Екі жүз полицей марапатталды
Екі жүз полицей  марапатталды
344
оқылды

 Салтанатты жиын 2-бөлімнен тұрды. Оның алғашқысы «Жеңіс саябағында» өтті. Онда қиын да қауіпті қызмет бабында қаза тапқан батыр полицейлерді еске алып, даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою, полиция қызметкерлерінің ант қабылдауы, сонымен қатар ардагерлерді марапаттау рәсімдері өтті.

Бұл шараға Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков, аппарат жетекшілері, полиция департаментінің жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, қызметтік міндеттері орындау кезінде қайтыс болған полицейлердің жақындары мен туған-туыстары және басқа құрметті қонақтар қатысты.

Тәртіп сақшылары қайтыс болған қарулас жолдастарын еске алған бір сәттік үзілістен соң, жас полицейлер ант берді. Арнайы даярлық және жұмылдыру басқармасының тәртіп сақшылары қылмыскерлерді ұстау кезіндегі іс-қимылдарын көрсетіп, жиналғандарды өздерінің мықтылығымен тәнті етті.

ТО ПД бастығы полиция генерал-майоры Қ.Дәлбеков пен ТО ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Жанқожаев полицейлерді мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Осылайша, облыс полицейлері қызмет атқарып жүріп, мезгілсіз өмірден озған әріптестерінің есімін салтанатты шерумен ұлықтап, еске алды.

Қала орталығында орналасқан Жеңіс саябағында жоғары деңгейде өткен іс-шара одан әрі қалалық мәдениет үйінде жалғасты.

Айта кету керек, бұл күндері түркістандық полицейлер спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырды.

Салтанатты шарада Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қ.Дәлбеков сөз сөйледі.

«Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан полициясы мерекесі күнін 23 маусым деп, ресми түрде белгілегеннен бастап, бүгін міне, 27-ші жылын атап өтудеміз. Жас мемлекетіміз Қазақстан Республикасы қазіргі таңда құқықтық негізі қаланған еңсесі биік елдердің қатарында. Күні кеше өткен 9 маусым күнгі сайлауда жеңіп шыққан жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Полиция ашық болуы тиіс. Бұл үшін халықпен тығыз байланыс қажет.» деп шегелеп айтқан болатын. Осы тұрғыда министріміз, генерал-лейтенант Е.Тұрғымбаевта «Бізде сауатсыз, өз басының пайдасын ойлайтын қызметкерлерге орын жоқ!» деп нақты айтты.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «полицейлер бұл адамдардың құқығын және бостандығын қорғауда, қылмысқа қарсы күрес жүргізуде, алдыңғы қатарда тұратын адамдар» деп атап өткен болатын. Бұл біз үшін, яғни полиция қызметкерлеріне деген үлкен сенім мен мәртебе», - деді облыстың бас тәртіп сақшысы.

Қайрат Сұлтанбайұлының айтуынша, Түркістан облысы құрылғалы бері көне шаһарды дамыту үшін көптеген шаралар қолға алыныпты. Ішкі істер департаменті киелі мекен – Түркістанға қоныс аударды. Сондай-ақ, 2019-2021 жылдарға арналған ішкі істер органдарын оңтайландыру туралы Жол картасын тиісті деңгейде жүргізілуде екен.

«2019 жылдың 27 наурызында менің халықпен кездесуім өтті. Онда облыс, қала тұрғындарымен кездесіп, сұрақтары мен көкейіндегі мәселеріне баса назар аудардым. Бұл үрдісті облысымызға қарасты барлық қала/аудан ПБ/Б-нің басшылары жалғастырып, халықтың мұң мұқтажын тыңдауға ерекше көңіл бөлінді.

Осы жылдың 25 ақпанынан бастап қалың жұртшылықтың, қарапайым халықтың құқық қорғау қызметіне байланысты мәселелерін санаулы уақыттарда шешіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «фронт-офистер» ашуды қолға алдық. Департаментіміздің жанынан заманауи фронт-офис аштық. Бүгінгі күнге дейін 500-ден астам адам келіп, тиісті көмектерін алды. Сондай-ақ, өңірдің туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға сәйкес туристік полицияны құрдық. Құрылған туристік бөлімшесі 10 қызметкерден тұрады, оның 5 бірлігі Қ.А.Яссауи кесенесінде болса, қалған 5 бірлік Отырар АПБ-не, яғни Арыстан баб мавзолейіне берілді», - деді Қайрат Дәлбеков.

Мерекелік іс-шара барысында өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін: ҚР ІІМ тарапынан 15 полицейге түрлі дәрежедегі марапаттар ұсынылса,ТО ПД-нің бастығы, полиция генерал-майоры Қ.Дәлбеков 30-дан астам полицейді грамотамен, 40-қа жуық қызметкерді алғыс хатпен марапаттап, 50 тәртіп сақшысына алғыс жариялады.

Сонымен қатар, облыс әкімінің алғыс хатымен 7, мәслихат атынан 5, Нұротан партиясы тарапынан 14, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ атынан 3 полицейге алғыс жарияланса, Департамент бастығының бұйрығымен кейбір полицейлердің тәртіптік жазалары алынып тасталды.

Салтанатты іс-шара соңы дарынды полицейлер мен облыстық эстрада жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласты.