«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері автожол саласында 2,4 мың шақырым республикалық маңызы бар автожол салынған және қайта жаңартылған.
«2019 жылы Қарағандыдан Алматыға дейін және Ақтөбеден Ресей шекарасына дейін (Астрахан қаласына) құрылыс жұмыстары басталды. Жыл қорытындысы бойынша 641 шақырым қайта жаңартылған жолда қозғалыс ашу жоспарланған. Нұр-Сұлтан – Павлодар (441 км), Щучинск – Зеренді (80 км), Бейнеу – Ақжігіт (85 км), Таскескен – Бақты (20 км), Жетібай – Жаңаөзен (73 км) жобалары бойынша жұмыстар толық аяқталады», – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр. Оның мәліметінше, республикалық маңызы бар автожолдардың 1,5 мың шақырымын жөндеу көзделген.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың өңіраралық инфрақұрылымды жүйелі дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2018 жылы жергілікті желінің автожолдарын қаржыландыру тепе-тең негізде 156 млрд теңгеге дейін жеткендіктен, 4 мың шақырымнан астам жолды жөндеуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылдан бастап біз қымбат күрделі жобалардан негізінен суық ресайклинг әдісі арқылы үнемді болатын орташа жөндеуге көшеміз. 2019 жылдан бастап жергілікті жол желісін жөндеуге қаржыландыру көлемі 200 млрд теңгені құрайды, бұл 5 мың шақырымнан астам жөндеу жұмыстарын қамтуға мүмкіндік береді», – дейді Р.Скляр.
3 жылдық кезеңде жергілікті жолдарды қаржыландырудың жыл сайынғы көлемі жылына 5 мың шақырым дейін жөндеу жұмыстарын қамти отырып, 200 млрд теңгеден кем емес деңгейде сақталады. Мұндай қарқын кейінгі жылдары да сақталады. Бұл 2025 жылға дейін шамамен 30 мың шақырым жолды жөндеуге және жергілікті маңызы бар автожолдардың 95% жақсартуға мүмкіндік бермек.
Асқар Мамин бағдарламаны іске асыру Қазақстанның транзиттік әлеуетінің, сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымының дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті.
«Бағдарламаның аса маңызды міндеті – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Жаңа жолдар салу жүк тасымалдау кезінде бизнес үшін көлік шығындарын кемінде 15 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бұл өзіндік құнына және тұтынушылар үшін түпкі бағасына ықпалын тигізеді», – деді Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин.
Өткен жылдың өзінде ғана 86 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын айта кеткен жөн. Биыл жоспарға сәйкес тағы 54 мың жұмыс орнын құру көзделген. Сонымен қатар бағдарламаны іске асыру елдің көліктік әлеуетін дамытуға үлкен серпін берді.
«Бағдарлама аяқталатын осы жылға да үлкен жоспарлар бар. Республикалық маңызы бар 4,4 шақырым жол реконструкцияланып, 5 мың шақырым жергілікті жол жөнделеді. Осыған орай, мемлекеттік органдар, құрылыс компаниялары белгіленген жоспарларды орындау үшін қарқынды жұмыс атқаруы тиіс», – деді Асқар Мамин. Оның айтуынша, экономиканың дамуына үлкен үлес қосқан және ұзақ мерзімді оң әсер еткен жобалардың бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы болғанын атап өтті, оның аясында 47 жаңа өндіріс пен 73 қызмет көрсету нысаны құрылды. Жобаны іске асырудың жылдық жиынтық тиімділігі – 200 миллиард теңге.
Ақылы жол: керек болар дерек
2018 жылы транзиттен түскен кіріс – 1,5 миллиард доллар. Ал транзиттен қосымша табыс алу мақсатында осы жылдан бастап, Астана – Щучинск жолынан бөлек, 471 шақырым ақылы жол пайдалануға берілді. Оның ішінде Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас жолдары бар.
2019 жылғы 19 маусымнан бастап барлық ақылы жолда Инвестициялар және даму министрі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығына сәйкес, төлем қабылдау пункттерінде өткізу қабілетін арттыру, көлік құралдарының кептелісін болдырмау, көліктердің жедел жүруін қамтамасыз ету және уақытты үнемдеу мақсатында жол жүру ақысына дифференциалды тариф енгізілді. Енді жеңіл автокөліктер үшін жолақысын қолма-қол төлеу 2 есе қымбат болады. Ал төлем жасаудың төмендегі түрлерін таңдап, алдын ала ақшаны салып қойсаңыз дифференциалды тарифте көрсетілген соманың жартысын ғана төлейсіз. Ал жүк көлік құралдары үшін төлем бағамы өзгеріссіз қалады.
Автомобиль жолдарын нормативтік күтіп ұстау мен сақтауды қамтамасыз ету мақсатында жол жүру үшін ақы алу жүйесін енгізу жөніндегі жобаларды іске асыру жалғасуда. Жыл басында жалпы ұзындығы 471 шақырым болатын Алматы – Қорғас (295 км), Алматы – Қапшағай (42 км) және Астана – Теміртау (134 км) жол телімдерінде төлем жинау басталды. Тұтастай алғанда, 2019 жылдың қорытындысы бойынша ақылы учаскелерден (4 учаске) жиналатын жыл сайынғы алым (осы автожолдарды күтіп ұстауға арналған қаржыландырудың нормативтік қажеттілігі 3,2 млрд теңге болғанда) шамамен 5,4 млрд теңгені құрайды. Келесі жылы тағы 5,5 мың шақырымға ақы алу жүйесін іске қосу жоспарланып отыр, бұл автожолдарды күтіп ұстауға жұмсалатын шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Атап өтсек, ақылы жол телімдерінің бағасы: Нұр-Сұлтан – Щучинск (бір бағытта: қолма-қол төлеу – 400 теңге, алдын ала «онлайн» төлеу – 200 теңге), Нұр-Сұлтан – Теміртау (бір бағытта: қолма-қол төлеу – 400 теңге, алдын ала «онлайн» төлеу – 200 теңге. Алматы – Қапшағай (бір бағытта: қолма-қол төлеу – 200 теңге, алдын ала «онлайн» төлеу – 100 теңге). Алматы – Қорғас (бір бағытта: қолма-қол төлеу – 600 теңге, алдын ала «онлайн» төлеу – 300 теңге). Төлем жасаудың түрлері: Payway.kz. Интернет-банкинг: Kaspi bank, Halyk bank, Сбербанк, Eurasian Bank, Capital Bank, АТФ Банк. Терминалдар: QIWI, Касса 24, CyberPlat, Tenge, Payway.kz, Касса 24 электрондық әмияны, QIWI, Wooppay, Salempay. Телефон теңгерімінен де төлем жасау мүмкіндігі бар.
Ал 2020 жылы 5,5 мың шақырым ақылы жол іске қосылады.
Биыл 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңі аяқталады. Енді 2020-2025 жылдарға арналған келесі кезеңі әзірленбек. Үкімет басшысы оны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тапсырды.