Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші жалпы отырысы өтті. Бұл жиынға биыл «Адам капиталын дамыту» тақырыбы арқау болды.
Отырыста сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстан инвестициялардың қарқынды өсуіне қол жеткізгенін атап өтті. Еліміз шетелдік инвесторлардың жұмысы үшін қолайлы жағдайлар туғызып, инвестициялық ахуалды жақсартуда.
– Жаһандық экономиканың өсімі-не қатысты болжамдар нашарлауда. ЭЫДҰ есебіне жүгінсек, өткен жылы әлемде тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы сомасы 27%-ға – 1,1 триллион долларға дейін азайды. Соған қарамастан, өткен жылы Қазақстанда шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 24,3 миллиард долларды құрап, 2017 жылға қарағанда 16%-ға өсті. Бұл біздің ұжымдық күш-жігеріміз бен жемісті жұмысымыздың нәтижесінде мүмкін болды, – деді шетелдік инвесторларға қайырылған ел Президенті.
Дегенмен Қасым-Жомарт Кемелұлының байламынша, еліміздің алдында бірқатар сын-тегеурін тұр, оның қатарында жаһандық еңбек нарығының трансформациясы аталды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның дамыған елдер кіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарын таңдап алғанын жеткізді.
– Біз біртіндеп ұлттық заңнаманы жақсартудамыз. Қазақстан бірегей қаржылық институт – «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрды. Сонымен бірге, Қазақстанның ашық экономика екенін естен шығармаған жөн, тиісінше, әлемде болып жатқан үдерістер де экономикамызға әсер етеді, – деді Президент.
Оның байламынша, еліміз үшін адам капиталын дамыту – басты басымдықтың бірі. Сондықтан бүгінде білім берудің заманауи моделі түзілуде, білім инфрақұрылымы құрылып жатыр.
Қ.Тоқаев білім беру саласында алда реформалар жүргізілетінін жеткізді. Қазіргі уақытта басты мұрат ретінде кадрлар даярлау жүйесін сапалы жаңа деңгейге шығару міндеті тұр. Бұл үшін бірқатар шара қолға алынады.
Мемлекет басшысының мәліметінше, саладағы елеулі ілгерілеушілікке қарамастан, қазақстандық колледждер түлектерінің біліктілік-машығына жұмыс берушілердің 70%-ының көңілдері толмайды.
– Бұл білім беру сапасының сол бұрынғыдай жоғары емесін көрсетеді. Заман жаңа талаптар қоюда. Сондықтан алдағы 3 жылда алдыңғы қатарлы 180 колледж бен 20 озық жоғарғы оқу орны құрылады. Осы мақсатта республикалық бюджеттен бірінші кезеңге 58 миллиард теңге бөліп отырмыз. Ең бастысы, шетелдік серіктестерді белсенді түрде тарта отырып, оқыту бағдарламаларын айтарлықтай жаңарту және жаңғырту болмақ, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Оның байламынша, дүниежүзіндегі жетекші ЖОО-лармен стратегиялық әріптестікті қарқынды дамыту қажет болады. Еліміздегі оқу жүйесі жаһандық үздік стандарттарға сәйкес келуі шарт.
Қазақстан Президенті маман даярлау үдерісінің жұмыс жасап тұрған кәсіпорындармен байланысын жандандыру, кадрларды нарық сұранысына сай оза даярлау және қайта даярлау үшін колледждер базасында «Құзырет орталықтарын» құруды ұсынды.
– Кеңесіміздің шетелдік мүшелерін осы жұмысқа белсене қатысуға шақырамын. Үкіметке шетелдік әріптестерімізбен бірге ынтымақтастықтың аталған маңызды бағытында нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді Қ.Тоқаев.
Ел Президенті жаңа өндірістер мен салалардың құрылуы қазақстандық қызметкерлер мен жұмысшылардың біліктілігін дамытумен қатар жүруге тиістігін нықтады.
– Кәсіпорын табысының өсуіне қарай қызметкерлерге төленетін сыйақылардың да сайма-сай өсуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл отандық кәсіпорындарға да, сонымен қатар шетелдік компанияларға да қатысты, – деп түйді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шетелдік инвесторлар кеңесін қорытындылаған Мемлекет басшысы келесі жалпы отырысты шикізаттық емес экспортты дамытуға арнауды ұсынды. Инвесторлар бұл тақырыпқа қолдау білдірді.
Ерік ЕРДЕНОВ