Іскер азамат
Іскер азамат
411
оқылды

Жас жігіт бизнес жүргізу үшін түрлі курс пен тренингке, форум­дарға қатысып, тәжірибе мен білім жинаудан жалыққан жоқ. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Азамат тұ­тынушыға қолжетімді өнім өнді­рудің маңыздылығын түсінді. Оған тау-кен компаниясында жинаған тәжірибесі де көмекке келді. 25 жа­сында ол «Ер-Тай» атты ЖШС тау-кен компаниясында лауазым­ды қызмет атқарды. Бірақ болдым-толдым деген жоқ. Тұрмысқа қа­жетті өнімдердің үздіксіз пайда әкелетіндігін байқаған Азамат өз ісін бастауға шешім қабылдады. 2014 жылы ол Приозерск қала­сындағы «Атамекен» КП филиа­лына барып, жоспарын ұсынды. Дегенмен газбетон блоктарды шы­ғаруды көксеген жігіт ол өнім­дерді қайда, кімге өткізуге болады, қанша табыс кіреді деген ойлардан алыс болатын. Байқауда комиссия мүшелері жоспардың шикілігін бірден аңғарды. Бір қайнауы ішін­де қалған бизнес идея байқауда грант ұта алмады. Дегенмен Азамат берілген жоқ. Ол «Атамекен» кә­сіп­керлер палатасының Приозерск қаласындағы филиалына қайта жүгінді. Мамандар оған жеке кәсіп ашудың қыр-сырын түсіндірді. Жекеменшік кәсіпорын ашудан бастап, салық төлеу, бухгалтерия жүргізу, ұзақмерзімді, қысқ­а­мер­зімді жоспар жасау, маркетингтік стратегия негіздерін тегін үйретті.

«Атамекен» КП Азаматқа кәсі­бін жолға қою үшін инвестор та­уып берді. Инвестор өз кезегінде жас жігітке 5 млн теңге беріп қол­дау көрсетті. Ол қаражатқа кір са­бын шығаратын қазақстандық ­құ­рал-жабдық сатып алды, оны қа­лай шығаруды үйренді. 2017 жыл­­дан бастап күніне 800 дана кір сабын өндіріп келеді.

Азаматтың мақсаты бизнесін кеңейтіп, шаруасын дамыту. «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағ­дар­ламасы негізінде «Іскер байланыс» мемлекеттік бағдарламасы бойын­ша 2017 жылы Германияда бір ай бойы оқыды.

Жас кәсіпкердің «Азамат-2050» атты ЖШС бар. Біліммен қару­ланған жігіт құрылыс өнімдерін де өндіретін жаңа құрал-жабдықтар сатып алды. Азамат әрі арзан әрі сапалы өнім шығару үшін зертха­насында түрлі сынақ жүргізді. Ол бедерленген суреті бар қыш тақ­тайшаларды өндірудің түрлі әдіс-тәсілдерін сынап көрді. Күйдірді, қыздырды, әрледі, бедерледі, боя­ды, араластырды, құрамын өз­герт­ті, қоспалар қосты. Нәтижесінде, декоративті шыны тақтайларды өндірудің Қазақстандағы тұңғыш технологиясын ойлап тапты. Аза­маттың айтуынша, мұндай деко­ративті шыны тақтайшалар бұрын біздің елде шығарылмаған. 28 түсті үйлестіріп жасаған бедерлі плитаны еденге, қабырғаға төсеуге болады. Интерьер жасаумен ай­на­лыса­тындар осы уақытқа дейін бағасы 14-45 мың аралығындағы қымбат ресейлік, итальяндық өнім­дерді қа­нағат етіп келеді. Ал Приозерск қаласында өндірілген тақтай­ша­лар­дың бағасы 3 500-12 000 тенге тұра­ды. Бағасы қолже­тімді, сапасы жо­ғары отандық өнім астаналық өнім өндірушілердің назарына ілікті.

Жас кәсіпкер жетістікке жету үшін қателесуден қорықпау керек дейді. Ең бастысы, құлшыныс пен өзіңе деген сенім маңызды. Ол бірден пайдаға кенелген жоқ. Әлі де білікті мамандардың ақыл-ке­ңесіне мұқтаж екендігін жасыр­май­ды. Бірақ тәжірибенің аздығы жаңа өндіріс технологиясын ойлап табуға кедергі болған жоқ. Азамат әзірге өзін жарнамалаудан аулақ.

– Бұл тақтайша ұзақ қолдануға жарамды. Сыз бен дымқылды өт­кізбейді. Ғимараттың еденін, ірге­сін, сыртқы қабырғасын да қап­тауға болады. Механикалық, таби­ғи өзгерістерге төзімді. Жеңіл әрі жұқа, – дейді Азамат Чалгымбаев.

Облыс орталығынан 500 шақы­рым қашықтықта жатқан Прио­зерск қаласы үшін тұрмысқа қа­жет­ті өнімдерді жеткізу қиындық тудыратын. Азамат осы олқы­лық­тың орнын жойып, маңайындағы елдімекендердегі дүкендерді то­лық­тай қамтамасыз етуге көшті. Бүгінде Азаматтың кәсіпорны газблок, құмблок, шлакблок, кір­піш, бедерленген шыны тақтайша, кір сабын шығарады.

– Мен керамикалық өнімдер шығаратын цех ашуды да жос­пар­лар отырмын. Керамиканы тұты­нушы­лар аз емес. Ол авиацияда, қағаз өн­дірісінде, автомобиль, металлур­гия, медицина, қорғаныс саласында да сұранысқа ие. Ел­басымыз Н.На­зарбаевтың бас­та­масымен «Жа­сыл экономикаға көшу» тұжы­рым­дамасы бекітілген. Құрылыс мате­риал­дарының эко­ло­гиялық қауіп­сіздігі де тұжы­рым­даманың басым бағыттарында қарастырылған. То­пы­рақ ежелден экологиялық таза өнім болып табылады, – дейді кәсіпкер.

Азамат бір жерде тоқтап қал­ғы­сы келмейді. Нарықты жаулау үшін тек алға жылжу керек. «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасының кәсіп­кер­лерге ұсынып отырған көмегі мен қолдауы Азаматты жаңа биік­терді бағындыруға жетелеп келеді.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы