Денсаулық және қауіпсіздік
Денсаулық және қауіпсіздік
605
оқылды

Елбасының көреген саясатын тағы бір қырынан айқындаған жоба – Ұлт жоспары, яғни бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» екені анық. Ұлт жоспарында денсаулық сақтау саласы да кеңінен айтылған. Медициналық қызмет сапасы – барлық мемлекет үшін, оның ішінде дамыған мемлекеттер үшін де өте маңызды мәселе. Бұл ретте барлық азаматтарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етудің де алар орны ерекше.

Бүгінде тегін медициналық кө­мек пакетіне барлық қызмет енген. Өкінішке қарай, ол тек қағаз жү­зін­де ғана. Ал мемлекет бөлетін қар­жы халықтың сұраны­сын то­лық қанағаттандыру­ға жетпейді. Оның үстіне, медқызмет құны үне­мі қымбаттап отырады, ал он­сыз да арзан тұрмайтын қондыр­ғы­лар қосымша қызмет көрсетіп, жиі-жиі жөндеуді талап етеді.

«Бөлініп отырған қаржы меди­ци­налық қызметтерге сұранысты толық жабуға жетпейді. Салдары­нан халық денсаулығына жұмсала­тын шығынның бір бөлігін өз қалта­сынан шығаруға мәжбүр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне осы жағдай түрткі болды. Өйткені жаңа жүйе денсаулық сақтау саласына қосымша қаржы тартып, халыққа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді», – дейді «Әлеу­мет­тік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы дирек­торы Забира Оразалиева.

Оның айтуынша, жүйе сақтан­дырылған азаматтарға жарнаны мүмкіндігіне қарай төлеп, медици­налық көмекті қажетінше алуға көмектеседі. Себебі, таразының басында ақша табу емес, барлық азаматтарды қолжетімді, сапалы медициналық қызметпен қамтама­сыз ету мәселесі тұр.

Қаржы жетпегендіктен, тегін көмек тізіміне енген қызметтердің көбі қағаз жүзінде қалып қойды. Қаражат тапшылығы, әсіресе, оңал­ту, дәрі-дәрмекпен қамтама­сыз ету, паллиативтік көмек сынды са­ла­ларда ерекше байқалады. МӘМС енгізілгеннен кейін атал­ған қызметтердің қолжетім­ді­лігі артып, сапасы жақсара түсуі тиіс. Өйткені оның бәрі міндетті сақ­тан­­дыру пакеті есебінен көрсеті­ле­тін болады.

«Бізде оңалтуға жұмсалатын шығын 2,5 есе артқан. Бастапқы меди­циналық-санитарлық көмек­ке бөлінетін қаржы көлемі 50 па­йыз­ға көбеймек. Осындай града­ция­­лардың арқасында белгілі бір қызметтерді толыққанды қаржы­лан­дыруға мүмкіндік туады. Мыса­лы, бұрын мұның бәрі мемлекеттің мойнында болса, енді оның қомақ­ты бөлігі МӘМС арқылы іске асы­ры­лады», – дейді Забира Оразалиева.

Бас­тапқы медициналық-сани­тар­лық көмек бұрынғыша тегін көмек пакетінде қалады және енгізілгеннен кейін де өзгеріссіз көр­сетіле береді. Яғни, емханалар тір­келген пациенттерге бұрынғы­ша қызмет көрсете береді, үйге шақырған пациенттерге барады, балалар мен жүкті әйелдерді бақы­лайды. 4 санаттағы жедел жәрдем шақыртуларына да солар барады. Және мұның бәрі міндетті түрде тегін көрсетіледі.

Қазіргі талап бойынша бір жал­пы практика дәрігеріне тіркел­ген пациенттер саны 1 700-ден аспауы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылға қарай бұл көрсеткішті 1 500-ге дейін төмендетуді жоспар­лап отыр. Нәтижесінде, емханалар­да­ғы кезек азайып, учаскелер саны артады. Бұл үшін қосымша учас­келер ашуға күш салуы керек.

Тегін медициналық көмек, ең алдымен, Қазақстан азаматтарына, оралмандар мен елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтарына көр­се­тіледі. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар аурулар мен динамика­лық бақылауға жататын сырқаттар да тегін емделеді. Ал Қазақстанда уақытша тұратын шетелдіктер кепіл­дендірілген тегін медицина­лық көмекті пайдалана алмайды. Егер шұғыл операция қажет бол­ма­са пациентке жоспарлы медици­на­лық көмек көрсетіледі. Мысалы, кардиолог, невропатолог, окулист сынды салалық мамандарға жос­пар­лы түрде қаралып, емделу керек. Пациентке қымбат зерттеу­лер жасау қажет болса, қосымша бірнеше маманға қаралу қажет. Осының бәріне жұмсалатын шы­ғын сақтандыру есебінен жабыла­ды.

Мысалы, науқасқа операция жасау қажет болды делік. Бірақ шұғыл операцияның қажеті жоқ. Сон­дықтан дәрігерлер ота жасала­тын күнді белгілеп, операцияны жоспар бойынша жасай алады. Мұндай жағдайда қызмет ақысы МӘМС қаражаты есебінен өтеледі. Ал егер пациентті жедел жәрдем­мен әкеліп, оның өміріне қауіп төне­тіндей жағдай болса, операция мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, тегін жасалады.

Жалпы, оңалту – шұғыл көрсе­ті­летін қызмет түріне жатпайды. Оңалту бұрын тегін медициналық көмек пакетінде болды, бірақ қар­жы тапшылығы салдарынан ешқа­шан толыққанды көрсетілген емес. Ал МӘМС енгізілгеннен кейін бұл қызмет қолжетімді бола түсті. Әсіресе, мемлекет тарапынан сақ­тан­­дырылатын жеңілдігі бар 15 санат­қа кіретін мүгедектер, зей­нет­керлер, балалар тарапынан оңал­ту қызметіне деген сұраныс жоғары. Бұл санаттағылардың жалпы саны халықтың 60 процен­тіне жетіп жығылады.

«Мысалы, мен еш жерде ресми түрде жұмыс істемейтін үйбикесі­мін делік. Табыс көзі бар. Бірақ мен ресми жұмыс істемеймін, жұ­мыс­сыз ретінде тіркелгім келмейді. Үйде, бала тәрбиесімен айналы­са­мын. Сонда мен медициналық қыз­мет пакетін толыққанды пай­да­лану үшін не істеуім керек? Мұн­дай азаматтар ең төменгі жала­қының 5 проценті мөлшерін­де, айына шамамен 3 000 теңгеге жуық төлем жасап, сақтандыру жүйесіне қатыса алады. Есесіне, қажет бол­ған жағдайда сақтандыру пакетін­дегі барлық қызметті пайдалануға болады», – деді Забира Оразалиева.

Жарнаны Медициналық сақ­тан­дыру қорына төлеуге немесе бірың­ғай жиынтық төлем ретінде төлеуге болады.