Олар бассыздыққа қарсы бірікті
Олар бассыздыққа қарсы бірікті
296
оқылды
АҚШ-тың Миннеаполис қа­ласының 46 жастағы тұр­­ғыны Джордж Флойд­тың өлімі жаппай наразылық ше­рулерге түрткі болды. Се­бебі Джордж Флойд поли­ция қолынан қаза тап­ты деген күдік растал­ды. Ал­ды­мен сол қала тұр­ғын­дары полиция ғимара­ты­ның алдына келіп, қарсы­лы­ғын білдірсе, кейін бүкіл ел бойынша бейбіт жиын­дар жаппай тәртіп­сіздікке ұласып жатты. Халықтың бұлай толқуы­ның басты себе­бі – Дж.Флойд қара нәсіл­ді, ал оның мойнына 7 минут тізесін батырып, ұстап тұр­ған полицей ақ нәсіл­ді еді. Яғни, расизм мәсе­лесі қайта ушықты. Сол күні дүкен иесі кезекті клиент 20 долларлық жалған ақ­ша­мен есеп айырғысы келетінін хаба­рлап, полиция шақырады. Тәртіп сақшылары күдікті Джордж Флойдты құрықтайды. Дүкен сыртында полиция офицері Дерек Шовин оның қолына кісен салып, 7 минуттан аса уақыт мойнына тізесін батырып, бетін жерге тақап ұстап тұрады. Қалған үш полицей екеуін айналшақтап жүреді. Осы уақытта Джордж Флойд бірнеше рет «Тұншығып жатырмын» деп мойнын босатуын сұраған. Болып жатқан оқиғаны қала тұрғындары видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратып жібереді. Видеоны көрген қара нәсілді Миннеаполис жұрты қас қарая қалалық полиция ғимаратының алдына жиналып, бояулар лақтыра бастайды. Ерте­сіне оқиғаға қатысы болған 4 поли­цей де жұмыстан босатылғаны бел­гі­лі болды. Оқиға осылай бастау алып, ары қарай күрделене өрбіді. Карантин, жұ­мыссыздық, локдауннан шар­шап отырған халыққа бұл оқиға от ұшқынындай болды. Бүгінде поли­цияның озбырлығына қарсы шы­ғып, әділдікті талап еткен ха­лық Сан-Фран­циско, Нью-Йорк, Атланта, Чикаго, Детройт, Хьюс­тон, Уашинг­тон және басқа да қала­ларда көшеге шықты. Көбіне бейбіт шерулер көліктерді жағуға, дүкендер мен супермаркеттерді тонауға ұласып, наразылықтың о бастағы мақсат-мұраты жоғала бастады. Миннеаполис қаласының басшылығы жағдайды бақылай алмайтынын түсініп, АҚШ-тың Ұлт­­тық гвардиясының 500 сарба­зын көмекке шақырды. Бүгінде халқы бас көтерген қала саны 150-ге жетті деген мәлімет бар. 40 қалада комменданттық са­ғат енгізілген. Расизмге қар­сы пи­кет жасаушылар АҚШ аста­на­сы Уашингтон қаласында да шықты. Олар Ақ үйге жақындап, поли­циямен қақтығысты. Қауіп төнуіне орай АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үй бункерінде 1 сағатқа жуық жасырынуына тура келді. Ал полиция демонстранттарға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданған. Алайда митингті басу әдістеріне қатысты көзқарас әртүрлі. Трамп «Митинг тоқтамаса, елге армияны кіргіземін» деп тістеніп отыр. Феде­ралды билік мұны қажеттілік са­наса, Уашингтон қаласының мэрі ха­лыққа қарсы қару қолдануды мас­қара тірлік деп есептейді. Нью-Йорк мэрі де осы пікірде. Қос қала­басы пикетшілерге қар­сы әскерилердің, тікұшақтың қол­да­нылуына келіспейді. Ел аста­на­сына 1 600 сарбаз кіргізілді. Бір қызығы, армияға жауапты Пен­тагон басшылары да әскердің поли­ция функциясын атқаруына қарсы екен. Әрине, осынша қару мен мың­даған халық көшеде қақты­ғысқанда  адам шығыны бола­ры хақ. Әзірге 11 адам көз жұм­ды, жүз­деген адам жарақат алды, мыңдаған адам тұтқындалды. Айтпақшы, кейбір қалаларда ми­тингілерді басуға шыққан по­ли­­цейлер бір аяғын бүгіп, елден ке­шірім сұраған. Яғни, халық­тың ұстанымына, талабына келіс­кен. Сондай-ақ қара нәсілді азамат­тардың алдында бір топ ақ нәсілді жұрт та аяғын бүгіп, осы уақытқа дейін созылған расизм үшін ке­ші­рім сұрады. Осы аптада Джордж Флойд от­басы жалдаған патологоана­том­дар оның кісенделген жерде миға қан келмеуінен көз жұмғанын хабар­лады. Яғни, полицей Дерек Шовин аяғымен Дж. Флойдтың ұйқы күретамырын басып, оған ты­ныс алуға мүмкіндік бермеген. Қазір Шовиннің өзі құрықталып, абай­сызда кісі өлтіру айыбы тағы­лып отыр. Егер аталған айып дәлелденсе, ол 40 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүм­кін. О баста Шовиннің жа­нын­да болған үш полицей тек жұ­мыс­тан шығарылса, қазір оларға да адам өлтіруге итермелеу, арандату айыбы тағылды. Сонымен, Шо­вин­мен дүкенге барған Ту Тао, Томас Лэйн және Александр Куэнг те тұтқындалды. Ал мұндай қоғамдық қысымға шыдай алмады ма, әлде ар-ұяты жібермеді ме, Дерек Шовиннің жұбайы ажыра­суға арыз беріпті. Қысқасы, бір полицейдің өз қызметін асыра пайдалануы елдің де, өз өмірінің де астан-кестеңін шығарды. Жалпы, АҚШ-та полиция ерекше құқыққа ие және қауіп туған жағдайда адамға оқ атуға мүмкіндігі бар. Мәселен, 2015 жылы Уашингтон пост газеті өз зерт­теуін жүргізіп, полиция қолы­нан қаза табатындардың ара­сында қара нәсілділер басқа­ларға қарағанда 3 есе көп екенін анықтаған. Сол жылы полиция алғашқы 5 айда 385 адамды атып өлтірген, яғни күніне 2 адамды о дүние аттандырып отырған. Дегенмен АҚШ сарапшылары шынайы статистика бұдан да көп екенін, полиция көп жағдайда өз құрбандарын жасыратынын мәлімдеген. Ал 2019 жылы АҚШ-тың  тәртіп сақшылары 1 004 кісі­нің көзін жойған. Әрине, олар­дың бәрі заңды қатаң орын­даған үлгілі азаматтар деп айта алмаспыз, бірақ олардың 100 пайызы толық кінәлі әрі полицей оғынан өлуге лайық еді деп ешкім толық сеніммен айта алмайды. Бірақ 2017 жылдан бері полиция атып тастаған адамдардың 209-235 жуығы қара нәсілді азамат болған. Яғни, 3 жылда сан өзгермеген. Ал полицей қолынан көз жұмған ақ нәсілділер саны соңғы үш жылда кеміп отырған. Бұл нені білдіреді? Соңғылары тәртіп бұзуды азайтты ма? Дөп басып айту қиын. Бір адамның өлімі тек бір елде ғана емес, расизм жиі кездесетін басқа да мемлекеттердегі толқу­лар­ға себеп болды. Бір қызығы, бұл де­мократиялық деп есептелетін Франция, Ұлыбритания, Германии, Нидерланд, Австралия, Жаңа Зелан­дия­да болды. Мәселен, Парижде 20 мың адам 2016 жылы полицейлер кі­сендегенде көз жұмған Адам Трао­ре­ні еске алып, көшеге шықты. Ал Лон­донда бетін жапқан бір топ жас премьер-министрдің кеңсесін шабуылдауға тырысты. Яғни, нәсілге қарай адам құқығын таптау не шектеу бүгіннің негізгі проблемаларына ай­на­лып отырғаны көрініп-ақ тұр. Мұны көптен бері аталған мәселеде іште жиналған запыранның сыртқа шығуы деп түсінсек те болар. Алайда бұл мәселеде бірден қару ұстаған құқық қорғаушыларды айып­тауға тағы болмас. Нақты ста­тис­тика істің мәнін ашады. Мәселен, көз жұмған  Джордж Флойдқа ең алдымен жалған 20 долларды қол­дан­ды деп күдік түсті. Оған қоса, ол бұған дейін де ұрлық үшін 5 жыл бас бостандығынан айырылған адам еді. Әрине, кім болса да, оның мойнына тізені батыруға болмайды. Жалпы, АҚШ-та 328 млн ха­­лық­тың 14 пайызы ғана қара нә­сіл­­ді. Бірақ 2018 жылы есірткіге қатыс­ты қылмыс үшін 100 мың қара нәсіл­ді халыққа шаққанда 750 адам тұтқындалса, ақ нәсілділер ара­сында дәл осы қылмыс үшін 100 мың адамның 350-і ұсталған. Яғни, афро-америкалықтар есірткі сау­дасы, қолданысы және басқа да заң бұзушылықтарға бір табан жақын дегенді білдірсе керек. Айтпақшы, сөз болған «түсті азаматтар» АҚШ-та түр­меге жиі түсетіндер екен. Жоға­ры­да айтқандай, афро-амери­ка­лықтар үлесі елде 14 пайыз болса да, олар сотталғандардың 30 пайызын құра­ған, ал ақ нәсілділер елде 74 па­йыз, бірақ абақтыдағылардың 30 пайы­зы. Сонымен, Джордж Флойд өлімі, халықтың оған наразылығы АҚШ-та расизм әлі де шешілмеген үлкен проблема екенін айшықтап берді. Алайда осыншама толқу, митинг келешекте адамдардың құқығын нәсіліне қарамай тең етуге ықпал ете ме, әлде тағы да тарих қойнауына еніп, ұмытылып кете ме, оны уақыт көрсетер. Себебі Джордж Флойд по­ли­цей қолынан көз жұмған алғаш­қы қара нәсілді емес.  

 width=Нұрмұхамед БАЙҒАРА