Цифрландыру не үшін қажет?
Цифрландыру  не үшін қажет?
411
оқылды

Бұл бизнестің мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырады

Қазақстан Президенті елімізді дамытудың 10 жаңа міндетін белгіледі. Үкіметтің алдына шағын және орта бизнестің рөлін күшейту және 2025 жылға қарай ел экономикасындағы оның үлесін 35%-ға жеткізу міндеті қойылды. Еліміздегі кәсіпкерлер үшін жасалған жағдайлар туралы біз Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовпен әңгімелестік.

- Болат Әбілқасымұлы, қазір елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр, осы бағыттағы жұмыс қаншалықты тиімді жүргізіліп жатыр?

- Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингісінің соңғы нәтижелері көрсеткендей, Қазақ­стан өткен жылмен салыс­тыр­ғанда, әлемнің 190 елі арасында биз­несті жүргізу жеңілдігі бойын­ша 8 позицияға көтерілді. Биыл Қазақстан 28-орында тұр.

Осының барлығы – бизнеске әкімшілік жүктемені төмендету бойынша атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесі. Мысалы, ӘҚБтК-те бизнес үшін маңызды жаңалықтар ескерілді, атап айт­қанда, болмашы іс-әрекет жасал­ған жағдайда жауапкер­ші­ліктен босату институтын қайтару, 157 бап бойынша әкімшілік айыппұл мөлшерін орта есеппен 30%-ға төмендету, айыппұлды 50 пайыз­дық жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі. Осы жетістіктермен шектелмейміз. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді.

Өткен жылы Елбасы Кәсіп­керлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Сондай-ақ мемлекеттік бақылау мен қадағалауды оңтай­ландыруға қатысты түбегейлі шаралар көзделіп отыр. Бұл – іріктемелі тексерулердің күшін жою, бақылау және қадағалау функцияларын қысқарту, профи­лактикалық бақылауды енгізу, тексеру жүргізу мерзімдерін қыс­қарту сияқты жеңілдіктер.

– Демек, бізде бизнестің проб­ле­маларын шешу үшін жүйелі тәсіл­дер қарастырылып жатыр деуге бола ма?

- Иә, солай. Жыл сайын біз кәсіпкерлермен, әкімдік өкілдері­мен және облыс прокурорларымен жұмыс кездесулерін, соның ішінде көшпелі кездесулер өткіземіз. Мұндай іс-шаралар тұрақты негіз­де жүргізіледі, жұмыс бары­сын­да жүйелі проблемаларды анықтауға және шешуге тырысамыз.

Бұл проблемалар біздің сайтта орналастырылған бірыңғай тізі­лім­ге енгізілді. Бүгінде ол 607 сұрақты қамтиды. Ең жиі кездесе­тін проблемалар құрылыс, қала құрылысы және сәулет, көлік, логистика, сатып алулар және тағы басқа салаларда.

Тізілімдегі 432 проблема шеші­мін тапты, бұл – барлық пробле­маның 71%. 52 проблема бойынша шешім қабылдау сатысында және 123 мәселені мемлекеттік органдар талқылап жатыр.

Бұл проблемаларды шешу тетігіне мыналарды жатқызуға болады: мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін реформалау, салық заңнамасын жетіл­діру, «өзін-өзі реттеу» инсти­тутын дамыту, кедендік реттеуді жетілдіру, қылмыстық және әкімшілік заңнаманы ізгілендіру, рұқсат беру жүйесін оңтайландыру және т. б.

– Мемлекет басшысы Қазақ­станда жаңа мемлекеттік компания құруға мораторий жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек­ке дейін ревизия жүргізіп, оларды қысқарту жоспарын ұсынуды тапсырды. Осы мәселеге қатысты не айтасыз?

– Бұл – өте маңызды шешім. Мемлекеттің экономикаға қаты­суын шектеу қажет. Өкінішке қарай, жаңа бағытты күшейту немесе іске асыру үшін мемлекет тарапынан жеке компания құру тәжірибесі қалыптасқан. Мұндай шаралар үнемі процестің қозғалт­қы­шына айнала бермейді, оның үстіне жылдам нәтиже бере алмасы да анық. Керісінше, жасанды кедергілер тудыруы мүмкін.

Бүгінде Қазақстанда 7000-ға жуық мемлекеттік компания бар. Оларды бизнес қатысып отырған салалардан алшақтату қажет дер едім. Бүгінгі таңда Қазақстанда экономикадағы мемлекеттің үлесі 50 пайыздан асады. Осы мемле­кет­тік компаниялар қолдаусыз, өздері әрекет ететіндей жағдайға тап болса, мемлекеттің көмегінсіз еш нәтижеге қол жеткізе алмайтыны айдан анық.

Бизнеске өз бетінше жұмыс істейтін барлық бәсекелестік қыз­мет түрлерін беру қажет екені­не сенімдімін. Ең бастысы, олардың жұмысына кедергі жасамаған жөн! Бұл жұмысты дамыған елдердегідей мемлекет жай ғана бизнес үшін еркін жұмыс істейтін жағдай жа­сай­­тындай етіп ұйымдастыру қажет.

– Президент қазақстандық кәсіпкерлерді қолдайтынын, инвестицияларды тартуға және қорғауға барынша атсалысатынын айтты. Біздің кәсіпкерлерді қолдау үшін не істеу қажет?

– Елде қолайлы экономикалық жағдай жасау үшін мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, рұқ­сат беру жүйесі оңтайландырыл­ды: егер 2011 жылы 1 115 лицензия және рұқсат берілген болса, қазір олардың саны 315-ке жетті.

Бірақ бұл жеткіліксіз. Кәсіп­кер­лердің айтуынша, шенеунікпен тікелей байланыс жасау айтар­лық­ай келеңсіз жағдайлар туғызады. Көбіне кәсіпкерлер мемлекеттік органдарға жүгінгеннен кейін артынша тексерулер, құжаттарды талап ету, кабинет аралау тәрізді келеңсіздіктер орын алатынын алға тартады.

Шенеуніктердің қабылдауында болудың немесе қандай да бір ақпарат алудың қиындығы туралы шағым кәсіпкерлерден жиі түседі. Сондай-ақ әрбір министрліктегі комитеттердің саны айтарлықтай көп және қандай да бір рұқсат алу үшін қаншама рәсімдеу үрдісінен өту керек. Мұндай байланысты болдырмау үшін барлық мемле­кеттік қызметтерді автомат­тан­дыру қажет. Сонда мемлекеттік құрылымдардың саны да маңызды болмас еді.

Мысалы, Сингапурде ұялы телефон арқылы кәсіпорынды тіркеп, ашуға болады. Ешкімнің алдына барудың қажеті жоқ. Құжаттарды интернет арқылы жүктесеңіз жетіп жатыр.

Автоматтандырылған жүйенің бірі – жол жүру ережесін бұзу фактісі орын алғанда түсіріп алатын бейнекамералар. Ыңғайлы ғой. Ережені бұздың ба – айыппұл төлейсің. Бір рет айыппұл төлеген жүргізуші екінші рет ережені бұзбауға тырысады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік орган­дардағы процестерді цифрлан­ды­рудың маңызын, оның ішінде халықпен, кәсіпкерлермен өзара іс-қимылындағы рөлін атап өткен болатын.

Бір мысал келтірейін. Сот жүйесін цифрландыру бизнес үшін қандай мүмкіндіктер ашады? Біріншіден, сот ісін жүргізудің қисынды логистикасы. Кәсіпкер­лер сотқа арыз бергеннен бастап және істің түпкілікті шешілуіне дейінгі барлық процесті «цифрлық бақылауда» ұстай алады.

Екіншіден, бұл сот процес­терінің барынша ашықтығын қам­та­масыз ету, соның ішінде судья­ларға жүктемені төмендетуді қамта­масыз ету, бюджетті үнемдеу, ең бастысы – азаматтардың жалпы сот жүйесіне деген сенімін арттыру болмақ.

Мысалы, кәсіпкерлер жиі сот процестеріне қатысады. Әрине, мұндай талқылаулар олардың көп уақытын алады. Егер бұрын сот процесіне қатысу талап етілсе, қазір сот оны қашықтықтан, бейне-конференц байланыс арқы­лы өткізуге құқылы. Бұл жаңа­лық іс жүзінде өзінің тиімділігін көр­сетті, өйткені істерді сот залы­нан тыс қарауға мүмкіндік береді. Бұл процеске қатысушылар үшін өте қолайлы. Шын мәнінде, цифр­ландыру процестердің ашықтығын қамтамасыз етеді, бизнестің мемле­­кеттік органдарға деген сенімін арттырады.

– Ал қылмыстық заңнаманы ізгілендіру қандай нәтиже берді?

– Бағасын өзіңіз беріңіз, қыл­мыс­тық заңнаманы ізгілендіру нәти­жесінде кәсіпкерлік ортадағы құқықбұзушылықтар үшін санк­ция­лар төмендеді, тек эконо­ми­калық құқықбұзушылық­тар бойын­ша қылмыстық істер саны 5 есе қысқарды.

Егер Бас прокуратура, Үкімет, Парламент тарапынан жан-жақты қолдау болмаса, мұндай нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмас еді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Өйткені, бүгінгі таңдағы өте өзекті талаптардың ертең қажет болмай қалуы да мүмкін.

– Жер мәселесіне қатысты не дейсіз? Кәсіпкерлер бұл мәселені әлеуметтік желілерде көп көтереді, БАҚ-та да жиі сөз болады.

– Шынында да, бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Бұл кейбір жергілікті атқарушы орган­дар­дың салғырттығының нәтижесі дер едім. Өткен жылы жергілікті атқарушы органдар берілген жер учаскелері туралы барлық ақпа­ратты ашық түрде (әкім­діктердің сайттарында, интернет-ресурс­тарда, БАҚ-та), беру негіздерін, нысаналы мақсатын және т.б. көрсете отырып, учаскелерді алған адамдардың тізімдерін орналасты­руға міндетті екендігі анық жазыл­ған болатын, бірақ әлі де осы ақпа­рат­ты интернет-ресурстарда орналастырмаған өңірлер бар. Бүгінгі таңда 203 әкімдіктің 107-сі ғана жариялады. Ал енді бұл – заңды орындамау. Біз бұл мәселеге тұрақты мониторинг жүргіземіз.

Бизнес мемлекеттік органдар іс-әрекетінің ашықтығын қалай­ды. Көптеген елдің даму тәжірибесі көрсеткеніндей, шағын және орта бизнестің дамуы ел экономика­сы­ның тиімділігін арттыруға ықпал етеді, яғни экономиканың маңыз­ды сегменті. Сондықтан да мемле­кет­тік органдар мен бизнес өкілде­рінің өзара бірлесіп жұмыс істеу мәселелері ерекше маңызға ие.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Шыңғыс ЖӘНІБЕК