Жарылыстан қираған Арыс қаласын қалпына келтіру мен төтенше оқиғадан зардап шеккен тұрғындарға материалдық, моральдық қолдау көрсетуден еліміздің бірде-бір аймағы шет қалмады. Алматы облысының тұрғындары да бірден көмек қолын созып, он жүк көлігінен тұратын қайырымдылық керуенін жөнелтіп, оларда тиелген азық-түлік пен киім-кешекті және тағы басқа да бірінші кезекте қажетті дүниелерді арыстықтарға тапсырып қайтты. Ал жетісулық құрылысшылар Арыс қаласының Алматы облысына жүктелген бөлігіндегі тұрғын үйлерді жөндеуге кірісіп те кетіпті. Бұлар жайында Талдықорғандағы Журналистер үйінде өткен брифингте облыс әкімі Амандық Баталов айтты.
Жетісулық құрылысшылар барлығы 157 үйді қалпына келтіреді. Өткен аптада облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов бастаған жұмыс тобы Арыс қаласына барып, жағдайды өз көзімен көріп, атқарылар жұмыс ауқымын анықтап келіпті. Жұмыс тобы құрамында сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының жетекшілері мен «УКС», «Градцентр», «Жөндеу-Құрылыс», «Нұр-Шапағат-Құрылыс», «ТехноСнаб-2002» ЖШС құрылыс компанияларының өкілдері болды.
– Арыс қалсындағы төтенше жағдай халқымыздың бірлігі мен ынтымағын тағы көрсетті. Қазақстандықтар алғашқы күннен бастап арыстықтарға көмек қолын созды. Жетісу жұртшылығы да сырт қалған жоқ. Біз қай кезде болмасын, қайырымдылық пен жанашырлықтың үлгісін көрсете білеміз. Соған сай бұл жолы да қолымыздан келгеннің барлығын жасаудамыз. Өңірдің мемлекеттік қызметшілері бір күндік еңбекақыларын «Түркістан» әлеуметтік қорына аударды. Алғашқы автокеруенді жөнелтуге облыстың барлық тұрғыны атсалысты, 56 миллион теңгенің дүние мүлкі мен азық-түлігі жеткізілді. Қазіргі кезде тағы 17 миллион теңгенің азық-түлігі, киім-кешегі және тағы басқа заттар жиналды. Кәсіпкерлеріміз арыстықтарға көмек ретінде 50 миллион теңгеден астам қаржы аударды. Сонымен бірге, 150 баланы қабылдап, Еңбекшіқазақ ауданы мен Қапшағай қаласында орналасқан лагерьлерде жаз бойы демалдырмақпыз, – деген Амандық Ғаббасұлы апаттың айтып келмейтінін тағы бір қайталап, сақтық шараларының барынша күшейтілгенін де еске салды. Жетісулық құрылысшылар өздеріне жүктелген міндетті бір айда орындауға тырысатынын мәлімдеді.
Болат Бектұр,
Алматы облысы