Қапшағайдағы ерекше зауыт еліміздегі балық шаруашылығын жаңа сатыға көтереді
Қапшағайдағы ерекше зауыт еліміздегі балық шаруашылығын жаңа сатыға көтереді
461
оқылды

Балық шаруашылығы тура­лы жаңалыққа құлақ түріп жүре­тіндер түгел жиналған зауыт­тың ашылу салтанатына Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков, «Атаме­кен» ҰКП өкілдері, Ресей, Қытай және Израиль елдері­нен арнайы келген серіктес ком­паниялардың жауапты тұл­ғалары мен журналистер қатысты.

Жаңа кәсіпорынның бұ­рын­­­ғылардан басты ерек­ше­лігі – еліміздегі өзіндік балық өсіру материалдары және жем­дік қорымен жұмыс істей­тін, экологияға ешқандай нұқсан келтірмейтін, алғашқы «тұйық» өндіріс екенінде. KazOrganicProduct ЖШС жобасы йод тапшылығы бар аймақта аса маңызды болып саналатын балық өнімдерімен тұрғындарды қолжетімді баға­да қамтамасыз ету арқылы тірлік сапасын арттыру тұрғы­сында Қазақстанның азық-түліктік қауіпсіздігі бағдарла­ма­­сына толықтай жауап бере­ді. Балық шаруашылы­ғын­да өзіндік аналық топ бар және солардан алынған мате­риал­дар балық өсіруге пайда­ла­ны­ла­ды. Азықтық базасы да жаб­дықталған. Барлық өнім­дер бірқатар тазалау сатылары­нан өткен, тұйық сумен қам­та­масыз ету құрылғысы арқы­лы келетін су толтырылған жасанды хауыздарда өсіріледі.

– Клариус, баррамунди, страй­басс, тилапия, нефриттік алабұға, австралиялық қызыл-қысқашты шаян – кіші лобс­тер сынды африкалық және австралиялық балық түрлерін өсіреміз. Алғашқы өнімдерді алдағы күзде сауда сөрелеріне шағарамыз деген жоспар бар. Бастапқы кезде жылына екі тонна шығарып, сонан соң сұра­нысқа қарай оның көле­мін он тоннаға жеткізбек­піз. Бұл жоспар қазақстандық­тар­дың бұған дейін өздеріне таң­сық болып келген өнімдерді қабылдауына байланысты екені айтпаса да түсінікті. Жерлестеріміз бұрын естіме­ген балық түрлерін жақсы көріп кетеді деген үміт үлкен. Өйткені біз әлемде үлкен сұра­нысқа ие балық түрлерін таңдадық. Сонымен бірге, бағасы да халыққа қолжетімді болады, – дейді зауыттың бас директоры Александр Щети­нин. Ол сонымен бірге, кәсіпо­­рында әлемдік тәжірибе негіз­ге алынғанымен, балық өсіру­дің өзіндік қазақстандық технологиясы қолданылаты­нын да атап өтті. Қажеттілік туындап жатса, өндірістік қуат­тылықты барынша артты­рып, еліміздің аумағын да қам­туға мүмкіндіктері бар кө­рінеді. Жаңа өндіріске маман ихтиологтар аса қажет. Әзірге шетелдік мамандардың кеңесіне арқа сүйеп отырған кәсіпорын болашақтың қа­мын бүгіннен ойлап, қажет­ті мамандарды оқытып алуға тырысуда. Қазіргі кезде зауыт­та жиырма адам жұмыс істейді. Балықты мұздату мен қайта өңдеу жұмыстары жолға қойыл­ғанда жұмысшылар саны еселеп артпақ.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы