Еңбек әділ бағалануы қажет

Еңбек әділ бағалануы қажет

Атырауда жергілікті атқарушы билік пен жұмыс беруші ірі мұнай компания­лары мен мердігер компа­ниялар басшыларының қатысуымен жиын өтті. Жиында қордаланған мәселелердің неден туындағаны мен оны заңды түрде шешу жолдары қарастырылды.

Теңіз кенішінде болған оқиға қазақстандықтар мен шетелдік жұмысшылардың еңбек жағ­да­йында орасан айырмашылық болғанынан туындағаны мәлім.

Аймақ басшысы Н.Ноғаев өңірдегі ірі мұнай компаниялары мен олардың мердігерлерімен жиналыста Теңіз кенішіндегі оқиға еңбек жағдайының бар­лы­ғына бірдей болмауының сал­дарынан туындағанын, сондық­тан «Теңізшевройл» компаниясы мен мердігер мекемелер жағ­дайды түбегейлі өзгертуге күш салуы керегін атап өтті.

Аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы жұмысшылар тарапы­нан еңбекақы айырмашылығы туралы шағым көптігін айтты. Жалақы, жұмысшыларды үстеме жұмыстарға тартқаны үшін тө­ленетін ақының уақыты кешік­тіріледі. Мереке, демалыс күн­дері істеген жұмыс үшін пайда­ланылмаған күндерге өтемақы төлеу уақыты бұзылады.

Жұмыс күні кестесін өздері белгілейтін деректер бар. Бұдан өзге, Теңіз жобасында мердігер мекемелердің бірінің басшысы күн сайынғы жұмыс күнін өз бетімен 4 сағатқа көбейткен. Бұл мәселе ұжымның наразылығы мен еңбек инспекциясына ша­ғымдануынан кейін қалпына келген. Жұмысшылардың көп­шілігі жұмыс берушінің заңсыз әрекетін, еңбек кодексінің та­лабына сәйкессіздікті ашып айтуға қорқады. Жұмыс беруші қандай да болмасын себеп тауып, жұмыстан шығарып жіберетінін айтып қорқытады. Міне, осын­дай деректер бары рас.

– Күзет фирмасының өкіл­дері нысандарда қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау бойынша тікелей қызметтік міндеттемелерін орындаудың орнына, жұмыс­шыларды қорқытумен айналыс­қаны туралы деректер бар. Ша­ғым айтқан жұмысшыдан құ­ты­лудың түрлі құйтырқы әрекетін жасаған фактілер де кездеседі. Бұл жағдайлар, әрине, адамды ашындыратын, тіпті дау-жан­жалға әкелетін жағдай. Сіздердің міндеттеріңіз – осындай жағдай­лардың алдын алу, – деді аймақ басшысы Н.Ноғаев.

Оның айтуынша, қазіргі еңбек жағдайы мердігер меке­ме­лердегі жұмысшылардың көп­шілігін қанағаттандырмайды.

– Шағым өте көп, құрметті жұмыс берушілер, бұрын бұл жағдай қалыпты болып келсе, енді өзгертетін уақыт жетті. Мемлекет басшысының бірдей жұмыс істейтін мамандардың азаматтығына қарамай, бір мөл­шерде лайықты еңбекақы төлеу жөнінде тапсырмасы бар. Иә, белгілі бір қызметтік иерар­хияға келісемін, барлығын теңес­тіруге болмайды, бірақ әділдік болуы тиіс. Бір ұжымда бірдей жұ­мыс істеген екі адамның бірі – 300 доллар, екіншісі 3 000 доллар алмауы керек, адамдар көріп отыр. Көпшілігі мұны істеген жұмыстары мен көрсеткен қыз­меттеріне адал ақы алмауларымен байланыстырады. Тапсырыс бе­рушілер, ТШО, НСОС немесе басқа ірі компаниялар болсын, өз тараптарынан еңбекақыны әділ төлеп отырғандарын айта­ды, бірақ соңында бәрібір белгілі болып қалады. Жұмысшы өзінің жалақысы мен шетелдік алған жалақыны салыстырып, өзінің талабын жеткізеді,– деді аймақ басшысы Н.Ноғаев.

Жиында аймақ басшысы Н.Ноғаев жергілікті атқарушы органдар барлық еңбекақыны көтеруге міндеттемейтінін, ком­паниялардың өндірістік міндет­темелерін шешпейтінін атап өтті.

– Мен сіздердің алдарыңызға Еңбек кодексінің, еліміздегі бар­лық заңның, соның ішінде көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеу міндетін қоямын. Адал, қолайлы жағдай барлық жұмысшыға жасалуы керек. Біз өз тарапымыздан сіздердің бас­тамаларыңызды күтіп отыр­маймыз, жұмыс істейміз, егер жағдайды еріктеріңізбен өзгерт­кілеріңіз келмесе, заңға сәйкес әрекет етуге күшіміз жетеді. Об­лыс әкімінің бірінші орынбасары жетекшілік ететін ведомс­твоа­ра­лық комиссия барлық мәселені қарап, олардың шешілуін ба­қылауда ұстайды, – деді аймақ басшысы Н.Ноғаев.

Жиында жұмыс беруші та­раптар аймақ басшысы айтқан мәселелерді оң шешу үшін бірлесе жұмыс істейтінін айтты.

Теңіз кенішіндегі оқиға көп­тен қордаланған мәселеден туындаған соң аймақтағы ірі компаниялардың басшыла­ры­мен мәселені бірлесе отырып шешуді талап етуде. Сондықтан Атырау аймағы басшысы Нұрлан Ноғаев Chevron компания­сының Еуропа, Еуразия, Таяу Шы­ғыстағы барлау мен өндіру жө­ніндегі президенті Тодд Леви­мен кездесті.

Аймақ басшысы Нұрлан Но­ғаев қазір жағдай реттелгенін, Теңіз жобасындағы жұмысшы­лардың өмірлері мен денсау­лық­тарына қауіп жоқ екенін айтты.

Тодд Леви өз кезегінде Chevron компаниясының саясаты бойынша компанияның барлық қызметкеріне тең дәрежеде құр­мет көрсетілетінін, құқықтары мен міндеттері бірдей екенін атап өтті.

– Осындай оқиғаның енді қайталанбауы үшін Теңіз жоба­сына тартылған барлық мердігер мекеме арасында түсіндіру жұ­мыстарын жүргіземіз. Жергілікті атқарушы органдарға, құқық қорғау органдарына жағдайды тез реттеуге атсалысқандары үшін ризашылық білдіремін. Алға қарай да өзара байла­ны­сымызды табысты жалғастыра беретінімізге сенеміз, – деді Тодд Леви.

Кеше Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (CСЕР) компа­ниясының еншілес құрылымы Consolidated Contractors Company компаниясының директоры Самед Хури Атырауға келіп, ай­мақ басшысы Нұрлан Ноғаевпен кездесті.

Кездесуге 29 маусымда Теңіз кенішінде орын алған оқиға се­беп болды. Атырау облысының әкімі қазір жанжал реттелгенін, Теңіз жобасындағы жұмысшы­лардың өмірлері мен денсау­лық­тарына қауіп жоғын айтты.

– «Теңізшевройл» компа­ния­сы мен мердігер мекемелердің басшыларына қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақыларын есептеу мен басшылықта қазақстандық кадрларды көбейтуге қатысты міндеттер қойдық, – деді Нұрлан Ноғаев.

Самед Хури өз кезегінде әкім­ге жанжалды жедел реттеуге көмектескені үшін алғыс айтты және компания тарапынан енді мұндай жағдайды болдырмау үшін барлық шара жасалатынына сендірді. Компания тарапынан әкімдік қойып отырған міндет­темелерді орындау шаралары қабылданатынын айтты.

Сайып келгенде, отандық және шетелдік жұмысшылар­дың жалақы айырмашылығы орасан екенін бұрын да жазып келгенбіз. Бұл туралы Пар­ла­мент депу­тат­тарының Атырау­ға сапары ке­зінде өңірдегі кәсіподақ басшы­лары дәлелді мысалдармен ай­тып берген болатын.

Айтарлығы, мұнай-газ ке­шені салалық кәсіптік одағының Атырау облыстық филиалы­ның төрағасы Салтанат Рахимова­ның айтуынша, өңірдегі кейбір шетелдік компаниялардың мер­дігерлік компанияларында 6-раз­рядты қа­зақстандық опе­раторға саға­тына 44 доллар тө­ленсе, шетелдік қызметкерге 200 доллар төленіп отырғаны туралы дерек­тер анықталған.

Сонымен бірге, жұмыс беру­шілер тарапынан қазақстандық мамандардың жоқтығы және олардың біліксіздігі туралы па­йымдарына келісуге болмайды. Атырау – мұнайлы өлке. Бұл өңірде мұнайшылар динас­тиясының арғы-бергі тарихы ғасырдан асты. ХХІ ғасырда да заманауи білім мен тәжірибені меңгеріп отырған мұнайшы­лардың жас буыны аймақтағы орта және жоғары оқу орындарын тамамдап, тәжірибеден өтіп тұ­рақты жұмыс таба алмай жүр­гені қаншама... Тіпті шетелде оқып, тәжірибе жинап елінен дұрыс жалақыға жұмыс таба алмай өзге елде жұмыс істеп жүрген мұнай­шы мамандарымыз барын ес­керсек, шетелдіктердің «Қазақ­стандық жұмысшылар біліксіз» деуі жай ғана сылтау.

Қалай десек те, мәселе Үкі­метке жетті. Енді халықтың күтіп отырғаны – жергілікті атқарушы билік тарапынан құрылған са­лалық комиссияның да қоры­тындысы сараланып, жан-жақты мәселелер қамтылып, шешім шығып, қазақстандық жұмыс­шылардың ақ адал еңбегінің бағалануына қол жеткізу.

Ескеретіні, мұнай-газ сала­сында жұмыс істейтін азамат­тарда бір ғана арман бар. Ол – өз елінде еркін жүріп, адал табыс тауып, отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, елдің дамуына өзіндік үлес қосу.

 

Атырау облысы