Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақты міндеттер қойды. Негізгі мақсат – халықтың әл-ауқатын көтеруге әкелетін экономикалық дамудың ұзақмерзімді міндеттерін іске асыру.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бағдарламаның маңыздылығына тоқталды.
– Біздің мақсатымыз – бағдарламаны түсіндіру ғана емес, сонымен қатар қойылған міндеттерді шешуге белсенді қатысу. Міндетіміз – жеткен жетістіктерді сақтау және көбейту, даму мен жасампаздық жолында алға батыл қадамдар жасау. Ақтөбеліктер ортақ іске өз үлестерін қосатынына сенімдімін, – деді партияның Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Оңдасын Оразалин.
Партияның Саяси кеңесінің мүшесі Тақталифум Есенғұлов Президент алға қойған он мақсатты атап өтті. Алдағы уақытта 1 085 адам арнайы білім алып, жұмысқа орналасады.
– Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмысын жақсарту мен табысын арттыруды көздеп отыр. Егер біздің өңірді алсақ, одан ары экономикалық өсу үшін барлық жағдай бар. Жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары құрылуда. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі – 5,9 пайыз, ал инвестиция 10,7 пайызға жетеді деп күтілуде, – деді Тақталифум Есенғұлов.
Облыстық қоғамдық штаб жанынан алғаш рет құрылған Team Qazaqstan жастар қанатының мүшесі Артем Райзих Президенттік кадрлық резервінің жасақталуы жастарға зор мүмкіндік екенін атап өтті.
– Үгіт-насихат кезінде 188 мың ақпараттық материал 100 пайыз таратылды. 529 сайлау учаскесінде 1 179 бақылаушы өздеріне жүктелген міндеттерді толығымен орындады, – деді облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова.
Атап өтер жайт, 143 499 адамның қатысуымен 665 іс-шара өткен. Сенімді өкілдер 8 495 іс-шара ұйымдастырды.
Жиын соңында сайлауға белсенді қатысқан ақтөбеліктер марапатталды.