Балалар үйіндегі былық
Балалар үйіндегі былық
Әсел БАЛТАҚЫЗЫ (коллаж)
413
оқылды
Аягөздегі психоневро­логиялық патологиясы бар балаларға әлеуметтік қыз­мет көрсету интерна­тын­дағы төрт баланың өлімі қоғамда дау туғызды. Төрт баланың бір ай көлемінде әртүрлі туа бітті аурулардан көз жұмғаны айтылған. 2008 жылғы ұл бала 2 сә­уірде, 2009 жылғы ұл 11 сә­уірде, 2006 жылғы ұл 20 сәуірде және 2012 жылғы қыз бала 29 сәуірде бұл фә­нимен қоштасқан. Ішкі істер министрлігінің іс қозғауына Аягөздегі келеңсіз жағдайға байланысты Қазақ­стан­дағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның әлеу­меттік желідегі дабылы себепкер болған еді. Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәселенің өзекті­лі­гіне мән беріп, еліміздің әр өңі­рінде орналасқан медициналық көмек көрсететін 113 мекемеге тексеру жүргізілетінін мәлім­де­ген-ді. Алайда тексеру жүргізілмей жатып, тағы бір оқиғаның шеті қылтиды. Бұл жолы Павлодардағы психоневрологиялық орталық­тың қызметкерлерінің балаларды ұрып-соққаны туралы ақпарат тараған. Аталмыш мекемеде жұ­мыс істейтін қызметкерлер мүм­кіндігі шектеулі жасөспірімдерді ұрып-соққан. Тіпті, балаларды түнгі уақытта төсегіне байлап қойып жүріпті. Таңертең босатуды да ұмытқан. Облыстық прокуратура бас­қарма басшысы Асхат Қоқым­баевтың айтуынша, «балаларға жұдырық жұмсау тұрақты түрде болған. Ұйықтар алдында төсекке байлап, оянғанда шешуді ұмыт­қан. Облыстық прокуратура осы деректерге қатысты 18 қылмыс­тық іс қозғады. Қазіргі кезде оның төртеуіне сот үкімі шықты. Бір қылмыстық іс соттың қара­уында. Қалған 13 іс бойынша сот­қа дейін­гі тергеу амалдары жүріп жатыр».  

Қауқарсыз баланы ұрып-соққан кім?

Қазір прокурорлық тексерудің барлық материалы құқық қорғау органдарына берілді. Тексеру нәтижесі көрсеткендей, 3 жастан 18 жасқа дейінгі 40-тан астам мүгедек балалары бар нейро­пси­хиатриялық орталықтың медби­келері мен тәрбиешілері емделу­шілерді арқанмен жиі байлап отырған екен. Сонымен бірге, заңға сәйкес психоневрологиялық патоло­гия­сы бар емделушілерге қатысты мұндай сақтандыру шаралары тек бір жағдайда қолданылады екен: яғни, психиатриялық аурухана­ларға қатысты. Балалар психо­неврологиялық орталығында ем­делушілерге әсер етудің басқа тәсілін таңдауы керек еді. Олар қандай бір агрессия тудырса да, қауқарсыз баланы ұрып-соғып, байлап қоюға бола ма? Көпшілік пікірі осыған саяды. Ата-аналар амалсыздан нау­қас балаларын осындай орталық­қа әкелуге мәжбүр. Бұл оларды қинасын, байлап қойсын деген сөз емес. «Ата-аналар науқас ба­ла­ларына шамасы келмеген соң, осында әкеледі. Олармен жұмыс істеу өте қиын. Кейде мәжбүрлі түр­де осындай қадамға барады» дейді ата-аналардың бірі. Балаларды «қинаған» қыз­мет­керлердің жазасы ауыр болуы керек. Орталық дирек­торын жұ­мыстан шығару мәселесі де ай­ты­лып жатыр. Ал психоневро­логия­лық орталық Павлодардың индус­триалды аймағынан қала­ның іс­керлік бөлігіне көшірілуі тиіс.    width= Бұл жағдайды «Nur Otan» пар­тиясы бақылауға алды. «Біз нақты осы мекеме басшысын және оған жауапты басқарманың жетекшісін жауапкершілікке тартамыз. Олар­ды партия құрамынан шығаруға шешім қабылдамақпыз», – деді «Nur Otan» партиясы ОФ партия­лық бақылау комитетінің төра­ға­сы Олег Костенко.  

Түркістандағы ахуал

Бұған дейін Түркістан облы­сын­дағы мүгедек балаларға ар­налған интернатта арнайы тексе­ріс нәтижесінде балаларды ұру фактісі дәлелденген еді. Бұл ту­ра­лы «Астана» арнасы арнайы ре­портаж жасаған еді. «Балалар орталықтағы төрт қызметкердің оларды ұрып-соқ­қанын айтқан. Дегенмен орталық директоры мен орынбасары, тәр­биешілер балаларға құлақ аспаған және тиісті шараларды қабыл­дамаған. Тексеріс кезінде төрт адамның үшеуі өз еркімен жұмыс­тан шығып кеткен. Қазіргі таңда бұл іспен Төле би ауданының Полиция басқармасы айналысып жатыр» дейді. Балаларға «бұзылған» азық-түлік бергені, олардың денесін жы­лытқыш құрылғыларға күйдіру фактілері болғаны айтылған. Қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, медқыз­меткер мен педагогтер екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Комиссия мүшелері ме­ке­менің әкімшілігін түгелдей ауыстыруды талап етіпті.  

Аружан Саин не дейді?

«Бізде өкінішке қарай, осын­дай мекемелерде оқыс жағдайлар болып, балалар құқығы аяққа тапталып жатыр. Қаншама тексе­рістен ешқандай нәтиже жоқ. Әрі кетсе, басшысы бір мекемеден осы жүйедегі бір мекемеге жұмыс ауыстырады. Менің алаңдай­ты­ным, интернаттағы ата-анасы жоқ балалардың құқығын қорғау қиын. Жанында қорғайтын ада­мы да жоқ. Мұндай мекемелер облыс орталығынан шалғайда ор­налас­қандықтан, жұмысын бақылау оңай емес. Сондықтан мұндай ме­кемелерді облыс орта­лықта­рына немесе ірі қалаларға көшіру керек деп есептеймін. Сонда өңір­дегі басшылар, бас­қарма, де­партамент жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар, проку­ра­тура, қо­ғам белсенділері жағ­дай­ды бақы­лап, балалардың өмі­ріне араласар еді», – дейді Аружан Саин. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің көтеріп отырған мәселесі орынды. Шалғай ауылдардағы интернатта не болып жатқанын көпшілік біле бермейді. Мұндай орталықтардағы емделушілердің хал-ахуалы қандай? Неге біз төрт баланың өлімінен кейін, не бол­маса, Павлодардағы психонев­рологиялық орталықтағы «жұды­рық жұмсау» оқиғасынан кейін ғана хабардар боламыз. Ата-ана баласын ондай орталыққа ерік­кеннен апармасы белгілі. Жаны жаралы, мүмкіндігі шектеулі ба­лаға одан ары қиянат көрсетсек, байлап қойсақ, «ұрып-соқсақ», адамдық қасиетіміз қайда? Әлде жанында жанашыр адамы жоқ балалардың құқығы осылай тап­тала бере ме? «Ерекше қажеттілігі бар адам­дар үшін бірдей мүмкіндік жаса­луы тиіс». Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жол­дауында осылай деген еді. Ендеше, мүмкіндігі шектеулі балалар да қоғамның бір мүшесі. Оларға да дені сау адамдарға жасалғандай мүмкіндік жасалуы тиіс. Оларды қоғамнан алшақ­та­туға, қиянат көрсетуге жол жоқ.    width=Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, әлеуметтанушы: – Оңалту мекемелерінде мұндай жағдайлардың жиілеуі, бала құқығының тапталуы біздің қоға­мымызда әлі де болса, азаматтық қоғам инсти­туттарының, бала құқығын қорғау бойынша үкі­меттік емес ұйымдардың жұмысының әлсіздігін, төмендігін, жолға қойылмағандығын көрсетеді. Себебі үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» жыл сайын бала құқығын қорғауға арнайы лоттар бөледі. Бала құқығын қорғау үшін бөлінген қаржыны тиімді жұмысқа жұмсап отырмыз ба, мәселе – осында. Мұны қадағалап отырған ешкім жоқ. Ол ұйымдардың есеп-қисаптары қағаз жүзінде қабылданғанымен, жалпылама сапалық бақылау жоқ. Сондықтан да бала құқығын қоғам болып, реттей алмай отырмыз. Үкіметтік емес ұйымдар мен әкімдік тарапынан арнайы комиссия түзілуі керек. Ол комиссияның құзыретіне осындай оңалту мекемелері бөлініп берілуі тиіс. Соған орай комиссия қоғамдық бақылау жүргізеді. Әрине, құқық қорғау органдары, прокуратура да бақылау жасап отырады. Дегенмен комиссияның жұмысы бөлек болуы тиіс. Балаларды оңалту орталығындағы, балабақшалардағы тәрбие­шілердің біліктілігі жоғары болуын да қамтамасыз еткен жөн. Өйткені олардың көбінің жалақылары өте аз. Ондай мекемелерде білікті мамандар жұмыс істеуге құлықсыз. Баламен жұмыс істейтін тәрбиеші және тағы басқа мамандарды жұмысқа алуда конкурс өткізген дұрыс. Өкінішке қарай, бізде ондай конкурстар жоқтың қасы. Жалақысы көтерілмесе, дұрыс әлеуметтік жағдай жасалынбаса, ондай меке­ме­лер­ге білікті маман бармайтыны анық. Біз осы жағын реттеуіміз қажет.  

 width=Гүлзина БЕКТАС