Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданындағы Черемшанка елді мекенінде Кеңес Омаровтың құрылтайшылығымен «Кеңес и К» мекемесі 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазақтың ата-дәстүрі мал шаруашылығымен қатар орман шаруашылығымен де айналысып, ағаш өңдеп, тақтай жасап, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Ірі қара мен жылқы бағып, ет өнімдерін нарыққа шығарады.
Сонымен қатар, «Самырсын» кәсіпорнында 70 адамға пұл төлеп, еңбекпен қамтып отыр. Бір ауылдың өзінде 250 адамға жұмыс тауып беріп, түшпара цехы мен наубайхананың жұмысын жүргізуде.
Жалпы ауылда 2000 тұрғын мекен етеді. Мұнда өрт сөндіру, балабақша қызметі бар. Кәсіпкер қарттарға көмектесіп, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау білдіреді. Ауылдың тіршілігі мен әлеуметтік ахуалын назардан тыс қалдырған емес. Тіпті көше бойы мен жолдардың тазалығын да өз мойнына алған.
Кеңес Омаров Республика бойынша жүзеге асып жатқан «Туған жерге тағзым» акциясы аясында атқарған тірлігі үшін марапатталған. Оны аудандық мәслихат пен Nur Otan партиясының филиалы да алғыс хаттармен марапаттаған.
Дәстүр сабақтастығын жоймай, үлкен шаңырақтың иесі Кеңес Омаров отбасында да үлгілі әке, қамқор жан. Отбасы да кәсіпкердің ауыр жұмысына қолғабыс етіп, көмектесіп тұрады. Жұбайы Наргиза есеп-қисап, сауда тұрғысындағы мәселелерді шешуге атсалысады.
Ауылдың тұрмысы түзелмей, елдің тұрмысы оңалмайтынын жақсы түсінетін кәсіпкер тұрғындарды жұмыспен қамту негізгі ұстанымдарының бірі екенін жасырмайды. Бүгінде ол өз жұмысшыларына 60-70 мың теңге көлемінде айлық беріп отыр. Қызметкерлері оның адамгершілігінің жоғары бағалап, адалдығын айтады.
–Жұмыс – маған спорт. Үнемі қозғалыста жүремін. Уақытпен санаспаймын. Туған жерім шығыстың ең көрікті жерлерінің бірі. Бізді айнала қоршаған орман бар. Мұнда жыл сайын он бес мың шаршы метр ағаш дайындаймыз. Сонымен қатар жыл сайын -65 мың түпке дейін ағаш отырғызамыз. Көбіне аққайың, қарағай, шырша отырғызамыз. Анам жалғыз өзі 5 баланы жетілдірді. Әділ болуға үйретті, – деп еске алады кәсіпкер.
Черемшанка ауылындағы құс фабрикасы жабылғаннан кейін бүкіл жұмыссыз қалған ауылдағы механизаторлар Кеңес Омаровтың мекемесіне орналасты. Жалпы бұл шаруашылық жыл сайын өркендеп келеді, болашак мақсаттары өте көп. Шаруашылық басшысы аянбай еңбек еткен жұмысшыларға қосымша сыйақы тағайындап тұрады.
Қызметкерлерінің жанұядағы жағдайларына да қарасады. Жалпы ауылда соңғы жылдары шағын және орта кәсіп дамып келеді. Аудан әкімі Азамат Байғонысов та елдің тұрмысының жақсаруына көптеп көңіл аударады. Қызмет көрсету орындары, дәмхана, наубайхана жұмысын тоқтатқан емес.
Тұрғындар сондай-ақ жеміс-жидек өсірумен айналысады. Саңырауқұлақтың түрі көп, оны теріп облыс орталығына дейін сатуға шығарады. Ауылда заман талабына сай барлық жағдай жасалған. Содан болар орыс ұлтының өкілдері көрші елге көшпей, өз Отанында қалуда. Демографияда да өсім байқалады.
Мира Мырзағали