Тағдырлы таңдау
Тағдырлы таңдау
391
оқылды

Ол оқиғалардың бойында қо­ғамның іргелі негіздерін қоз­ғай­тын өзгерістердің өзегі бар. Өт­кенге зер салып қарасақ, жағ­даят­тардың жарасымсыз жым­дасуы­нан аса ауқымды қоғамдық ка­таклизмдер орын алып, сан ға­сырлық өркениеттер мен мәде­ниет­тердің құрдымға кеткенін кө­реміз. Абырой-атағын жұрт жап­пай мойындап, даңқын нақ­ты істермен тиянақтаған аса көр­некті тұлғалар ғана тарихтың бары­сын ырқында ұстап, оны сындарлы арнаға салып жібере ала­ды. Мұндай мемлекеттік қай­раткерлер өзінің алдындағы, қо­ғамның алдындағы жауапкер­ші­лік­тің алапат жүгін иығына арта біле­ді де, асқақ мақсат-мүддесін же­ріне жеткізе орындайды.

Қазақ КСР-нің жоғары бас­шы­лығына Кеңес Одағының тал­­қаны таусылар тұсында келіп, осы­­нау тар жол, тайғақ кешуге түс­кен Нұрсұлтан Назарбаев дәл сон­­дай көшбасшы болатын. Бұл жол осыдан дәл отыз жыл бұрын – 1989 жылдың 22 маусымында бас­талған еді, сол күні Қазақстан Ком­партиясы Орталық коми­те­тінің XV пленумында Нұрсұлтан Назарбаев республика партия ұйымының бірінші хатшысы қызметіне сайланды. Бұл шешім Елбасының білікті басшылығы­мен жүзеге асырылған бола­шақ­тағы асқаралы асуларға бастайтын бе­ташар сияқты болғанын, олар ақыр аяғында тәуелсіз Қазақ­стан­ның дүниеге келуіне жеткіз­генін содан бергі жылдар көрсетіп бер­ді.

Біз бұл мақаламызда осының бәрі қалай жасалғанын, ол жағ­дай­ларды нендей себептер туын­дат­қанын, сол тұста таңдаудың не­ге Нұрсұлтан Назарбаев тұлға­сына түскенін, басқа да күрделі сәттерді ой зердесіне салмақпыз.

Мұндай күрделі шырғалаң­дар­ды сөз еткенде оларды жалпы та­рихи контекстен және болған оқи­ғалардың бір-бірімен шыр­мауық­тай шырмасқан өзара бай­ланысынан бөлек қарастыру әсте мүмкін емес.

Ол жылдарда Қазақстан кеңес­­тік мемлекеттің құрамында одақтас республиканың құқымен дамып келген болатын. Осындай әжептәуір жоғары мәртебесіне қа­рамастан, басқарудың барлық тетіктері одақтық орталыққа – Мәс­кеуге барып тірелетін, түйінді ше­шімдердің бәрі сонда қабыл­данып, жергілікті жерлерге өкім­шіл тапсырмалар сол жақтан бе­рі­ліп жататын. Басқарудың осын­дай сірескен сатылық жүйесі мем­лекеттің барлық салаларын тыр­нағынан төбесіне дейін тырп еткізбей бақылап ұстап тұратын да, республикалардың адымын аштырмайтын.

Алайда, уақыт өте келе, 80-ші жыл­дардың орта шеніне қарай елде дағдарыстық құбылыстар бой көрсете бастады. Шаруа­шы­лық жүргізудің экстенсивті үлгі­сіне және теңгермешілдікке, мем­лекеттің басын сұқпайтын же­рі қалмайтын жүйеге негіз­дел­ген экономика адамдардың көп­теген сұраныстарына сай кел­меу­ге айналды. Сөренің астынан суы­рып салып, сауда жасайтын «қа­ра базарды» шығарған тауар зәру­лігі кеңестік қоғам өмірінің көзге бірден түспей қоймайтын бе­л­гісі болып алды.

«Темір шымылдықпен» қор­шалған қоғамның және эко­но­ми­калық автаркияның жағ­дайын­да КСРО-ның әлемнің белді елдері­нен артта қалғаны барған сайын бадырайып көріне бастады. Көп­теген салаларда үркітерлік үрдіс­тер үлкейген үстіне үлкейе берді, өзінің о баста бойына біткен кем­шіліктерінің салдарынан әкімшіл-әміршіл жүйе сыр беруге көш­ті. КОКП Орталық коми­те­тінің Бас хатшысы Михаил Гор­бачевтің бастамашылығымен қол­ға алын­ған қайта құрудың Кеңес Одағын жаңғырту, ел дамуын жаңа арнаға бағыттау жө­ніндегі ниеті іске аспады. Қайта құру әуелде бүкіл елде, соның ішінде біздің Қазақ­станда да үл­кен үміт ту­ғызып, көп нәрсе күт­тірген еді.

Алайда, басымдықтардың бұлыңғырлығы, нақты жұмыстың сыл­дыр сөзбен және қағаз­бас­ты­лықпен алмастырылуы, бәрінен бұрын – іс-қимылдың қолмен ұстай­тындай бағдарламасының бол­мауы бір қиырдан бір қиырға шы­ғандап шығып кете беруге, ал­дын ала ойластырылмаған қа­дам­дарға әкеліп соқтырды. Осын­­дай орашолақтықтар қа­тарын­да атышулы «алкогольге қарсы науқандарды» да, «еңбексіз кел­ген табыспен күресті» де, қол­ға алынған реформалардың қа­дірін кетірген басқа қателіктерді де еске алуға болады. Мұндай жаң­сақтықтар бара-бара ел бас­қару тізгінінен айырылуға, бей­бере­кеттікті көбейтуге алып келді де, соның салдарынан мемлекет ыды­рап тынды.

Сөз жүзінде басқарудың де­мок­ратиялық тәсілдеріне көшуді жақтағанымен, іс жүзінде Орта­лық өзінің дегенін істеумен бол­ды, бір ғана мақсатты – бәрін бас­тан-аяқ бақылап отыруды жә­не айтқанына сөзсіз бағын­дыруды көздеді. Осындай көр­соқыр шешімдердің біреуі 1986 жылғы 16 желтоқсандағы «18 ми­нуттық пленум» болды, онда Қа­зақстан Компартиясы Ор­та­лық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қызметінен кетірілді. Республикаға өзінің ойына келгенін істеген Орталық оның орнына Қазақстан жеріне табаны тиіп көрмеген, бұған дейін Ульянов облыстық партия ко­митетінің бірінші хатшысы қыз­метінде істеген Геннадий Колбинді тағайындады. Тегінде, мұның өзі әдейі ойластырылған қадам сияқты. Өйткені, одақтық партия элитасы үшін жер көлемі Батыс Еуропаның аумағынан асып түсетін индустриялы-аграр­лы Қазақстан ұдайы назарда тұ­ратын мекен еді. Қуатты кен байы­тушы және аграрлы өнер­кәсіп, энергетиканың, қара және түс­ті металлургияның алыптары құ­райтын салалар мен кәсіп­орын­дар елдің экономикалық жүйе­сінің біртұтас шаруашылық ме­ханизміне тұйықталған стра­тегиялық маңызды буындар бо­латын. Астықты аса мол өндіретін республика ретінде Қазақстан­ның Кеңес Одағының азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етудегі алар орны да орасан еді.

Тағы бір өте маңызды себепті атап айту жөн: республика аума­ғын­да одақтың қуатты әскери-өнер­кәсіптік кешеніне ғана ті­ке­лей бағынатын көптеген сан түрлі по­лигондар мен сынақ алаңдары бар-ды.

Сондықтан да 1986 жылдың жел­тоқсанында Колбинді әкеліп та­ғайындау Орталық тарапынан жа­риялылық пен қайта құру идея­­ларымен қанаттанып тұрған қа­­зақстандықтардың пікіріне ашық­тан-ашық астамси қарау­дың кеу­демсоқтық көрінісі бол­ды. Мұндай жағ­дайда бас­шы­лық­қа жергілікті кадрлардың іші­нен шыққан лайық­ты өкілдерді тарту қисынды әрі көкейге қонымды еді. Өйткені, құрамына 19 облыс кіретін, КСРО-дағы ең көпұлтты болып табы­ла­тын мұндай алып әрі күрделі рес­пуб­ликаны басқару оңай міндет емес-ті. Алайда, Ор­талық осындай орын­сыз озбыр­лық­қа қарсылық біл­дірген сту­дент жастардың аяқас­ты ұйым­дас­тырылған бейбіт шеруін қатал күш­пен басып-жан­шыды. КОКП Орталық коми­те­ті­нің «Қазақ рес­публикалық партия ұйымының ең­бекшілерге интер­националдық және патриоттық тәр­бие беру жөніндегі жұмысы ту­ралы» қаулы қа­былдап, онда іс жү­зінде бүкіл қа­зақ халқын ұлтшыл деп айып­тауы одан да өткен мо­ральдық-пси­хологиялық ауыр соқ­қы бол­ды.