Жиынның күн тәртібіне сәйкес таяуда ғана Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалған Алтай Көлгінов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен, конференция делегаттарының бірауыздан мақұлдауымен партияның елордалық филиалының төрағасы болып сайланды.
– Алтай Сейдірұлы – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ұзақ жылдар бойы еліміздің дамуы жолында талмай еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі ретінде өңірдің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Президент Әкімшілігінде де жауапты қызмет атқарып, шебер ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Сондықтан әріптесіміздің жаңа қызметте де биіктен көрінетініне кәміл сенеміз және сол жолда табыс тілейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары өткен Президент сайлауының маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде бұл сайлаудың бұрынғылардан өзгерек болғанын, Қазақстан халқы алғаш рет Елбасыдан басқа кандидатқа дауыс бергенін тілге тиек етті.
– Бұрынғы Президент сайлауларында халық бірауыздан Елбасына дауыс беріп, ол күн елімізде үлкен бір мереке ретінде аталып өтілетін. Бұл жолы бәрі басқаша болды. Дегенмен сайлаудың нәтижесі қазақстандықтардың басым бөлігі Тұңғыш Президентіміздің стратегиялық бағытын ары қарай жалғастыруды қалайтынын көрсетіп берді. Халық Қасым-Жомарт Кемелұлына дауыс беру арқылы Елбасы саясатының сабақтастығын таңдады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол сайлауалды науқан кезінде партия тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталып, бұл істе белсенділік танытқан Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ұжымына алғыс білдірді. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, аталған науқан кезінде кандидаттың республикалық, аймақтық және аумақтық қоғамдық штабтарының мұрындық болуымен 100 мыңнан астам үгіт-насихат іс-шарасы өткізілген. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық қабылдауларында 20 мыңнан астам азаматтың өтініші тыңдалып, әлеуметтік желілерде 40 мыңнан астам жазба жарияланған.
– Сонымен қатар біздің жақтастарымыз 5 миллионға жуық үгіт-насихат материалын таратып, «Есіктен есікке» акциясы аясында 3 миллион үйді аралап шықты. TeamQazaqstan жастар қанатының өкілдері де аталған жұмыстарға белсенді қатысты. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының жеңісі заңды құбылыс және бұл жетістікте әр нұротандықтың үлесі бар, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары халықтың Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген басты қағидаларды жүзеге асыруда нақты нәтиже күтетінін айтты.
– Халық енді нақты нәтиже күтеді. Тұрғындарға бос сөз бен құр уәде қажет емес. Біздің азаматтар, ең алдымен, жарияланған бағдарламалардың жемісін, өмірінің жақсарғанын, әлеуметтік мәселелерінің оң шешілгенін көргісі келеді. Сондықтан біз сайлаудан кейін босаңдық танытпай, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жолында бұрынғыдан да белсенді жұмыс істеуіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.
Осыған орай, ол Қазақстан Президенті көрсетіп берген басым бағыттарды тиімді жүзеге асыруда Nur Otan партиясына үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтып, барша партиялықтарды белсенді әрекет етуге шақырды. Сондай-ақ осы бағытта партияның Орталық аппараты, аймақтық және аумақтық филиалдарының алдында тұрған басты міндеттерді атап өтті.
– Біріншіден, сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда белсенділік танытып, қоғамдық бақылау жүргізуді күшейтуіміз қажет. Екіншіден, Birge жалпыұлттық акциясы аясында жиналған өтініштерді талдап, олармен нақты жұмыс жүргізуіміз керек. Әр өтініш назардан тыс қалмауы тиіс. Үшіншіден, партия нағыз диалог алаңына айналуы қажет. Төртіншіден, жастармен жұмысты одан ары күшейтіп, тиімді тетіктерді іске қосуымыз керек. Бесіншіден, Елбасы анықтап берген жалпыұлттық жобалар мен партиялық жаңғыру жолындағы тың бастамалар ары қарай жалғасын табуы тиіс. Міне, алдағы уақытта біздің жұмыс бағдарымыз осы бағытта өрбиді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, Birge акциясы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен халықпен кері байланыс орнату мақсатында қолға алынған жоба. Соның аясында қазақстандықтардан 540 мың ұсыныс пен тілек келіп түсті. Оның ішінде 28 мыңын Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары жолда-ған.
Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі, Nur Otan партиясы қалалық филиалының төрағасы Алтай Көлгінов партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және халық пен барша нұротандықтың сенімін ақтау үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді.
Жиын барысында С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің ректоры, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Ақылбек Күрішбаев, «Жас Отан» Жастар қанаты қалалық филиалының төрағасы Бақдәулет Жанділдәев және тағы басқа бас қаланың белсенді азаматтары күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ойын айтты.
Майра БАҚЫТ