Қазақстан жол апаты бойынша әлемде бірінші орынға шыққан. Елімізде жолдағы апаттың деңгейі Норвегиядан 11 есе көп. Бұл нені білдіреді? Бұған себеп – көліктің көбеюі ме, әлде адамдардың салғырттығы ма?
Былтыр астанада Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның жол апаты бойынша әлемде бірінші орында екенін айтты. «Қазақстан жолдары жыл сайын 3 мыңнан аса адамның өмірін жалмауда. Тағы 3,5 мың адам жарақат алады. 2018 жылдың алты айында елімізде 6 703 жол қозғалыс оқиғасы болған, 780 адам көз жұмған. Апатты жағдайдың басым көпшілігі Алматы мен Алматы облысында тіркелген. Тас жолда қайғылы жағдайдың орын алуының басты себептері қарсы бетке шығып кету, ал қалада бағдаршамның қызыл түсіне өту, бұрылыста жылдамдықты сақтамау болып отыр», – деген болатын ұйым мүшелері.
Сонымен қатар, олар елімізде жол қозғалысы ережесін сақтау жағдайы өте төмен екенін айта келе, жол қозғалысы оқиғаларының алдын алу үшін бірқатар іс-шаралар өткізіп жатқандарын жеткізді. «Қазір, әсіресе, балалармен жұмыс істеуге көп көңіл бөлудеміз. Жол қозғалысы ережесін сақтаудың маңызын балалар арқылы үлкендерге жеткізгіміз келеді. Мәселен, ата-анасымен өтуге болмайтын жерде кетіп бара жатқан бала міндетті түрде бұл жер өтуге арналмаған деп оларға ескерту жасайды. Сондай-ақ жас балалардан құралған жол инспекторларымен де жұмыс атқарамыз. Осы инспекторлар арасында жыл сайын байқаулар өткізіледі, оған балалар қуана қатысуда. Яғни, жол ережесінің зардаптары қандай болатынын бала кезден бойына сіңіріп өскен азамат оны бұзбауға тырысады. Алдағы 10-15 жылда жағдай қазіргіден тәуір болады деген ойдамыз», – дейді олар.
Дегенмен айтылған ақпараттан кейін де біршама уақыт өтті. «Баяғы жартас – бір жартас» дегендей, күнделікті хабар-ошардан жол-көлік оқиғаларын оқып, көріп, жол апаттарының азаятын түрі жоғына көз жеткізудеміз.
29 маусым күні «Қарағанды – Теміртау» тасжолында ірі көлік апаты болып, 6 адам көз жұмды. Қарағанды облысының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, апаттан 9 адам жарақат алып, 6 адам оқиға орнында көз жұмған. «Жедел жәрдем» мен апаттық медицина көліктері Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығына 3 әйелді ауыр шок жағдайында жеткізген. Апатқа түскен жолаушылардың бәрі түрлі дәрежеде жарақат алған» делінген ресми ақпаратта. Ауыр жағдайдағы әйелдердің бірі 1999 жылы туған. Оның басы жарақаттанып, бұғанасы сынған. Ал 1991 жылғы әйел де басынан қатты жарақат алған. Шамамен 22 жастағы үшінші әйелдің де басы жарақаттанып, екі аяғына бірнеше жерден ашық және жабық сынық түскен. «Қазір зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Травматологиялық қызметтің ситуациялық орталығы қосымша дәрігер-хирургтар мен нейрохирургтар шығармақшы», – дейді департаменттің баспасөз қызметі. Кеше ауыр жарақат алған үш әйелдің бірі қайтыс болды...
Мұндай ауыр, жантүршігерлік жол апаты мамырда Түркістан облысы Келес ауданында болып, 4 адам қаза тапты. Қайғылы оқиға «Жетісай – Жібек жолы» бойында орын алды. Полицейлердің анықтауынша, Шымкентке бет алған «Ауди-100» маркалы көлігі қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, «Киа» автокөлігіне соқтығысқан. Жол апатының салдарынан 3 жолаушы оқиға орнында қаза тауып, бір адам ауруханада көз жұмды. «Киа» маркалы автокөліктегі тағы 3 жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген...
Барлығы қас-қағым сәтте орын алатынын бәріміз білеміз. Біреулер жолда көлігінің жылдамдығын арттырып, өз өмірін ғана емес, жолаушының да өмірін бәйгеге салып айдайды, үйінде бала-шағасы күтіп отырғанын неге ойламайтынына таңғаласың, бас шайқайсың. Амал жоқ. Арақ ішіп алып, темір тұлпарды тізгіндегендер де аяқ тартар емес. Өздерін «асфальт королі» ретінде санаған олар ауыр оқиға орын алған соң ғана ес жияды. Бірақ кеш. Ал ащы суды сіміріп, апат жасаған кейбірі қайтадан сол жағдайда қолға түсіп жатады. Бірақ оларға заң жоқ.
«Сүріп жатқан өміріміздің өзі қас-қағым сәттей өте шығады. Дегенмен сол уақытты өнегелі де өрелі қылып өткізгенге не жетсін?! Ертеңгі күні бармақ тістеп қалмау үшін өмірдің ғажабын, үйде балаларыңның тосып отырғанын, жанындағы жолаушы да сен сияқты біреудің анасы не әкесі, бауыр
ы екенін естен шығармашы, көлік жүргізушісі» дегің келеді. Өйткені өмірдің өзі қас-қағым емес пе?!.