Шымкент қаласындағы Достық үйінде өтетін жазғы мектептің жұмысы 30 маусымға дейін жалғасады. Жазғы мектепте дәріс беретін лекторлар мен тренерлер қатарында ҚХА өкілдері, Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының мамандары, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар, дінтану және теология мамандары, медиа-тренерлер мен бизнес-кеңесшілер қатысады. Жазғы мектеп облыстар мен республикалық маңызы бар үш қаланың жас мемлекеттік қызметшілері мен ҚХА этномәдени бірлестіктерінің жас көшбасшыларына арналып отыр.
Жазғы мектеп жұмысы кезінде тыңдаушылар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген міндеттердің мәнін ашып көрсету; Жастар жылы аясында жас мемлекеттік қызметшілердің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуде мемлекеттік саясатты іске асыру технологиялары бойынша тыңдаушыларды кәсіби білімі мен дағдыларын арттыру; медиацияның келіспеушілік дауларын шешудің баламалы тәсілі ретіндегі рөлімен танысады. Тыңдаушылар бәсекеге қабілетті тұлғаның негізгі дағдысы – көпшілік алдында сөз сөйлеу технологиясын да осы мектепте меңгереді. Қоғамдық қатынастардағы діни ағымдарды қарастыру және деструктивті діни ағымдарға қарсы іс-қимыл әдістерін анықтап, қоғамдық және этносаралық келісім мәселелері бойынша тәжірибе алмасады.
Айдана БЕГІМ