Тұрғын үй нарығы қандай деңгейде?
Тұрғын үй нарығы қандай деңгейде?
426
оқылды

Finprom аналитикалық порталының зерттеуінше, соңғы уақытта тұрғын үй құрылысының қарқыны 5 пайызға тө­мен­­деп кеткен. Әсіресе, өңірлердегі жағ­дай көңіл көншітерлік емес. Былтыр «Баспа­на» ипотекалық ұйымы «7–20–25» бағ­дарламасы бойынша тұрғын үй тап­шы­лығы қатты байқалғанын, сол үшін қосымша 150 миллиард теңге бөлінгенін айтқан еді. Сондай-ақ елдегі екінші деңгейлі баспана бағасы 10-15 пайызға қымбаттаған. Бірінші деңгейлі нарықтағы шаршы метр құны да шарықтап кеткен. Бірақ азаматтардың жалақысы сол күйінде қалып отыр. Яғни, көп адамның жалға алу арқылы да, ипотекамен де баспана рәсімдеуге жалақы мөлшері мүмкіндік бермейді.

– Қалай десек те, Қазақстандағы орта­ша жалақы 100 мың теңгеден аспай­ды. Ал жаңа үйлердегі шаршы метр құны орналасқан ауданына орай 300-650 мың теңге аралығында. Оның өзінде қара­байыр нұсқасында. Адамдар жарты жыл тынбай жұмыс істегеннің өзінде тек бір шаршы метрдің ақшасын ғана табады. Оның үстіне экономиканың дағдарысқа ұшырауы адамдардың сатып алу мүмкін­дігін азайтып жіберді, – дейді экономист Айдар Әлібаев.

Экономист Мақсат Сералының сө­зін­ше, тұрғын үй тапшылығындағы сұра­ныс­ты тудырып отырған орта таптан төменгі адамдар.

– Олар премиум, элита, тіпті орта клас­стағы үйлерді емес, қарапайым тұр­ғы­зылған 3, 4-ші категориялы пәтер­лерге де қанағат етеді. Бірақ көптеген құрылыс компаниялары олар үшін үй салғысы келмейді. Себебі, маржасы (пәтердің өз құны мен бағасы арасындағы айырма­шылық) төмен, ақша айналымы жоғары емес әрі оның бәрі ипотека арқылы жүзеге асқандықтан ақшаның қайтарымы ұзақ уақытқа созылып кетеді. Мәселен, премиум кластағы тұрғын үйлерді қазір тапшы деп айта алмайсыз. Бір шаршы метрі 450 мыңнан тұратын үйлерді таба­сыз. Мысалы, Алматыдағы «Саялы», «Шұғыла» тұрғын үй кешендерінің барлығы бір жыл бұрын толып қалған. Пәтерлерінің бәрі мемлекеттік бағдарла­ма арқылы өткен. Сосын бір мәселе – халықтың кез келген үйден, яғни, екінші дәрежелі үйлерден пәтер алуына мүмкін­дік жасау керек. Ал қазір көп жерде бірінші дәрежелі пәтерлерді сатып алуды міндеттеп қояды. Мұндай жағдайда таң­дау азаяды, халық пәтер таппай табанын тоздырады, – дейді экономист.

Оның айтуынша, тұрғын үй тапшы­лығы алдағы 5-10 жылда шешімін таба қоймайды. Жалпы, құрылыс нарығын­дағы экономикалық өсім жоғары болға­ны­мен, сұраныс әлі ұзақ сақталады. Оның үстіне мамандар көптеген құрылыс материалдарының сырттан импортталуы елдегі тұрғын үй бағасының шарықтап кетуіне себеп болады дейді.

– Esentai Mall сияқты тұрғын үй кешен­дерінде қолданылған материалар­дың 80 пайызы шетелден әкелінген. Ал төменгі кластардағы кешендерді салу үшін 90 пайызға дейін қазақстандық өнімді қолдануға болады. Яғни, өзіміз цемент, кірпіш, бетон өндіреміз, арма­тура, темір зауыттарымыз жеткілікті. Ішкі сантехникалық заттарды қамтамасыз ететін Алматы облысында үлкен зауыт жұмыс істейді. Қазақстандық өнімді қолданғаннан кейін де олардың бағасы оңтайлы болып тұр. Өйткені долларға байланбаған. Дегенмен бізде ірі компа­ниялар әлі де болса Еуропадан материал тасығанды қолайлы көріп тұр, – дейді Мақсат Сералы. Ал BI Group компаниясы өкілдерінің айтуынша, шетелдік мате­риал­дарды тұтыну – қалыпты нәрсе. «Мейлі жол, мейлі тұрғын үй болсын біз клиенттерге сапалы, үздік өнім ұсынғы­мыз келеді. Сол себепті, шетелдік тасы­малдаушылар қызметін тұтынамыз. Қазір­гі таңда импорттық материалдардың үлесі 30 пайызға жуықтайды. Бұл – қалыпты жағдай. Себебі, әлем бойынша тек отандық материалдар арқылы салын­ған нысанды табу қиын. Қазақстан да басқа елдер сияқты жаһандық экономи­каның бір бөлшегі. Жақын шетелдерден – Ресей, ал қашық елдер бойынша Еуроодақ елдерінен тауар тасымал­даймыз» дейді олар.

Биыл ипотекалық несиелердің берілуі қазақстандық несие тарихындағы ре­корд­­тық көрсеткішке жеткен. 2019 жылы ақпанның соңында берілген ипо­те­калардың жиынтық көлемі бір жыл ішінде 22,5 пайызға өсіп, 1,3 трлн теңгені құраған. Азаматтар көбіне «Нұрлы жер», «7–20–25» бағдарламаларын және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жинақ­таушы несиелерін таңдаған. Ұлт­тық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 2019 жылдың наурыз айының қорытындысы бойынша 2018 жылмен салыстырғанда бірінші деңгейлі нарықтағы тұрғын үй бағасы 4,2 пайызға, екінші деңгейлі үйлер 2,4 пайызға қымбаттаған. Қазіргі таңда бір шаршы метрдің құны алдыңғы жылға қарағанда шамамен 2,2 пайыздан жоғары. Елбасы бастамасымен қолға алынған «7–20–25» бағдарламасы халықтың ықы­ла­сына ие болып, баспаналы болсам деген көп адамның үмітін оятқаны рас. 2018 жылдың шілде айынан бері жалпы сомасы 77,5 млрд теңгеге 6,5 мыңнан астам өтініш қанағаттандырылған. Алайда төмен пайызбен үй алсам деген көп­шілік тұрғын үй тапшылығымен бет­пе-бет келді. Жақсы пәтерлердің бағасы 25 миллион теңгеден жоғары. Сондай-ақ пәтерлердің әлі құрылыс жүріп жатқан кезде-ақ сатылып кетуі тапшылыққа ұрын­дыруда. Қазірдің өзінде Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында үй табу қиынның қиыны. Бұл пікірмен отандық нарықтағы белді компания BI Group компаниясының өкілдері де келіседі.

«7–20–25» бағдарламасымен үй алуға қарапайым халықтың жағдайы жете бермейді. Ал жалақысы орта деңгейдегі көпшілік Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болуды жөн көреді. 2018 жылдың қорытын­ды­сы бойынша 38 295 займ беріліп, оның сомасы 369,5 млрд теңгені құраған. Оның 43 пайызы – бірінші, 51 пайызы екінші деңгейлі нарыққа тиесілі. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл 20 мыңға жуық пәтер салу жоспарланған. 

– 2018 жылы Қазақстанда 12,5 млн шар­шы метр, Нұр-Сұлтанда 2,4 млн, Алматыда 2 млн шаршы метр пайдалануға берілген. BI Group компаниясы 900 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берді. Биыл біздің компания 1 млн шар­шы метрлік жоспарды орындауға дайын. Қазіргі кездегі ел тұрғындарын баспа­на­мен қамту үшін – адам басына 21,6 шар­шы метрден салу керек. БҰҰ-ның ыңғай­лы көрсеткіші бойынша адам басына 30 шаршы метрден берілу керек екен. Сондықтан бізге әлі 150 млн шар­шы метр тұрғын үй салуға тура келмек, – дейді BUILD INVESTMENT CITY ЖШС даму басқармасының талдау бөлімінің басшы­сы Дәурен Айткенов.

Экономист Мақсат Сералының сө­зін­­ше, бағасы қолжетімді пәтерлер көп жағ­­дайда қаланың шет жағында соғы­лады.

– Біздегі премиум кластан жоғары деңгейдегі тұрғын үйлер әлі күнге бос тұр. Ол жердегі бір бөлмелі үйдің бағасы кем дегенде 30-35 миллион. Бізде эконом-класстағы үйлерді қаланың сыртынан соғу әдеті қалыптасқан. Мұны дұрыс тен­денция дей алмамын. Себебі, сол үй­лер­де тұратын азаматтардың бәрі қалада жұмыс істейді. Арзан үйлерді қаланың шет жағына қарай ысыра беру түптің түбінде әлеуметтік бөлінуді тудырады. Кастаға әкеліп соғады, – дейді ол.

«Егер тұрғынның табысы аз болса, оған ешқандай бағдарлама көмектеспейді. Қазір Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында жаңа пәтерлер тапшылығы қатты сезіліп отыр. Құны 25 миллионға дейін бағаланатын 4 категориядағы немесе эконом-класстағы барлық пәтерлер құрылысы жүзеге асты», – дейді Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов. Қазіргі таңда «7–20–25» бағ­дар­ламасы бойынша сатылған пәтер­лер­дің үлесі негізінен Алматы (345 млрд теңге), Нұр-Сұлтан (344,1 млрд теңге) және Батыс Қазақстан облысына (76,5 млрд теңге) тиесілі. Жалпы алғанда, барлық ипотекалық қарыздардың 57,2 пайызы, яғни 765,6 млрд теңге тиесілі.