Ұлтқа қызмет ету үлгісі
Ұлтқа қызмет ету үлгісі
378
оқылды

Елінің есінде, тарихтың төсінде мәңгілік қалатын Елбасының теңдессіз көшбасшылығына арналған «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы осы форумдағы сөзінде тәуелсіз Қазақстанның тарихы, шын мәнінде, мемлекетіміздің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарба­ев­тың көшбасшылық тарихы екенін айтты.

– Демек, бүгінгі меже – жай ғана мерейтойлық дата емес, «қазақстандық даму» жолын анықтаған ел тарихындағы аса маңызды белес, – деді Қазақстан Президенті.

Ол Елбасының басшылығымен «посткеңестік кеңістіктегі ең табысты мемлекеттік құрылыс жобасы» жүзеге асырылғанына, мұны шетелдік сарап­шылар да мойындайтынына екпін тү­сірді. Қ.Тоқаевтың байламынша, ин­фля­циясы шарықтаған, кәсіпорын­дары жұмысын тоқтатқан, тауарлардың жап­пай тапшылығына ұшыраған пост­ке­ңестік экономиканың үйіндісі ор­нында әлемнің жетекші 50 елінің қата­ры­на қосылған күшті мемлекет құрылды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Азия­дағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Тәуел­сіз мемлекеттер достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ сияқты Елбасының сыртқы саясаттағы бастамаларына жан-жақты тоқталды. Бұл ірі бастамалар қа­зіргі заманғы халықаралық қатынас­тардың негізгі факторларына айналды.

– Қазақстан орасан зор ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Жер бетіндегі аса ірі ядролық полигондардың бірін жапты. Елбасы әлемдік дипломатия тарихына жаһандық ядролық қаруға қар­сы қозғалыстың көшбасшысы ре­тінде енді. Тұңғыш Президентіміз Қазақстан­ның астанасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әзірге осы мыңжылдықтағы алғашқы әрі жал­ғыз саммитін өткізіп, Еуразиялық қауіп­сіздік туралы деклара­цияның қабыл­дануына қол жеткізді. Елбасы әлемнің ең биік мінберлерінен халықаралық қатынастарды түбегейлі реформалауға бағытталған ұсыныстарын тұжырым­дады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаевтың саналы ғұ­мырын халқына қызмет етуге арнаған елінің адал перзенті әрі жаһандық деңгейдегі саясаткер екенін мәлімдеді.

Конференция қатысушылардың алдында сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев та сөйледі. Ол еліміздің бірінші басшысы лауазымындағы бүкіл қызметі Қазақ­станды дамытуға арналғанын атап өтті.

Елбасының өмірбаянына жүгінсек, Н.Назарбаев 1989 жылдың 22 маусы­мында Қазақстан КП ОК бiрiншi хатшысы, яғни республика басшысы қызметіне келген болатын.

Елбасы залда ескі, таныс достары, әріптестері отырғанына назар аудартты.

– Естен кетпес 1989 жыл уақыт өткен сайын алыстап барады. Сол кезде сіздер мені Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы лауазымына сайлап едіңіздер. Өздеріңіз көп жыл бойы куә болған ел мүддесі жолындағы қызметім дәл сол күні басталды. Біз тәуелсіз Қазақстанның іргесін бірлесе қаладық. Егемен еліміздің жаңа тарихын жазуды бірге бастадық. Мен осы жиында жастарды да көріп отырғаныма қуаныштымын. Отыз жыл бойы жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін жұмыс істеп, халқымызға қызмет еттік, – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті құру жолында және егеменді елді қа­лыптас­тыруда кездескен қиындықтарды еске түсірді. Соның ішінде, ХХ ғасырдың 90-шы жылдары басында респуб­ликадағы ұлттық экономиканың күй­регеніне, этносаралық қақтығыстардың пайда болу қаупі бас көтергеніне тоқ­талды.

– Қазақстан демографиялық құл­дырау шегінде тұрды. 1989 жылғы ха­лық санағына сәйкес, тұрғылықты әрі ұлт­құраушы халық – қазақтар 39 пайыз немесе 6,5 миллионнан сәл ғана астам адам болды. Бұл Кеңес Одағының әр түкпірінен адамдарды, тұтас халықтар­ды біздің жерімізге қоныс аударту және депортациялау саясатының зардабы еді. Қазақстандағы мектептердің тек 30%-ында ғана сабақтар қазақша жүр­гізілді. Сол кезеңдегі ауыр экономи­калық ахуал халықтың Қазақстаннан көптеп көшіп кетуіне алып келді. Ол жылдары орташа өмір сүру жасы 5 жыл­ға қысқарды, туу көрсеткіші бірден тө­мендеді. 1999 жыл­ғы халық санағына жү­гінсек, Қазақстан­да шамамен 14 миллион адам ғана тұрып жатқан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.