Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты ағарту, алдын алу және жазалауды ұтымды ұштастыра отырып іске асырылады. Сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық қудалау институты да күшейіп тұр. Ол дұрыс та. Құқыққа қарсы әрекеттер үшін жазалау әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етеді. Алайда сыбайлас жемқорлық, пара беру тыйылар емес.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2018 жылдан бастап 2019 жылдың мамыр айына дейін 414 пара беру фактісін тіркеген. 328 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның 196-і сотталған. Сотталғандар арасында 37 адам бас бостандығынан айырылса, 27 адамға бостандығын шектеу жазасы кесілді. Ал 132 адамға айыппұл салынды.
«Талдау көрсеткендей, пара берушілер көбінесе жеке компаниялардың өкілдері, олар лауазымды тұлғаларды сатып алу арқылы кәсіпкерлік қызметті қолайлы жүзеге асыру немесе Мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыс актісіне кедергісіз қол қою үшін мәселе шешеді. Мысалы, «Қазақжолқұрылыс» ЖШС директоры З.Дощанов «Алматыжолзертханасы» РММ директорына жол құрылысы кезінде материалдарды арзандау материалдарға өзгертуді келіскені үшін 2 млн теңге пара берді. Осы заңсыздығы үшін оған 30 млн теңге айыппұл салынды. Сотталған адам өмір бойы мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан айырылды», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің Тергеу департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров.
Оның айтуынша, Қостанай облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігеріне мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасасу кезінде көрсеткен қамқорлығына пара бергені үшін Noda med ЖШС директоры Н.Құдабаев 6 айға бас бостандығынан айырылса, «Дез Сервис KZ» ЖШС директоры Б.Омаровқа 360 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар бағыныштылардың өз басшыларына қызметке тағайындалғаны және жоғарылағаны үшін пара беруі жалғасып келеді. «Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық» деп аталатын мұндай көріністер толығымен жойылмай отыр.
Агенттік тұлғалардың ел ішіндегі іссапарларында қызметтік лауазымын асыра пайдалану мәселесін бақылауға алғаны белгілі. Агенттік төрағасы А.Шпекбаев бұл тексеруге облыстық, аудандық, ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде түсетін шағымдары негіз болғанын айтқаны есте. Міне, тексеру нәтижесі көп ұзамай белгілі болып жатыр. 20-30 маусым аралығында барлық өңірде Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілді.
«Осы кезеңде өңірлерге бағытталған Білім және ғылым министрлігінің 169 комиссиясының қызметіне оперативтік қолдау көрсеттік. Әрбір комиссия құрамына 15 адамнан кірді, соның ішінде мұғалімдер, техникалық қызметкерлер, бағдарламашылар бар. Осы жұмысымызда қылмыстық құқықбұзушылық фактілерін анықтадық. Мәселен, Ақтөбе облысында Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары, Қандыағаш қаласы №4 мектебінің директоры Білім және ғылым министрлігінің комиссия кездесулерін ұйымдастыру үшін (тұру, тамақтану, бос уақыт және т.б.) жалпы білім беру және мектепке дейінгі мекемелердің директорларынан ақша жинау факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жиналған ақшаның жалпы сомасы 540 мың теңгені құрады. Шымкент қаласында жедел-іздестіру шараларының қорытындысы бойынша ҰБТ-да жоғары баллға уәде беріп, одан ары грантқа түсуге көмек көрсету үшін М.Кеңесбайдан алдын ала алған 500 мың теңгенің 125 мың теңгесін қайтару кезінде Шымкент қаласы Білім басқармасының маманы ұсталды», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин.
Оның дерегіне сүйенсек, жергілікті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларынан Білім және ғылым министрлігінің комиссия өкілдеріне ҰБТ өткізуге жауапты тұлғаларға бос уақытты ұйымдастыру жайлы ақпарат келіп түскен. Жамбыл облысында жергілікті филиалдың жетекшісі комиссия мүшелеріне арнап, 25 адамға мейрамханада ішімдік қосылған керемет кешкі ас ұйымдастырған. Ал Алматыда Білім және ғылым министрлігінен UIB (Халықаралық бизнес университеті) жіберілген комиссия мүшелерінің бейәдеп іс-қимыл фактілері тіркелген, яғни олар ойын-сауық мекемесінде алкогольді ішімдік ішкен. Осы факт бойынша қызметтік тексеру басталыпты. Жоғарыда көрсетілген әрекеттерге қатысты барлық лауазымды тұлға заңда көзделген жауапкершілікке тартылады.
Қалай десек те, айналасын жегі құрттай жалмай беретін сыбайлас жемқорлықпен күрес тоқтамайды. Бұл мәселенің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімі кезінде де айтылуы бекер емес. Президент сол іс-шарада бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалатынын айтты.
«Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», – деді ол ұлықтау рәсіміндегі сөзінде.
Ендеше, «ұрыста тұрыс» жоқ демекші, осы қоғамның бір мүшесі ретінде сіз де, біз де сыбайлас жемқорлық дерегін көргенде үнсіз қалмайық.
Айдана БЕГІМ