Жалақыны көтермей, жағдай түзелмейді
Жалақыны көтермей,  жағдай түзелмейді
288
оқылды

Ғылым мен білім беру саласы барлық уақытта мемлекет пен еліміздегі жетекші саяси партияның назарынан тыс қалған емес. Мемлекеттік бюджет шығындарының 17% нақ осы саланы дамытуға жұмсала­тыны – соның айқын дәлелі.

Жиын барысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейінгі Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы дайындалып жатқанын айтты.

– Жаңа бағдарламаны қоғаммен, сарап­шылармен, депутаттармен бірлесе отырып жасаймыз. Сондай-ақ бүгінгі жиын барысында сіздердің тараптары­ңыз­дан айтылған ұсыныстар да ескеріледі, – деді министр.

Осы орайда Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бағдарлама аясында бірінші кезекте шешілуі тиіс басымдықтағы бірнеше мәселені атады. Олардың алғаш­қысы мұғалімдердің жалақысы мен беделіне қатысты болды.

– Бүгінде ұстаздардың әлеуметтік қорғалмаған топқа жататыны анық. Эко­номиканың салалары бойынша орташа көрсеткішті алып қарасақ, білім беру сала­сының қызметкерлері ең төменгі жалақы алады. Әрине, қосымша төленетін ақы­лардың бары да рас. Бірақ оларды алу үшін көп жылдық еңбек өтілі сияқты тағы да басқа талаптар қойылады. Сондықтан ұстаздардың жалақысын көтеру мәселесін кезең-кезеңімен шешпейінше, білім саласын алға ілгерілетіп, жаңа деңгейге көтеру, елімізге қажетті, білімді де білікті мамандар даярлайтын жүйе құру қиынға соғады, – деді М.Әшімбаев.

Ол білім беру саласындағы баса назар аударатын екінші мәселе ретінде педагог­тардың кәсіби сапасын атады. Статис­тикаға сүйенсек, педагог мамандығына ҰБТ-да аз балл жинағандар барады екен. 2018 жылы педагогикалық мамандыққа түскен студенттердің тең жартысына жуығы ҰБТ-да 55 балдан төмен жина­ғандар. Мұның өзі біраз жайтты аңғартса керек. Яғни, өзге мамандықтарға балы жетпей қалған жастар ғана амалсыз педагог мамандығын таңдап жатады.

Тағы бір айта кетерлігі, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерімен салыстырғанда, қазақстандық балалардың PISA көрсеткіші (әлемнің түрлі елдеріндегі оқушылардың сауаттылығы мен білімін тәжірибеде пайдалана алуын бағалайтын тест) бойынша деңгейі 2-3 есеге төмен.

– Бірлесіп қолға алатын үшінші мәсе­ле – ауыл мен қаладағы білім сапасы­ның алшақтығы. Ауылдарда білікті ма­ман­дар, білімді ұстаздар жетіспейді. Инфра­құры­­лым мәселесі де толық шешілмеген. Үш ауысымды, апатты жағдайдағы мектеп­тер­дің басым бөлігі де осы ауылды жер­лерде. Мұның барлығы білімнің сапасына әсер ететіні анық, – деді Мәулен Әшімбаев.

Ал Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов демография, көші-қон процестеріне байланысты мектептер тапшылығы барын, апатты, үш ауысымды мектептер проблемасының сақталып отырғанын айтты.

– Тек Нұр-Сұлтан қаласының өзіне жыл сайын 20 мың бала көшіп келеді. Бұл –кемінде 20 мектеп салу қажет деген сөз. Біз бұл проб­лемалардың барлығын білеміз және осы бағытта жұмыс жүргіземіз, – деді ол.

Іс-шараға қатысушылар әлі күнге дейін негізгі бөлігі ескіліктен құтыла алмай келе жатқан білім беру жүйесін басқару құры­лымын реформалау керек екенін ерекше атап өтті. Бұл өз кезегінде олардың білікті мамандарды дайындаудағы ынтымақты жауапкершілігін белгілей отырып, оқу­шылар, ата-аналар, ұстаздар, білім беру ұйымдары, бизнес пен мемлекет арасын­дағы қарым-қатынас жүйесін түбегейлі өзгертуді қарастырады.

Еске сала кетейік, Nur Otan партиясы жанындағы Мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың тиімділігін бағалау мен мониторингін іске асыру орталығы Елбасы тапсырмасы бойынша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тапсырмалары мен мембағдарламаларды іске асыруды бақылаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру мақсатында құрылған болатын.


Клара НАҚЫП