Масктың айдаһары «Байқоңыр» бағын байлай ма?
Масктың айдаһары «Байқоңыр» бағын байлай ма?
287
оқылды
SpaceX компаниясында небәрі 7 мыңдай адам еңбек етеді. Ал Ресейдің «Роскосмос» кәсіпорындарында ша­ма­­мен 200 мың адам жұмыс істейді. Осыған қара­мастан, Илон Масктың компаниясы Ресей мемкорпо­рациясын ғарышкерлер тасудағы монополиясынан айырып қана қоймай, оны кем дегенде 5 жылға артта қалдырды.  

Орыс аюының басын «аждаһа» жұтты

2020 жылғы 30 мамырда И.Маск компаниясы құрастырған Crew Dragon-ның «көк сеңгіріне» жол тартуы нәтижесінде кос­мо­­нав­тиканың жаңа дәуірі бас­тал­­ды. Ақаулы болып, әуеде жа­­рыл­ған Space Shuttle ғарыш кеме­сінің бағдарламасы 2011 жыл­ғы 8 шілдеде жабылғалы алғаш рет АҚШ ғарышкерлер отыр­ған төл зымыранын өз жері­нен ұшыра алды. Әйтпесе, әлем­дік алып держава 9 жыл бойы астро­навттарын Халықаралық ға­рыш стансасына (ХҒС) жет­кізу үшін Ресейдің және «Байқоңырдың» көмегіне жүгінуге мәжбүр болып келген еді. «Роскосмос» сала­дағы монополиялық жағдайын ба­рынша пайдаланды. Мыса­лы, SpaceX жетістікке жете­рі­не шүбәланған NASA өз бағ­дар­­ламаларын сақтандыру үшін биылғы мамырдың ба­сын­да Ре­­сей­дің ғарыш қызме­ті сала­сын­­дағы мемкорпо­ра­циясымен контракт бекітті. Келісімге сәйкес, «Рос­космос» «Байқоңыр» арқылы ұшы­рылатын ғарыш кемесінде аме­рикалық ғарышкерге бөлінетін 1 орынды 90 миллион 252 мың 905 долларға бағалаған! Неге сонша қымбат? Бірінші себебі: солтүстік көршінің ға­рыш­тық кемесі – бір рет қана пайда­ланылатын өнім. «Протон» және «Союз» аспанға көтеріле сала сатылары бірінен соң бірі отқа оранып, қазақ жеріне құлайды не ғарышты қоқсытады. Ал Crew Dragon-ды алып ұшқан Falcon 9-дың аса қымбат бірінші сатысы кері қайтып, Атлант мұхитындағы қалқымалы платформаға ақырын ғана қонды. Ғарыш ісіндегі осы ғажайып оқиға SpaceX сайтында трансляцияланды. Маск оны келесі жолы қайта қолданбақ. Бұл ұшырылым бағасын арзандатады. Тағы бір ерекшелігі сол, «Про­тон» аса улы гептилмен, ал SpaceX кемесі экологиялық қауіпсіз керосинмен және сұйық отте­гімен «қоректенеді». Екінші себебі – АҚШ-пен бар салада тайталасатын Ресей бақ­таласының күні өзіне түскен соң оған еш аяушылық танытпады. Алғашында бір орынды 50 мил­лион доллардан бұлдады. Содан кейін жыл сайын өсіре берді. Өткен жылы $82 миллионға жет­кізді. Мысалы, 3 орындық Союз-МС-тің 1 ұшырылымы сол­түстік көршіге 70 миллион долларға түседі. Яғни, бүкіл ұшу шығынын жалғыз америкалық астронавт өтеп беретін. Америкалық зымырантасы­ғыш­пен ХҒС-ке жету NASA-ға 50 миллион долларға түсті. Бұл баға алда төмендемек. Өйткені Crew Dragon тұңғыш сапарында тек 2 астронавтты – 49 жастағы пилот Роберт Бенкен мен 53 жасар Дуглас Херлиді ғана алып ұшты. Тиісінше, 1 орын құны қымбаттау болды. Шынында, ол ғарыш кеме­сіне бірден 4 ғарышкер сыяды. Қалай болғанда, «Роскосмос» енді АҚШ ғарышкерлерін тасу­дан тауып келген жүздеген мил­лион доллардан қағылатыны анық­талып отыр.  

Илон неге тоқалдан туғандай күйде?

«Шатл» бағдарламасы доға­рыл­­ға­сын Америка мемлекеттік жоба атаулыдан бас тартып, ға­рыш­кер тасымалдайтын кеме жа­сауға жеке секторда байқау жария­лады. Оны 2014 жылы атақты Boeing және Илон Масктың SpaceX компаниялары жеңіп алды. Алайда Boeing дайындаған Starliner тестілік ұшу кезінде сәт­сіз­дікке ұрынды. Ал Сrew Dragon табысқа ғана емес, Амери­каның қолын жұлдыздарға жет­кізді. Осы орайда, сарапшылар АҚШ басшылығының гений Маск­ты жете бағаламай отырға­ны­на назар аудартады. ХҒС-қа қос америкалық ғарышкерді апару арқылы SpaceX ғарыш сала­сын­да­ғы планетарлық деңгейдегі ең қуатты ойыншы екенін паш етті. Бірақ АҚШ ғарыш агенттігі оны лайықты қаржыландырудан ат-тонын ала қашып отыр. Мысалы, Boeing құрастырып жатқан Starliner-ге NASA 4,2 миллиард дол­лар бөлген. Ал Илон Маскқа Crew Dragon-ды одан екі еседей аз бюджетке – 2,6 млрд долларлық контракт аясында жасауға тура кел­ді. Америка ғарыш агенттігінің директоры (NASA) Джим Брай­ден­стайн SpaceX биік межені бағын­дырғанымен, Boeing ұсыны­сын анағұрлым тартымды деп санай­тынын ашық мәлімдеді. Агент­тіктің ішкі құжатында бұл бы­лайша тұжырымдалған: «SpaceX-ке қарағанда Boeing ұсы­ны­сы техникалық тұрғыдан да, ком­пания менеджменті жөнінен де үздік. Сондықтан Boeing-ке кө­бірек төлеу ұйғарылды». Кім­нің үздік екенін 30 мамырдағы ұшы­ры­лым көрсетті. Ал Boeing-тің «ана­ғұрлым тартымды» ұсынысы ұшу дайындығы деңгейіне шыға алмауда. Оның үстіне, аса қымбат Starliner сыйымдылығы бойынша Crew Dragon-ға есе жібереді. The New York Times талдауын­ша, бірлескен еншілес кәсіпорын құрған Boeing пен Lockheed Martin басқармаларына көптеген беделді, билік үшін құрметті тұлғалар кіреді. Олар Маскты тең санамайды, онымен іскерлік серіктес те емес. Boeing-тің NASA-да, әскери құрылымдарда ХХ ғасырдан бері жолға қойылған лоббистік бай­ла­ныстары бар. Демек, «жер астынан жік шыққандай» пайда болған жаңа әрі жасампаз ком­па­нияға бұлар сүйек-саяқ таста­ғанымен, мембюджеттің майшелпек бөлігін бәрібір бер­мей­ді. Қазақшалап айтқанда, бас табаққа шақырмайды, сарқыт қана ұсынады. Биліктің бюд­жет бөлісінде «дұрыс», «ескі» ком­панияларға басымдық бе­ре­тіні америкалық ақпарат құ­рал­дарында талай жыл өткір сынға тамыздық болып келеді. Одан АҚШ ғарыш саласындағы сы­бай­лас жемқорлық пен лоб­бизм жойылар емес. Мәселен, NASA Жер тари­хын­дағы ең алып ғарыш кемесі Starship-ті кемеліне келтіру үшін SpaceX-ке беретін қаражат Марсқа ұшуға жетпейді екен. «НАСА Марсқа бет алатын кеме­нің Айға дейінгі сапарының құ­нын ғана өтейтін болды» деп баға­лады сарапшылар. Салыстыру үшін айтсақ, қы­зыл планетаға дейін ұшуы тиіс Orion ғарыш кемесін жасауы үшін Lockheed Martin-ге 2006 жылдан бері бюджеттен 21,5 миллиард доллар шығындалған (2021 жылы Орионға тағы 1,4 млрд беріл­мек), ал ол әзірге бірде-бір рет ұш­қан жоқ. SpaceX құрылған күнінен бері мемлекеттен осын­ша қаражат алып көрмепті. Соған қарамастан Crew Dragon, Falcon 9, Falcon Heavy ауыр және жеңіл зымырандарын адам­зат игілігіне тапсырды. 2018 жыл­ғы 4 желтоқсанда Falcon 9 екі қа­зақ­стандық ғылыми-техно­ло­гиялық спутникті орбита­ға сәтті шы­ғарды.  

«Байқоңыр» тағдыры не болады?

Кейінгі жылдары қазақстан­дық­тардың гептилге қарсы қоз­ға­лысы ақыры «Протон» ауыр зымырантасығыштарын ұшыру­д­ың азаюына ықпал етті. 2019 жылғы 24 желтоқсанда Ресей қазақ еліндегі ғарыш айлағынан былтырғы соңғы «Протонды» ат­тан­дырды. Бұл мерейтойлық ұшыру болатын: 1957 жылғы 4 қазан­нан бері «Байқоңырдан» тура 1 500 зымыран аспанға бет алып­ты. Осылайша, Ресей 2019 жылы жалпы саны 24 зымыранын ға­рыш­қа аттандырды: оның 13-і ғана «Байқоңырдан», 7-еуі – ресейлік Пле­сецкіден, біреуі – «Восточный» космодромынан, тағы үшеуі фран­цуз­дық Курудан ұшты. Жал­пы, «Протондар» жылына орта­ша есеп­пен 4 рет пайда­ла­нылып жүр. Не­гіз­гі жүктеме «Союздарға» түсуде. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев отын ре­тінде экологиялық қауіпсіз керо­синді пай­далана­тын Союз-5, Союз-6 жа­ңа зымыран­тасы­ғыш­тары «Бай­­­қоңырдан» 2062 жылға дейін, 40 жыл ұшатынын айтады. Осы мақ­­сатта «Бәйтерек» бірлескен жо­­ба­сы аясында «Назарбаев стар­ты» атал­ған ұшыру алаңы жасақ­та­лу­да. Ол 2022 жылға қарай дайын бол­мақ. 2023 жылы алғашқы Союз-5 ғарышқа жол тартуы тиіс. Ол 17 тон­на жүк көтере алады. Crew Dragon осы «союздарға» үлкен бәсе­келес болады. Илон Масктың кемесі әлдеқайда көп жүк жеткізеді (25 тоннаға дейін). Жерге оралатын капсуласының іші бар-жоғы 2,5 текше метр болатын «Союзда» ары кетсе, 3 ғарышкер әрең сығылысып отырады. Ал Crew Dragon Жерге басыбүтін оралатындықтан, онда экипажға 9,3 текше метр (3,72 есеге артық!) қолжетімді: ішінде, тіпті әжетхана бар. Рас, NASA онда 4 адамнан аспайтын экипажға ғана орын сайлауға тапсырыс берді. ХҒС-да көп астронавтты ұстап тұру қымбатқа түседі. Ендеше болашақта қалап жатса, сыйымдылықты 6-7 адамға дейін арттыра алады. Crew Dragon-ға балама ретін­де Ресей «Орел» атты зымыран­та­сы­ғыш­ты әзірлеп жатыр. Бірақ ол тек 2025 жылы ұшу сынағын бастамақ. Егер кемеліне жеткізілсе, әрине... Дегенмен мамандар «Байқо­ңыр­ға» бұрынғы көлемде болма­ғаны­мен, бәрібір сұраныс боларына сенімді. АҚШ-тың Айға қону, Марска ұшу секілді толып жатқан төл ғарыштық бағдарламасы бар. SpaceX көбіне соған бағдарланбақ. Ал қазақ жеріндегі ғарыш айлағы­ның ескі және жаңа ұшыру алаңда­ры бүкіл адамзатқа қызмет етуін жалғастыра береді.  

 width= Айхан ШӘРІП