Шетелде тұратын қазақ оқушыларының байқауы өтті
Шетелде тұратын қазақ оқушыларының байқауы өтті
5,478
оқылды

«Отандастар қоры» КЕАҚ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының ұйымдастыруымен шетелде тұратын қазақ диаспорасы оқушыларының арасында «Ұлы Дала Елі» әдеби жұмыстардың халықаралық шығармашылық конкурсын өткізді.

Халықаралық шығармашылық байқауға шығармашылық жұмыстар 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 30 мамырға дейін қабылданды. 2019 жылдың 1 маусымынан бастап 10 маусымға дейін қазылар алқасы келіп түскен жұмыстарды сараптап, қорытынды шығарды. Конкурста келесі тақырыптар қамтылды: «Мен қазақпын!», «Қазақстан, менің жерім, туған өлкем!», «Отанмен рухани байланыс тілі», «Дәстүр – рухани өмірдің негізі».

Шетелде тұратын қазақ диаспорасы оқушылары арасында өткен «Ұлы Дала Елі» атты әдеби жұмыстардың халықаралық шығармашылық байқауына қатысқан балалардың І жас тобы бойынша байқауға 19 жұмыс, ІІ жас тобы бойынша 15 жұмыс қабылданды. Байқауға қабылданған барлық 34 жұмысты комиссия мүшелері сараптап, 10 балдық жүйемен бағалады. Комиссия ең басты критерий ретінде жұмыстың тақырыбына және негізгі идеясына сәйкестігі, тақырыптың толық ашылуы және ойдың берілу тәсілі сияқты критерийлерге сүйене отырып, жұмыстарды сараптап шықты.

–Жалпы жұмыстардың барлығы да тақырыпқа сай жазылған, балалар негізгі идеяны ашуға тырысқан. Эссеге қойылатын талаптардың барлығын сақтай отырып, өзіндік ой-тұжырымдарын ерекше тәсілмен бере білген оқушылар да бар. Әсіресе, І жас тобында (13-15 жас аралығындағы балалар) Солтанов Райхат, Асылбашева Камиля, Байтулла Батанұлы, Сулейменов Масалим сияқты жас таланттардың, сол сияқты ІІ жас тобында (16-18 жас аралығындағы оқушылар) Еркінбек Ақтоты, Аменова Алима, Бектұр Абдулхаким, Хасти Абдоләзиз сынды жеткіншектердің еңбектерін ерекше атап өткіміз келеді, – дейді қазылар алқасының мүшесі Айнұр Амангелдіқызы.

Сараптама комиссиясының шешімі бойынша байқауға қатысқан 13-15 жас аралығындағы балалардың еңбектері бөлек, 16-18 жас аралығын қамтитын жеткіншектердің еңбектері бөлек бағаланып, төмендегідей орындар белгіленді:

 

І жас тобы 13-15 жас аралығы бойынша:

1-орын. Солтанов Райхат

2-орын. Асылбашева Камиля

3-орын. Байтулла Батанұлы

4-орын. Сулейменов Масалим

 

ІІ жас тобы 16-18 жас аралығы бойынша:

1-орын. Еркінбек Ақтоты

2-орын. Хасти Абдоләзиз

3-орын. Аменова Алима

4-орын. Бектұр Абдулхаким


Жеңіске жеткен 8 қатысушыдан 4 үздік жұмыс авторлары Солтанов Райхат (Ресей), Асылбашева Камиля (Швеция), Еркінбек Ақтоты (Моңғолия), Хасти Абдоләзиз (Иран) Атамекені Қазақстан Республикасына жолдама жеңіп алды.

Иранның Горган қаласынан қатысқан Хасти Абдолазиз тарихи отанына деген ықыласын білдірді:
– Біз айналамыздағы басқа ұлттың өкілдеріне қазақтың кім екенін таныту үшін, салт-дәстүрімізді көрсетуге тырысамыз. Наурыз мейрамы, Құрбай айт, қазағымыздың көп деген төл тойларын тойлап, оған ұлттық киімдерімізді киіп, жиі көрісіп тұрамыз. Қазақстанның туы, осындағы әрбір қазақтың үйінде төрден орын алады. Оның серігі болып, шерте алмасақ та «Біздің нағыз қазағымыз – домбырамыз» үнемі қасымызда жүреді. Біздер мектепте оқып жүрген кезде балалармен Қазақстанға барсақ не істейтініміз туралы бөлісіп айтатынбыз. Сондағы ой-армандарымызды есіме алсам әлге шейін тұла бойым тітіркеніп, көзім мөлдіреп қуаныштың жасына толады.

Астана күнін мерекелеу аясында Байқау жеңімпаздарына Нұр-сұлтан қаласына және «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне бес күндік жолдама ұйымдастырылады.

Осылайша, байқауға қатысу және Қазақстанға келу шетелде тұратын отандастарымыздың отбасыларындағы балалар үшін олардың өміріндегі ұмытылмас парақ болмақ.