, тиімді алтын аралықты жасау – уақыт талабы.