30 жылдан соң Зайсан-Үржар-Алматы бағытында әуе рейсі іске қосылды
30 жылдан соң Зайсан-Үржар-Алматы бағытында әуе рейсі іске қосылды
©А.Ахметқазы
948
оқылды
Зайсанда әуе рейсінің саны артты. Күні кеше ғана Өскемен-Зайсан, Зайсан-Үржар-Алматы бағытында отыз жылдан соң алғаш рет ұшақ қатынай бастады. – «Жол азабын жолаушы біледі» демекші, Зайсаннан Алматы, Өскемен, Үржар бағытына қатынайтын аудан тұрғындары осы бір үлкен көмекке дән риза. Ауырып-сырқаған жандарды енді бұрынғыдай 2000 шақырымдағы Алматыға сөткелеп емес, не бары үш-төрт сағаттың ішінде жеткізетін болды. Алматыдан келер ағайынға, аудан тұрғындарына, той-томалағына, қуанышына еш қиындықсыз үлкен ата-апаларын алып ұшып баратын болды, – дейді Зайсан ауданының тұрғыны Еркебұлан Зағыпаров. Бұрындары аудан тұрғындары жазғы демалыс уақытында Үржар ауданындағы Алакөл демалыс орнына кісі басы 7-8 мың теңгеге автобус билетін алып, 10 мыңға такси жалдап, жөнделіп жатқан жолдың айналмасымен жүріп, сол соғып демалысының шырқы бұзылатын. Сондықтан да көпшілік Алакөлге баруға ынталы болғанымен, жолдың азабынан демалысқа барудан бас тартатын. Міне, енді айдынды Алакөлге не бары екі-үш сағатта ұшақпен еш шаршамай-ақ жетуге мүмкіндік бар.
Билет бағасы 9 мың теңге. Ұшақ аптасына үш рет – дүйсенбі, бейсенбі, сенбі күндері Өскемен-Зайсан-Үржар, Үржардан ары Алматы бағытына ұшады. Билет бағасы – Өскеменнен Зайсанға 8 мың теңге, Зайсаннан Үржарға 9-16 мың теңге аралығында болса, Үржардан Алматыға дейін 14 мың теңге.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы