Теңдессіз Тоғызбаев
Теңдессіз Тоғызбаев
383
оқылды

Ол математик болуды армандады. Мектепті өте жақсыға бітірді. Бірақ бала арманы тұрмыстың жетегін­де кетті. Оған себеп әкесінің өмір­ден ерте кетуі мен ана­сы­ның науқастанып қалуы еді. Иек артар ағасы дәрігер болуға бағыт-бағдар берді. Кейіпкеріміз Асылбек Тоғызбаевтың медицинада­ғы саналы өмір жолы осылай басталды.

1967 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының «емдеу ісі» факультетіне түсіп, оны 1973 жылы бітіріп шықты. Студент болып, кітапхана есігін күзетуді ғана арман етпей, Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімінде қосымша орта медициналық қызметкер болып жұмыс істеді. Диплом қолда, елге оралды. Жас маманды облыстық ауруханаға анестезиолог-реани­ма­толог дәрігері етіп жіберді.

Тынымсыз мінезі барлық нәрсені білуге ұмтылдырды. Мүмкін бұл қасиеті сонау санада қалған теңдеулердің шешімін табуға деген қызығушылығынан туған болар. Әйтеуір көп ұзамай-ақ, ұйымдастырушылық қызметке, яғни қан құю бөлімшесінің меңгерушілігіне ауысты.

Жас, бір бала қолда, бір бала арбада. Ерте тұрып кішкентай­ларын балабақшаға жетелейді. Одан жұмысқа асығады. Бір күні, сол кездегі облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқарып отырған, Ернияз Омарұлы қызметке ша­қыр­ды. Содан Асылбек 1982 -1990 жылдар аралығында облыстық аурухана бас дәрігерінің ұйым­дасты­ру-әдістемелік ісі бойынша орынбасары болып қызмет атқарды. Ол ең бірінші,   денсаулық сақтау саласында емдеу-алдын алу ұйымдары қызметіне компьютер арқылы талдау жүйесі тәсілдерін қолданысқа енгізді. 1982-1995 жыл­дарда Арал теңізі мен Байқо­ңыр космодромының халық денсау­лығына экологиялық әсерін зерттеуге қатысты. Кейіннен осы зерттеу деректері Кеңестер Одағы­ның Коммунистік партиясы мен Министрлер кеңесінің «Арал теңізі өңірінде экологиялық және сани­тар­лық ахуалды түбегейлі жақсарту туралы» Қаулысының қабыл­да­нуы­на негіз болды.

Ізденімпаз, жігерлі, көзі қарақ­ты маманға 1990 жылы Жаңақорған орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметін сеніп тап­сырды. Әлі есінде, ескі аурухана­ның ескі орындығына жайғасқанда көңілі құлазып салғаны бар. Ауру­хана ішін аралып шықты. Су жоқ, әжетхана далада. Осыдан кейін ол аудандағы денсаулық сақтау ұйым­дарының материал­дық-техни­калық базасын жақсар­ту­ға барын­ша күш салды. Жас дәрігерлерді жанына жинап, оларды өзге қала­ларға оқуға жібер­ді. Білікті басшы­ның бір ғана мақсаты болды, ол – медициналық қызметтің алдың­ғы әдістерін енгізуге, ауыл тұрғын­дарының жоғары дәрежедегі көмекке қол жеткізуіне күш салу еді. Аудандық ауруханада эндоско­пиялық және ультрадыбыстық зерттеулер каби­неттері ашылды. Иммуно­про­филактика жұмыста­рын сапалы жүргізе отырып, бала­ларға вакцинация жасау арқы­лы, жұқпалы аурулардың және өлім көрсеткішінің 2 есе төмендеуіне ықпал етті. Жаңақорған ауда­нында қызмет еткен 4 жыл ішінде, тері-венеро­логия ауру­ханасы, стомато­логиялық емхана, жедел жәрдем бөлімі, 6 төсектік реанима­ция бөлімшесі ашылды.

Сол кезеңдегі облыс басшысы Сейілбек Шаухаманұлы мен аудан басшысы Ибрагим Абибуллаевпен байланысқа шығып, босаған аудандық атқару комитетінің ғимаратын сұрады. Бұған дейін тар жерде отырған аудандық емхана кең ғимаратқа орналастырылды. Аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансері қора жайы ыңғай­ландырылған, көгалдан­ды­рыл­ған, жылу, су жүйесі мәселелері толық шешілген жаңа ғимаратқа көшірілді. Түгіскен, Сунақ ата, Юбилейный елдімекендерінде медициналық құрал-жабдықтар­мен, жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілген дәрігерлік амбулаториялар ашылып, аудан­дағы әйелдер босану көрсеткішінің өте жоғары деңгейде екенін көр­сете отырып, 100 төсектік пер­зент­хана құрылысының іргетасы қалан­ды. Екі жылда, ауданға 11 санитарлық автокөлік жаңадан алынды, 15 жас дәрігер жұмысқа тартылды.

Бұдан кейін ол облыстық ауру­ха­на бас дәрігерінің кеңес беру диагностикалық орталығы бойын­ша орынбасарлығына қайта ша­қы­рылды. Бұл қызметке келгенде Арал теңізі мен Байқоңыр космо­дро­мының экологиялық әсерінен туындаған ауруларды ерте анықтау, кадрлар сапасын арттыру мәселе­леріне айрықша көңіл бөлді. Гене­тикалық бөлім және радио-имму­нологиялық зертхана, компью­терлік томограф кабинеті мен психотерапевтік бөлімше ашы­лып, компьютерлік томограф алын­ды. Бұл заманауи медицина­ның алғы шарттары еді.

1997 жылы ғаламда жаңадан келген індеттің себеп-салдарын жеңілдететін орталықтың, облыс­тық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орта­лық­тың бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Бұл – әлем наза­рын аударған тың сала еді. Меди­цина майталманы басымдық­ты эпидемиологиялық және зертха­налық бақылау жұмыстарына берді. Небәрі 20 қызметкермен жұмысын бастаған орталық, 10 жыл ішінде 3 есеге көбейді. Ма­ман­дар біліктілігін арттыруға күш салды. Мәскеу, Санкт-Петербург, Польша мемлекетінің Краков қала­ларындағы орталықтарға дәрігерлерін жіберіп, білім жинақ­тап, тәжірибе алмасты.

Облыстық әкімдік жанынан ЖИТС-тің алдын алу жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Кейіп­керіміздің белсенді басшылығымен ЖИТС орталығы «ЮНИСЕФ», «Сорос-Қазақстан», «ЖИТС, тубер­кулез, безгекке қарсы күрес жөніндегі» халықаралық қорлар грантын жеңіп алып, халықтың мінез-құлқы қатерлі топ өкілдері арасында «Зияндылықты сейілту», жастар мен жасөспірімдер арасын­да «Жастар салауаттылығы» бағдарламаларын жүзеге асырды. Соның нәтижесінде облыста індеттің ахуалы тұрақталып, халықт­ың мінез-құлқы қатерлі топ өкілдері мен жастардың ақпарат­тану деңгейі өсті. Асылбек Тоқ­мырза­ұлы 2008 жылдан бастап қалалық аурухананың бас дәрігер­лігіне тағайындалды. Дәл осы қызметке келгенде ғана, «тағдыр» деген тіркестің байыбына барды. Себебі, сонау жылдары жекеше­леніп кеткен аурухананың еш талапқа сәйкес келмейтіні анық еді. Ол алғаш рет өз өмірінің «1-ден 0-ге дейін, 0-ден 1-ге» дейінгі аралықта жүретінін сезінді. Алғашқы қадамды, аурухананың материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағыттады. Жоғарғы органдар алдына мәселені бірнеше рет көтеріп, күрделі жөндеу жұ­мы­­сына қомақты қаржы бөл­гізу­ге күш салды.

Аурухананы заманауи талапқа сәйкестендірді. Соңғы үлгідегі,   эндовидеохирургиялық лопарос­коп, ангиографиялық-рентгеноло­гиялық аппарат, гистерескоп, зама­науи ота жасайтын столдар, нар­коз беретін және оттегімен дема­латын аппараттар, компью­тер­лік томограф, медбике мен науқастарды байланыстыратын электронды байланыс құралы алынып, оттегімен қамтамасыз ету орталықтандырылды.

Зейнетке шығып, 70 жасты еңсерген Асылбек Тоқмырзаұлы, қазірде қалалық ауруханада қызмет етіп жүр. Жасыратыны жоқ, осы­дан 20 жыл бұрын, кептер ұшып, қарға қонған ғимараттар бүгінде заман талабына сай қызмет көр­се­тетін дәрігерлік мекемеге айналды. Ауруханада травматоло­гия, хирур­гия және гинекология саласы бойынша жоғары маман­дан­дырылған оталар жасалуда. Халық­қа сапалы медициналық көмек көрсетілуде, тұрғындар риза. Өзі басқарған жылдары Ұлттық бизнес рейтингтер одағының «Қазақстан көшбасшысы 2013, 2014, 2016» атты марапатына ие болды.

Ол білікті басшы және ұтқыр ұйымдастырушы, мықты менед­жер, алтын қолды дәрігер болды. Әлемнің бірнеше елінде жүріп білімін көтерді, тәжірибе алмасты. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Сондықтан да болар 2012   жылы облыстық мәсли­хатқа депутат болып сайла­нып, іргелі істердің жанынан табылды.   Қызылорда қаласының, әсіресе, Белкөл, Тасбөгет кент­тері­нің абаттануына, су-кәріз жүйесі, газ тарту, жол құрылысы мәселеле­ріне сүбелі үлес қосты. Қаланың білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және дене шы­нық­­тыру салаларының дамуы­на жағдай туғызуға атсалысты.

Жоғары санатты денсаулық сақтау саласының ұйымдастыру­шы­сы Асылбек Тоқмырзаұлы марапат биігінен табылған жан. Ол 2008 жылы «Құрмет орденімен»,   Қазақстан Президентінің «Алғыс хатымен», ҚР Парламенті Сенаты­ның Құрмет грамотасымен, Қызы­лорда облысы әкімі мен Қызы­лорда қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан денсау­лық сақтау ісінің үздігі», «ССРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен және өзге де бірне­ше медальдармен мара­пат­талған. Ең үлкен, Сыр халқының денсаулығына көрсет­кен қызметі үшін, 2018 жылы «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Адам ұрпағымен мәуелі, бүгін­де бес баладан 15 немере сүйіп отыр. Өмірлік серігі Мейрам­күл апа да медицина қызметкері. Тату­лығы жарасқан отбасылық өмірде құдай қосқан жарымен 45 жыл бірге өмір сүріп, ұл мен қызды тәрбиелеп, оларға өнегелі ата жолын салуда.

Грек математикасында «Беріл­ді. Дәлелдеу керек. Дәлел­деді» деген теория бар. Бүгінде жетпістің желкеніне шыққан Асылбек Тоғызбаевтың бала кездегі матема­тик болу арманы жүзеге асты деуге де болады. Ол бар ғұмырын дәрігер деген абзал мамандықпен байла­ныс­тырып, грек математика­сының шартты белгісімен өре білді.

 

Ақбота ӘЛІМ