Теңізден соққан дауыл
Теңізден соққан дауыл
478
оқылды

Атырау облысы Жылыой ауданындағы Теңіз қала­шығында 29 маусым күні күндізгі сағат 11:00 шама­сында қазақстандық жұ­мыс­шылар тарапынан наразылық оқиғасы орын алды. Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore компа­ниясының жұмысшысы ливиялық Eli Daoud-тың WhatsАpp мессенджеріне қойған суретіне наразылық білдірген қазақстандық жұмысшылар көп жылдан бері еңбек жағдайларының әртүрлі болуынан зәрезап болғандығын да осы оқиға барысында ашық мәлім етті.

Әлқиса оқиғаға себеп болған әлеуметтік желіде кең тарап кет­кен суретте Eli Daoud қолына ра­ция құралын ұстап, антенна­сын бір қызға бағыттап тұр. Бұл сурет ұлттың намысына тигені сөзсіз. Қазақ қызын қор көрсет­кен осы сурет әлеуметтік желіге шыққан күннің ертеңіне таңер­тең Теңіз кенішінде отандық жұмысшылар тарапынан нара­зылық оқиғасы орын алды.

Жұмысшылардың нара­зы­лы­ғы туралы мәлім болысымен оқиға орнына барлық құзырлы органдардың басшылары мен аудан прокуроры барды. Жедел арада облыс әкімі, ПД, ҰҚҚД басшылығы, облыс прокуроры да Теңіз қалашығында болды.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев «Теңіз» кенішіне барып, «Теңізшевройл» компаниясы басшылығымен жиналыс өткізді.

– Бұл проблема еңбек жағ­дай­ларының әртүрлі болуынан туындап отыр, ТШО мен мер­дігер мекемелердің басшылық­тары мәселені жүйелі түрде ше­шуі керек. Біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсетеміз. Инвесторлар түсінулері тиіс. Ееліміздің аумағында жұмыс істей отырып, заңнаманы және ешкімнің ар-намысына тимей­тін, моральдық-этикалық нор­маларды сақтаулары қажет. Жақын арада жобаның барлық қатысушыларымен кездесу өткіземіз, барлық компания­лар­дың бірінші басшылары шақы­рылады, осы мәселені шешеміз. Бастысы, еңбек жағдайлары бәріне бірдей болуы керек, – деп атап өтті Н.Ноғаев.

«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Имер Боннер өз ке­зегінде компания жағдайды рет­теуге және болашақта осындай тұрмыстық кикілжіңдердің ал­дын алуға бар күшін салатынына сендірді.

– Біз жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарына жағдайды тез реттеуге көмектес­кендері үшін разымыз. ССЕР компаниясына, басқа да мердігер мекемелерге қатысты жұмыс­тарды жүргіземіз, – деді Имер Боннер.

«Теңізшевройл» компаниясы мен мердігерлер басшыларымен өткен жиналыстан кейін аймақ басшысы Н.Ноғаев Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (CСЕР) компаниясының жұмысшыла­рымен кездесті. Кездесу бары­сында компания қызметкерлері әкімнен және ТШО басшылы­ғынан жоба жұмысын тоқтат­пауды, адамдардың қызметтік міндеттемелерін орындауға кірісе берулерін сұрады.

– Біз ведомствоаралық ко­миссия құрдық, оған облыс әкі­мінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов жетекшілік етеді. Комиссия бірдей еңбек жағда­йын қамтамасыз ету мәселесімен айналысады. Сіздер комиссия құрамына өз өкілдеріңізді қоса аласыздар, әріптестерім телефон нөмірлерін қалдырады, жағ­дай­ды жақсарту бойынша ұсы­ныс­тарыңызды беріңіздер. Сіздердің жұмыс кестелеріңізде ешқандай өзгеріс болмайды, жұмыс қа­лыпты режимде жалғасады, – деді Нұрлан Ноғаев.

Атырау облысы Полиция де­партаменті баспасөз қызме­тінің мәліметінше, орын алған оқи­ғадан соң «Теңіз» қалашығы аумағында қоғамдық тәртіпті бұзушылыққа жол берілген жоқ. Алдын алу жұмыстары жүр­гізілді, қазіргі уақытта жағдай тұрақты.

– ҚР ҚК-нің 293 «Бұзақы­лық» бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жал­ғасуда. Сотқа дейінгі тергеп-тек­серу аясында оқиғаға қатысты адамдарды анықтауға бағыт­тал­ған кешенді жедел тергеу әре­кет­тері жүргізілуде. WhatsАpp және басқа әлеуметтік желілерде тара­ған «Теңіз» вахталық қалашығын­да жезөкшелікпен айналысуға арналған бірнеше притонның анықталғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Сондай-ақ Теңіз кенішіндегі оқиғаны ушықтырып көрсетуге бағытталған суреттердің де шын­дыққа жанаспайтынын жергі­лікті құзырлы органдар мәлім­деп, үрейленген жұртшылыққа басу айтты. Оқиға кезінде адам өлімі де, ауыр жарақат алған жұ­мысшылар да болған жоқ. «Те­ңізшевройл» компаниясының медициналық мекемесіне қы­рық­қа жуық адам түрлі жарақат­тармен түскен.

Теңіз кенішіндегі оқиғадан соң, Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (ССЕР) бас директоры Кауаш Хишам жағдайды реттеу үшін Атырауға келді.

Кауаш Хишамның әлеуметтік желілерде жарияланған бейнеүн­деуінде Эли Даудтың іс-әрекеті үшін қазақстандықтардан кешірім сұраған.

«Мен осы оқиға туралы біл­ген­нен кейін онымен арадағы ке­лісімшарт бұзылып, ол жұмыс­тан босатылды. Біз осы жағдайға қатысты толық ішкі тергеу жұ­мыстарын жүргізіп, қажетті ша­раларды қабылдайтын боламыз. Қолымды жүрегіме қойып, ССЕР-дің өзінің бауырлас қазақ­тарға ерекше құрметпен қарай­тынын айтқым келеді. Мен бол­ған жайт үшін тағы да кешірім сұраймын. Осы оқиға туралы естіген бойда дереу Атырауға жағ­дайды реттеу үшін ұшып шықтым. Бүгінгі таңда Теңіздегі жағдай тұрақты, кісі өлімі, ауыр дене жарақаттары болған жоқ, – деді Кауаш Хишам өзінің бейнеүндеуінде.

«Теңізшевройл» компания­сы­ның үкімет және жұртшы­лық­пен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтің айтуынша, Теңіз кенішінде орын алған оқиғадан соң әлеуметтік желілерде шындыққа жанас­пайтын жазбалар пайда болған. Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі «Теңіздегі оқиғаның нәтижесінде: ССЕР компаниясы жұмыстан шеттетілді. 237 араб, 780 қытай, 578 үнді жұмыстан біржола шығарылып, орнына Қазақстан азаматтары алынатын болды. Вахталық қалашықта жезөкшелікпен айналысқан 23 қыз бен оны ұйымдастырумен айналысқан 12 жеңгетай қолға түсті. Енді олар заң алдында жа­уап береді» деген жазба мүлдем шындыққа жанаспайды.

– Қазіргі күні комиссия құ­рыл­ды. Біздің компания өкіл­дері құрамында бар. Теңіз ке­нішінде 45 мың қызметкер ірі жобада жұ­мыс істейді. Жұмыс­шылар күнде-күнде кезекті ауы­сыммен жұмыс істейді. Біздің жобамызда қытайлық компа­ниялар жоқ. Оқиғаның себеп-салдары зер­деленеді. Біз ешбір компаниямен келісімшарт бұз­ған жоқпыз. Жұ­мыс жүруде, – деді Р. Артығалиев.

Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев Иорданияның Қазақ­стандағы елшісі Юсуф Абдул­ганимен, Ливан елшісі Жискар Әл-Хуримен және Палестина елшісі Монтасер Абу Зейдпен кездесті. Тараптар Теңіз вахталық қалашығында болған оқиғаны талқылады.

Атырау облысының әкімі қа­зір Теңіз қалашығында ахуал тұ­рақты екенін, 30-дан астам адам жеңіл жарақат алғанын, өмір­леріне қауіп жоқ екенін айтты.

– Атырау облысы әкімінің бі­рінші орынбасары жетекшілік ететін ведомствоаралық комис­сия құрылды, комиссия оқиға­ның себеп-салдарын анықтай­тын болады. Біздің тарапы­мыз­дан осындай оқиғаларды алдағы уақытта болдырмау мақсатында барлық шаралар қолға алынады. Теңіз жобасына тартылған жұ­мысшылардың өмірі мен денсау­лығына қауіп жоқ, бұл мәселе біздің назарымызда, – деді Нұрлан Ноғаев.

Елшілер оқиғаның тұрмыс­тық сипатта екенін және бола­шақта мұндай жағдай қайта­лан­бауы үшін барлық күштерін салатындарын атап өтті.

– Бұл жағдай сіздер үшін де, біз үшін де өте ыңғайсыз болды. Бұл проблема Палестина мен Қазақстанның тарихи қарым-қатынасына сызат түсірмеуін қалаймыз. Біздің басшылығымыз бен Палестина халқы Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың сараб­дал саясатын, араб-израиль жан­жа­лына қатысты қауіпсіздік ке­ңе­­сінің, Бас ассамблея, БҰҰ-ның барлық резолюцияларын қолда­ғанын жоғары бағалайды. Болған жайттар біздің қарым-қатына­сымызға кері әсерін тигізбейді. Біз ортақ тіл табыстық, жақында ССЕР компаниясының иесі Қа­зақстандағы жұмыс пен ынты­мақ­тастықты жалғастыру жө­нінде сөйлесу үшін облыс әкімі­мен кездесуге келеді, – деді Па­лес­тинаның ҚР-дағы елшісі, доктор Монтасер Абу Зейд.

– Теңіз кен орнында болған оқиға кеңпейіл, қонақжай қазақ халқының көңіліне көлеңке тү­сірмейді деген ойдамыз. Иор­да­ния мен Қазақстан арасындағы әріптестік жоғары деңгейде. Біз жұмысшыларымыздың көп кешікпей жұмыс орындарына оралатындарына сенім білді­реміз. Қазақстан Үкіметі бұл мә­селеде бізге қолдау көрсетіп отыр, – деді Иорданияның ҚР-дағы елшісі Юсуф Абдулгани.

– Біз бұл жерге әлеуметтік желілерде жазылып жатқандай, азаматтарымыздың Қазақ­стан­нан кетуін сұрап келген жоқпыз. Ливан мен Қазақстанның дос­тығы берік, біз кез келген мәсе­лені ашық шеше аламыз. Бұған әкіммен кездесуіміз де мысал бола алады. Осы тақырыпты бірге талқылай алғанымыз үшін әкімге және әкімдіктің ресми өкілдеріне ризашылығымызды білдіреміз, – деді Ливанның ҚР-дағы елшісі Жискар Әл-Хури.

Сайып келгенде Теңіз кені­шін­де болған оқиғаның жұрт­шылыққа анық бір себебі бар.

Ол – шетелдіктер мен қазақ­стандық жұмысшылар жала­қы­сы­ның айырмашылығы. Еліміз­дің Президенті Қ.Тоқаев Аты­рауға іссапарында осы мәселені шешуді Үкіметке тапсырғаны мә­лім. Қалай десек те, теңіз тол­қыды. Оның тыныштануы ұтым­ды шешімдердің шығуына бай­ланысты болмақ.

 

Атырау облысы