Жүрегі – жылы, көңілі – дархан түлектер
Жүрегі – жылы, көңілі – дархан түлектер
345
оқылды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің биылғы түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті. Оқу орнының алаңында өткен дәстүрлі жиынға университет ұжымы, бітірушілер мен олардың ата-аналары қатысты. Бұл туралы университеттің Баспасөз қызметінің басшысы Жандар Асан хабарлады.

Педагогикалық білім мен ғылымның қыр-сырын жете меңгеріп, кәсіби маман иесі атанып, үлкен өмірге жолдама алғандар қатарында Жаратылыстану, Әлеуметтік-гуманитарлық, Өнер және мәдениет, Педагогика және психология, Физика-математика, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеттерінің түлектері бар.

Биыл Қыздар университетін бакалавриат бойынша 1683, магистратура бойынша 215 және докторантура бойынша 6 түлек аяқтап отыр.

Салтанатты рәсімнің ресми бөлімінде университет ректоры Гаухар Алдамбергенова құттықтау сөз сөйледі.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Президенттің әлеуметтік бес бастамасы» атты Үндеуінде: «Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі. Орта мектеп – білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте  қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады», деп атап өткен болатын. «Қазіргі кезеңдегі басты мәселенің бірі жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуында ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі  өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы – ұстаз қолында» деген Елбасы әрқашанда ұлттың болашағы педагогтың қолында екендігіне баса мән беріп келеді. «Ұстаздар ұстаханасы» атанған Қыздар университетінің түлектерінің қатарында есімдері елге танымал қоғам қайраткерлері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, белгілі ғалымдар мен ұстаздар, даңқты спортшылар бар. Сіздер де сол шалқар көшті жалғастырып келесіздер, – деді Гаухар Төремұратқызы.

Оқу орнының басшысы түлектердің алдында тұрған басты міндет – университеттен алған білімдерін тәжірибемен ұштастыра отырып, еңбек нарығында бәсекелестік қабілеті жоғары кәсіби тұлға болу екендігін атап өтті.

– Ұстаз – болашақ ұрпақтың бағбаны, шәкіртінің бойына біліммен бірге тәрбие сіңіруші, жанына жарық сәуле сеуіп, көкірегін нұрландырушы. Сіздердің басты мақсаттарыңыз егемен еліміздің болашақ жастарын тәрбиелеуге, білімі мен біліктілігін арттыруға, мемлекетіміздің дамуына сүбелі үлестеріңізді қосу!  Өмір жолындағы сапарларыңыз сәтті болғай, болашаққа бастаған қадамдарыңызға ақ жол тілейміз, – деді Гаухар Алдамбергенова.

Сонымен қатар университет ректоры бір топ бітірушіге дипломды салтанатты жағдайда табыстады. Әнмен әспеттеліп, күймен көмкерілген салтанатты кеш аясында көпшілік алдында түлектер атынан оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенділік көрсеткен бітірушілер сахнаға шығып, университет ұжымына риясыз алғысын білдірді.

– Барлығымыздың да алға қойған үлкен мақсатымыз бар. Сол үкілеген армандарымызды орындауға ұмтылудамыз. Бізді білім әлемінде өз кәсібімізге сай маман болып қалыптасуға жол салған барша азаматтарға алғыс айта отырып, білікті, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ұлағатты ұстаз есімін абыроймен алып өтуге, болашағы баянды, келешегі кемел бәсекеге қабілетті Мәңгілік ел – Қазақстанның қарышты дамуына ант етеміз, – деді олар.

Жиын барысында университет басшылары мен факультет декандары бітірушілерге диплом табыстады. Жиын соңы өнер жұлдыздарының гала-концертіне ұласты.