Штаб мүшелері алғыс алды

Штаб мүшелері алғыс алды

Nur Otan партиясының Орталық аппаратында республикалық қоғамдық штаб мүшелеріне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғысхат тапсырылды. Марапаттау рәсіміне Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Мәулен Әшімбаев қатысты.

Nur Otan партиясы Төрағасы­ның Бірінші орынбасары Бауыр­жан Байбек сайлау науқаны кезін­де белсенді жұмыс істеген барлық штаб мүшелеріне алғыс білдіріп, олардың еңбегін жоғары бағалады.

– Құрметті, нұротандықтар, сіздерді марапаттау – мен үшін үлкен мәртебе. Елбасы – Nur Otan партиясының лидері сенбі күні партияға келген кезінде Мәулен Сағатханұлы мен партиямыздың бюро мүшелеріне рақмет айтты. Республикалық қоғамдық штаб шын мәнінде, белсенді, табанды жұмыс істеді. Тәуелсіз Қазақстан­ тарихында тұңғыш рет екінші Президентті сайладық. Сайлау науқаны кезінде өңірлердің бар­лы­ғын аралап, көп жұмыс ат­қар­ды­ңыз­дар. Сіздердің аймақтардағы жұмысыңызға өзіміз де куә болып, Nur Otan партиясының бюро мү­шесі, партия Төрағасының бұрын­ғы Бірінші орынбасары ретінде, елі­міздегі ең үлкен қала­ның бас­шысы ретінде де тақым қысып отырдық. Барлығымыз бірігіп, жеңіске жеттік, – деді Бауыржан Байбек.

Еске сала кетейік, жақында ғана елімізде өткен Президент сайлауы кезінде республикалық қоғамдық штаб үгіт-насихат жұ­мыстарын жүргізді. Оның құра­мына белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, кәсіп­кер­лер, журналистер, эстрада артис­тері және тағы да басқа танымал тұлғалардан тұратын барлығы 190 адам кірді. Сонымен қатар 6 мыңға жуық жақтастардың басын біріктірген 17 өңірлік және 210 аумақтық штаб жұмыс істеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 мың­нан аса сенімді өкілдері ай­мақ­тарда 100 мыңнан аса іс-шара­ өткізді. Ал кандидаттың қо­ғам­дық қабылдауында 20 мың­нан аса азамат болды. Өткен сай­лау науқанының басты ерекшелік­те­рінің бірі – Birge жалпыұлттық акциясы. Акция аясында әрбір қазақстандық кез келген мәселеге қатысты ұсынысы мен талап-тілегін жолдауға мүмкіндік алды.

Nur Otan партиясы Төраға­сының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия алдына қойған жаңа тапсырма­ларына назар аударды.

– Біз қоғамның жаңа сұра­нысын ескере отырып, партияның жұмысын жаңғыртуымыз қажет. Партияға деген сенімді, жұмыс қарқынын арттыру, жас маман­дар­ды тарту бағытындағы іс-шаралар­ды күшейтіп, кез келген мәселеде үнсіз қалмай, белсенді болуымыз керек, – деді Бауыржан Байбек.

Президенттің атынан партия­лықтарға алғысхатты Қасым-Жомарт Тоқаевтың республика­лық қоғамдық штабының жетек­шісі ретінде Мәулен Әшімбаев тап­сырды.

Клара НАҚЫП