Биылғы жылы газ саласының өкілдері 15 мамандық бойынша үздіктер атағына бақ сынасты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Біріншісі сәуір айында Жамбыл облысындағы «Ақыртөбе» жерасты газ сақтау қоймасының базасында 4 мамандық бойынша өтті: «Мұнай және газ өндіру жөніндегі оператор», «Бұрғылаушы», «Бұрғылаушының көмекшісі» және «Ұңғымаларды зерттеу жөніндегі оператор».
Екінші, шешуші кезең 11 мамандықты қамтыды және 18-20 маусым аралығында Қызылорда облысындағы жаңа «Қараөзек» компрессорлық стансасының базасында болды.
Жарыстың басты кезеңдерінің бірі – қауіпсіздік техникасы бойынша сынақ тапсыру, – дейді кәсіпорын басшылығы. Мұхатай Шаңбатыров, «Интергаз Орталық Азия» ақ бас директорының бірінші орынбасары: – Газбен байланысты болғандықтан, жүйенің өзі қауіпсіздікті қажет етеді. Бірінші кезекте объектілерді қауіпсіз пайдалану мәселесі тұр. Сондықтан біз кімнің мықты екенін білеміз. Екіншіден, бұл жарыс мамандарды үздік болуға ынталандырады. Жыл бойы сыйақы беріледі. Бірінші, екінші, үшінші орын алатын мамандар жыл бойы қосымша қаржыландырылады. Біз саланың үздік мамандарын көргіміз келеді. Кәсіпорын тәулігіне 24 сағат, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Үздіксіз процесс ұлттық оператордың барлық нысандарында жүйелі жүзеге асады. Ісіне берік, нағыз мамандардың арқасында көпшілік көгілдір отынның игілігін көріп отыр, – дейді компания басшылығы. Биылғы байқауда Төлеген Сатарқұл жеңімпаз атанды. Шымкенттік маман шын мықты екенін мойындата білді. Төлеген Сатарқұл, «Үздік маман-2019» байқауының жеңімпазы /Шымкент/: – Бұл байқау тек қана жас маман емес, бүкіл жұмысшыларға осы компанияның үлкен отбасының мүшесі ретінде сезінуді береді. Көптеген қуаныштар, мейрамдар белсенді өмір сүруге құлшынысын күшейтеді. Жас мамандар өздерінің мүмкіншіліктерін сынайды. Біздің жас мамандар компанияның болашағы болатынына сенімдімін. Өз мамандығыңның шебері болсаң, еш қиындық алдыңда тұрмайды. Барлығы жеңіл алынады. Ұйымдастырушылар үздік деп танылғандарға жыл бойы жалақымен қоса үстемеақы беріледі, – деп уәде етті. Байқауға атсалысқандар болса үш күннің ішінде шеберліктерін шыңдап, мол тәжірибе, терең ілім алғандарын айтады. Ал аймақтық филиал басшылары межелі міндет, ілкімді жобалар мен жаңа бағыттарды талқылады.
«ҚазТрансГаз» компаниялар тобында жыл сайын өткізілетін кәсіби шеберлікті, білім мен біліктілікті шыңдауға бағытталған конкурсқа ерекше көңіл бөлінеді. Себебі, Қазақстанның газ саласы Орта Азиядағы ең озық технологиямен жабдықталған маңызды инфрақұрылымға ие. 19 мың шақырым магистральдық және 47 мың шақырым газ тарату құбырын игеріп отыр.
Жас мамандар компанияның болашағы. Ал «Үздік маман» байқауы – компанияның корпоративті дамуының маңызды элементі. Айта кетерлігі, әр қатысушы кәсіби маман екенін дәлелдеді. Бұл жұмыстың сапасын арттырады, яғни табиғи газды үздіксіз және апатсыз тасымалдаудың кепілі. Байқау жеңімпаздары дипломдар және естелік сыйлықтар, сондай-ақ, жоғары кәсіби шеберліктері үшін тарифтік мөлшерлемеге жылдық үстемеақы алады.
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы