Сонымен «электронды үкімет» порталы дегеніміз не? Портал – Қазақстан азаматтары мен республика қонақтары үшін ресми ақпарат беретін және онлайн режимде мемлекеттік мекемелер қызметін пайдалана алатын айырықша ресурс. Электронды үкімет құру идеясын ең алғаш Елбасы Н.Назарбаев әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында ұсынды. Сөйтіп, 2004 жылғы 10 қарашада электронды үкіметті енгізу туралы «Қазақстан Республикасында электронды үкіметті қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» Президент Жарлығымен бекітілді.
Электронды порталда жұмыс істеу кез келген пайдаланушы үшін түсінікті. Тіпті түсінбей бара жатсаңыз, YouTube сияқты желілерден электрондық үкімет порталын пайдалану туралы арнайы сабақтарды көре аласыз. Ақпарат алмасудың жылдамдығының арқасында ел тұрғындары үкімет ұсынған қызметтерді тез меңгерді. Құжат жинауда электронды нұсқаны пайдалану арқылы қағазбастылық азайып, қызмет сапасы жақсаруда. Бұл – электронды үкімет порталының халық игілігіне айналғанының нышаны. Қазіргі таңда www.e.gov.kz порталында отбасы, әлеуметтік қамтамасыз ету, құқықтық көмек, денсаулық сақтау, миграция және иммиграция, көлік және коммуникациялар, білім, жылжымайтын мүлік, туризм және спорт, жұмыспен қамту, салықтар мен қаржылар, әскери есеп және қауіпсіздік сынды бөлімдерде екі мыңнан астам ақпараттық қызмет көрсетіледі. Электронды үкімет порталын пайдаланушылар саны бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары көш бастап тұр. Ал еліміздің кейбір аймақтарының белсенділігі көңіл көншітпейді. Интернет көзіне қолжетімсіз елдімекен тұрғындары электронды үкімет порталының ұялы телефондарға арналған қосымшасын жүктеп алу арқылы қызмет түрін пайдалана алады.
15 жылдың ішінде электронды үкімет порталы дамудың бірнеше сатысын бастан өткерді. Алғашқысы – ақпараттық кезең. Осы кезеңде портал тұңғыш рет іске қосылып, ақпараттармен толықтырылды. Мемлекеттік мекемелердің халыққа көрсететін қызмет түрлері туралы ақпараттар таратылды. Екінші кезең – интерактивті кезең. Бұл кезеңнің ерекшелігі портал электронды қызметтерді ұсына бастады. Халық үйден шықпай-ақ кезекке тұру, анықтама алу, мекеме орындарына сұраныс жіберу сынды қызмет түрлерін пайдалануға мүмкіндік алды. Электронды үкімет порталына интерактивті қызметтерді енгізу құжаттарды жинауға кететін уақытты үнемдеуге едәуір көмектесті. Дамудың үшінші кезеңі – транзакциялық кезең. Бұл кезеңде азаматтар мемлекеттік салық түрлерін, айыппұлдар мен коммуналдық қызмет ақыларын төлей алды. Бұған дейін банкке барып, кезекте тұрып бір күн сарп ететін жұмыс онлайн жүйеде бірнеше минутқа ғана созылады. Электронды үкімет дамуының қазіргі, төртінші кезеңі – түрлендірмелі кезең. Соңғы кезеңнің ерекшелігі – қызмет көрсету жылдамдығының артуы.
Қазақстанның электронды үкіметі дүниежүзілік қауымдастық тарапынан оң көзқарасқа ие. Халықаралық және республикалық рейтингтердегі жоғары көрсеткіштері мен байқауларда ие болған номинациялары осыған куә. Еліміздің электронды үкімет порталы даму деңгейінің «дамушы» сатысында және аз уақыт ішінде жоғары нәтижеге жеткен табысты порталға айналды.
Көктем ҚАРҚЫН