Арыс қаласындағы жөндеуді қажет ететін үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша әрбір штаб онлайн жүйеде есеп беріп отыратын болды. Облыс басшысы Ө.Шөкеевтің тапсырмасы осындай. Әкім сондай-ақ құрылыс жұмыстары сапалы әрі уақытында атқарылуы керегін де шегелеп айтты.
Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Арыс қаласындағы құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатқан секторлардың жұмысымен танысты. Ол әрбір облыс құрылыс жүргізіп жатқан тұрғын үйлерді аралады. Өңір басшысы әуелі Жамбыл облысы штабына аялдап, жұмысшы топпен кездесті. Облыс әкімі жөндеу жұмыстары бойынша әрбір штаб онлайн жүйеде есеп беріп отыру қажет екенін айтты.
Кейін Жамбыл облысына қарасты 3-сектордағы жөндеуден өтіп жатқан жеке тұрғын үйлерді көрді. Тұрғындармен кездескен Өмірзақ Естайұлы барлық құрылыс-жөндеу жұмыстары 1 айда аяқталып, қала жаңа кейіпке енетінін жеткізді.
Айта кетерлігі, Арыс қаласының аумағы 17 секторға бөлінген. Оның ішінде, Жамбыл облысына 11 көшеде орналасқан 327 жеке тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жүктелген. Бұдан бөлек, 14 әлеуметтік және коммерциялық нысандар бар. Қазіргі таңда жамбылдық құрылысшылар мен еріктілер өз аумағындағы үйлерді қалпына келтіру жұмысына белсене кіріскен. Соның нәтижесінде, 5 жеке тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары толық аяқталып отыр. Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша жамбылдық 16 құрылыс компаниясының 180 құрылысшысы жұмылдырылған. Олар қазіргі таңда 43 тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарын қызу атқаруда.
Сонымен қатар облыс әкімі Атырау облысына қарасты 1-сектордың жұмысымен танысты. Атыраулық аймаққа 450 нысан қарайды. Батыстық 9 компаниядан 200-ге жуық жұмысшы жөндеу жұмыстарына белсене кіріскен. Өмірзақ Шөкеев құрылыс жұмыстарын уақытында сапалы етіп аяқтауды тапсырды.
Түркістан облысы