Қазақ киносының қоржыны қампая ма?
Қазақ киносының қоржыны қампая ма?
563
оқылды
3 маусым күні Ұлттық кино­ны қолдау мемлекеттік орта­лығы екінші питчингінің нәти­желері бойынша мемлекеттік қар­жы­ландыру алған картиналар тізімін жариялады. Оның ішінде миллиард теңгеге жуық қаржы «Қазақфильм» АҚ киностудиясына бөлініп отыр. Қазір Ұлттық киноны қолдау орталығына қатысты дау өршіп тұр. Бұл туралы сауалымызға Мәдениет министрлігі өкілдері «Бүгінгі күні Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының төрағасына қатысты құзырлы органдармен тергеу жүріп жатыр. Сондықтан алдын ала пікір айту ертерек» деп жауап қайтарды. Ал биылғы жылы түсіріле­тін жобалар қандай? «2019 жыл­дың 3 қаңтарында «Кинемато­графия туралы» Қазақстан Респуб­ли­ка­сының заңы қабылданып, кино өнері саласының реттелуі тұжырымдамалық негізде өзгерді. Мәселен, киножобаларды қар­жы­ландыру туралы шешімді уә­кілетті орган Сараптама кеңесі­нің оң қорытындысы және Ұлт­тық фильмдерді мемлекеттік қар­жылық қолдау мәселелері жө­ніндегі ведомствоаралық комис­сияның ұсынымы негізінде қа­былдайды. 2019 жылғы 31 қыр­күйек пен 30 қазан аралығында ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды іріктеудің екінші конкурсына 226 өтінім қабылданып, Сараптама кеңесінің отырысында 58 киножобаға оң қорытынды берілді. Сондай-ақ  Сараптама кеңесінің отырысы онлайн режимде Youtube.com сайтында трансляцияланғанын атап өту қажет. Бұл өз кезегінде киножобаларды іріктеудің ашықтығын қамтамасыз етеді», – дейді аталмыш ведомство өкілдері. «Қазақфильм» ұсынған жобалардың ішінде «Қасым Жәкібаев», «Серікбол Қондыбай. Воин духа», «Алыстағы ағайын» деректі фильмдері бар. «Алтын адам» анимациялық фильмі де биыл түсірілмек. Қазақстан–Вен­грия бірлесіп түсіретін халық­аралық жобаның бірі – «Олиара». Қысқаметражды фильмдердің қатарында  «Граната», «Рух», «Таутай-лақ», «Горячее озеро», «Көше ақыны», «Самый дол­гий день лета» жобасы бар. «Воз­вращения Моря» дебюттік фильмі де  осы қатарда. Қалған 29 киножобаны жеке­меншік киностудиялар жүзеге асыратын болады. «Рақымжан Қошқарбаев» туралы деректі фильм де жоспарда тұр. «Ақ боз үй», «Мама, я живая», «Адам и Алма», «Боран», «Дос Мұқасан», «Лето 1941-го», «Хирург», «Билет из рая» картинасын да жекеменшік киностудиялар түсірмек. «Кенже қыз» бен «Колыбельная», «Караван Историй», «Еркетай»  анимациялық фильмдері де жекеменшікке тиесілі. 29 жобаның ішінде қысқаметражды фильмдер де бар. «Құс», «Слезы недорого», «На Восток от Рая» – бекітілген жобалар. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Слова на­зидания Абая» фильмі түсіріл­­мек.  «Бауырына салу» «Братья», «Молочная девочка», «Паралимпиец» дебюттік фильмі де жобада тұр. «Заң аясында тұңғыш рет инвесторлар мен жеке капи­тал­ды тарту мақсатында ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржы­лан­дырудың жаңа моделі енгізілді.  Мәселен, егер осы күнге дейін барлық фильмдер 100% мемлекет тарапынан немесе жекеменшік тарапынан қаржыландырылса, заң қабылданғаннан кейін ком­мерциялық жобалар мемлекет/жекеменшік қаражаты есебінен ішінара  екі жақ тараптан қар­жы­ландырылуы мүмкін. Үш жылдан кейін фильмдер шығару бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме 30%-ға төмендемек. Атал­ған заңның 12-бабына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар фильмдер, дебюттік фильмдер және оқиғалы фильмдер мемлекет тарапынан 100% қаржыландырылады. Әлеу­мет­тік маңызы бар фильмдер  қоғам­ның патриоттық, рухани-адам­гершілік, зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыруға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған өзекті  дүниелер болмақ», – дейді министрлік. Қазақ киносы дегенде, прокат мәселесі үнемі алдыңғы орынға шығады. Режиссерлерді зәрезап қылған дүние де прокат екені белгілі. Ұлттық киноға бөлінген қаржының қайтарымы бола ма?  Министрлік «прокаттаудан түскен түсімнің 20%-ын  Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына қайтаруы тиіс» деп отыр. Ал Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына қайтарылған қара­жаттың барлығы жаңа жобалар өндірісіне бағытталады екен. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы – фильм өндірісінің барлық тех­нологиялық процесін жүзеге асыратын өндірістік базасы бар Орта Азия аумағындағы ең ірі ки­ноөндіруші ұйымның бірі. Киностудияны жаңғырту жайы да негізгі мәселенің біріне ай­налған. «Бүгінгі күні 2020-2022 жылдарға арналған киностудияны жаңғырту бойынша Жол карта­сының жобасы әзірленді және республикалық бюджет комис­сиясымен мақұлданды. Киносту­дияны жаңғырту аясында қазіргі заманғы кинотүсірілім және монтаждау жабдықтарымен техни­калық қайта жарақтандыруға, ма­мандандырылған көлік сатып алуға, инженерлік желілер мен ғимараттарға күрделі жөндеу жүр­гізуге, сондай-ақ түсіру алаңының құрылысына көзделіп отыр», – дейді министрлік. Әрине, ұлттық киноны да­мытуға көңіл бөлген дұрыс. Көз қуантатын, көңіл сүйсінтетін, елдің ықыласына бөленетін фильмдер өмірге келіп, қазақ киносының қор­жынын қампайтып жатса, қанеки! Онда «бөркімізді аспанға атып» қуанатынымыз анық. Тек мил­лиондаған теңгелер «желге ұшып» кетпесе болғаны.  Әйтпесе, «Қасым Жәкібаев», «Рақымжан Қошқарбаев» сияқты деректі фильм­­дерді көрермен күткелі қашан?!  

Гүлзина БЕКТАС