Атырау облысы Жылыой ауданындағы Теңіз қалашығында 29 маусым күні күндізгі сағат 11:00 шамасында қазақстандық жұмысшылар тарапынан наразылық оқиғасы орын алды. Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore компаниясының жұмысшысы ливиялық Eli Daoud-тың WhatsАpp мессенджеріне қойған суретіне наразылық білдірген қазақстандық жұмысшылар көп жылдан бері еңбек жағдайларының әртүрлі болуынан зәрезап болғандығын да осы оқиға барысында ашық мәлім етті.
Әлқиса оқиғаға себеп болған әлеуметтік желіде кең тарап кеткен суретте Eli Daoud қолына рация құралын ұстап, антеннасын бір қызға бағыттап тұр. Бұл сурет ұлттың намысына тигені сөзсіз. Қазақ қызын қор көрсеткен осы сурет әлеуметтік желіге шыққан күннің ертеңіне таңертең Теңіз кенішінде отандық жұмысшылар тарапынан наразылық оқиғасы орын алды.
Жұмысшылардың наразылығы туралы мәлім болысымен оқиға орнына барлық құзырлы органдардың басшылары мен аудан прокуроры барды. Жедел арада облыс әкімі, ПД, ҰҚҚД басшылығы, облыс прокуроры да Теңіз қалашығында болды.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев «Теңіз» кенішіне барып, «Теңізшевройл» компаниясы басшылығымен жиналыс өткізді.
– Бұл проблема еңбек жағдайларының әртүрлі болуынан туындап отыр, ТШО мен мердігер мекемелердің басшылықтары мәселені жүйелі түрде шешуі керек. Біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсетеміз. Инвесторлар түсінулері тиіс. Ееліміздің аумағында жұмыс істей отырып, заңнаманы және ешкімнің ар-намысына тимейтін, моральдық-этикалық нормаларды сақтаулары қажет. Жақын арада жобаның барлық қатысушыларымен кездесу өткіземіз, барлық компаниялардың бірінші басшылары шақырылады, осы мәселені шешеміз. Бастысы, еңбек жағдайлары бәріне бірдей болуы керек, – деп атап өтті Н.Ноғаев.
«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Имер Боннер өз кезегінде компания жағдайды реттеуге және болашақта осындай тұрмыстық кикілжіңдердің алдын алуға бар күшін салатынына сендірді.
– Біз жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарына жағдайды тез реттеуге көмектескендері үшін разымыз. ССЕР компаниясына, басқа да мердігер мекемелерге қатысты жұмыстарды жүргіземіз, – деді Имер Боннер.
«Теңізшевройл» компаниясы мен мердігерлер басшыларымен өткен жиналыстан кейін аймақ басшысы Н.Ноғаев Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (CСЕР) компаниясының жұмысшыларымен кездесті. Кездесу барысында компания қызметкерлері әкімнен және ТШО басшылығынан жоба жұмысын тоқтатпауды, адамдардың қызметтік міндеттемелерін орындауға кірісе берулерін сұрады.
– Біз ведомствоаралық комиссия құрдық, оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов жетекшілік етеді. Комиссия бірдей еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселесімен айналысады. Сіздер комиссия құрамына өз өкілдеріңізді қоса аласыздар, әріптестерім телефон нөмірлерін қалдырады, жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстарыңызды беріңіздер. Сіздердің жұмыс кестелеріңізде ешқандай өзгеріс болмайды, жұмыс қалыпты режимде жалғасады, – деді Нұрлан Ноғаев.
Атырау облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, орын алған оқиғадан соң «Теңіз» қалашығы аумағында қоғамдық тәртіпті бұзушылыққа жол берілген жоқ. Алдын алу жұмыстары жүргізілді, қазіргі уақытта жағдай тұрақты.
– ҚР ҚК-нің 293 «Бұзақылық» бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жалғасуда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында оқиғаға қатысты адамдарды анықтауға бағытталған кешенді жедел тергеу әрекеттері жүргізілуде. WhatsАpp және басқа әлеуметтік желілерде тараған «Теңіз» вахталық қалашығында жезөкшелікпен айналысуға арналған бірнеше притонның анықталғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Сондай-ақ Теңіз кенішіндегі оқиғаны ушықтырып көрсетуге бағытталған суреттердің де шындыққа жанаспайтынын жергілікті құзырлы органдар мәлімдеп, үрейленген жұртшылыққа басу айтты. Оқиға кезінде адам өлімі де, ауыр жарақат алған жұмысшылар да болған жоқ. «Теңізшевройл» компаниясының медициналық мекемесіне қырыққа жуық адам түрлі жарақаттармен түскен.
Теңіз кенішіндегі оқиғадан соң, Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (ССЕР) бас директоры Кауаш Хишам жағдайды реттеу үшін Атырауға келді.
Кауаш Хишамның әлеуметтік желілерде жарияланған бейнеүндеуінде Эли Даудтың іс-әрекеті үшін қазақстандықтардан кешірім сұраған.
«Мен осы оқиға туралы білгеннен кейін онымен арадағы келісімшарт бұзылып, ол жұмыстан босатылды. Біз осы жағдайға қатысты толық ішкі тергеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті шараларды қабылдайтын боламыз. Қолымды жүрегіме қойып, ССЕР-дің өзінің бауырлас қазақтарға ерекше құрметпен қарайтынын айтқым келеді. Мен болған жайт үшін тағы да кешірім сұраймын. Осы оқиға туралы естіген бойда дереу Атырауға жағдайды реттеу үшін ұшып шықтым. Бүгінгі таңда Теңіздегі жағдай тұрақты, кісі өлімі, ауыр дене жарақаттары болған жоқ, – деді Кауаш Хишам өзінің бейнеүндеуінде.
«Теңізшевройл» компаниясының үкімет және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтің айтуынша, Теңіз кенішінде орын алған оқиғадан соң әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын жазбалар пайда болған. Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі «Теңіздегі оқиғаның нәтижесінде: ССЕР компаниясы жұмыстан шеттетілді. 237 араб, 780 қытай, 578 үнді жұмыстан біржола шығарылып, орнына Қазақстан азаматтары алынатын болды. Вахталық қалашықта жезөкшелікпен айналысқан 23 қыз бен оны ұйымдастырумен айналысқан 12 жеңгетай қолға түсті. Енді олар заң алдында жауап береді» деген жазба мүлдем шындыққа жанаспайды.
– Қазіргі күні комиссия құрылды. Біздің компания өкілдері құрамында бар. Теңіз кенішінде 45 мың қызметкер ірі жобада жұмыс істейді. Жұмысшылар күнде-күнде кезекті ауысыммен жұмыс істейді. Біздің жобамызда қытайлық компаниялар жоқ. Оқиғаның себеп-салдары зерделенеді. Біз ешбір компаниямен келісімшарт бұзған жоқпыз. Жұмыс жүруде, – деді Р. Артығалиев.
Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев Иорданияның Қазақстандағы елшісі Юсуф Абдулганимен, Ливан елшісі Жискар Әл-Хуримен және Палестина елшісі Монтасер Абу Зейдпен кездесті. Тараптар Теңіз вахталық қалашығында болған оқиғаны талқылады.
Атырау облысының әкімі қазір Теңіз қалашығында ахуал тұрақты екенін, 30-дан астам адам жеңіл жарақат алғанын, өмірлеріне қауіп жоқ екенін айтты.
– Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары жетекшілік ететін ведомствоаралық комиссия құрылды, комиссия оқиғаның себеп-салдарын анықтайтын болады. Біздің тарапымыздан осындай оқиғаларды алдағы уақытта болдырмау мақсатында барлық шаралар қолға алынады. Теңіз жобасына тартылған жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ, бұл мәселе біздің назарымызда, – деді Нұрлан Ноғаев.
Елшілер оқиғаның тұрмыстық сипатта екенін және болашақта мұндай жағдай қайталанбауы үшін барлық күштерін салатындарын атап өтті.
– Бұл жағдай сіздер үшін де, біз үшін де өте ыңғайсыз болды. Бұл проблема Палестина мен Қазақстанның тарихи қарым-қатынасына сызат түсірмеуін қалаймыз. Біздің басшылығымыз бен Палестина халқы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын, араб-израиль жанжалына қатысты қауіпсіздік кеңесінің, Бас ассамблея, БҰҰ-ның барлық резолюцияларын қолдағанын жоғары бағалайды. Болған жайттар біздің қарым-қатынасымызға кері әсерін тигізбейді. Біз ортақ тіл табыстық, жақында ССЕР компаниясының иесі Қазақстандағы жұмыс пен ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде сөйлесу үшін облыс әкімімен кездесуге келеді, – деді Палестинаның ҚР-дағы елшісі, доктор Монтасер Абу Зейд.
– Теңіз кен орнында болған оқиға кеңпейіл, қонақжай қазақ халқының көңіліне көлеңке түсірмейді деген ойдамыз. Иордания мен Қазақстан арасындағы әріптестік жоғары деңгейде. Біз жұмысшыларымыздың көп кешікпей жұмыс орындарына оралатындарына сенім білдіреміз. Қазақстан Үкіметі бұл мәселеде бізге қолдау көрсетіп отыр, – деді Иорданияның ҚР-дағы елшісі Юсуф Абдулгани.
– Біз бұл жерге әлеуметтік желілерде жазылып жатқандай, азаматтарымыздың Қазақстаннан кетуін сұрап келген жоқпыз. Ливан мен Қазақстанның достығы берік, біз кез келген мәселені ашық шеше аламыз. Бұған әкіммен кездесуіміз де мысал бола алады. Осы тақырыпты бірге талқылай алғанымыз үшін әкімге және әкімдіктің ресми өкілдеріне ризашылығымызды білдіреміз, – деді Ливанның ҚР-дағы елшісі Жискар Әл-Хури.
Сайып келгенде Теңіз кенішінде болған оқиғаның жұртшылыққа анық бір себебі бар.
Ол – шетелдіктер мен қазақстандық жұмысшылар жалақысының айырмашылығы. Еліміздің Президенті Қ.Тоқаев Атырауға іссапарында осы мәселені шешуді Үкіметке тапсырғаны мәлім. Қалай десек те, теңіз толқыды. Оның тыныштануы ұтымды шешімдердің шығуына байланысты болмақ.
Атырау облысы