Айта кетейік, күні кеше Ордабасы ауданындағы Ақжол ауылы, Жамбыл атындағы орта мектепте облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен баспасөз-мәслихаты өткізілді. Жиынға облыс әкімімен қатар ««Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев, ТЖД өкілі, Қазақстан Республикасының Бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин, облыс прокуроры, аймақтық ветеринарлық инспеция өкілі қатысты. Өңір басшысы елді мазалаған өткір әрі өзекті сұрақтарға жауап беріп, Арыстағы жағдай тұрақталып, қауіптің беті сейілгенін мәлімдеді.
«Арыс қаласына тұрғындарды апта соңында кіргізетін боламыз. Уақытын нақты 28 маусым күні хабарлап айтамыз. Себебі, халықтың қауіпсіздігі үшін қаланы әлі де толық тазартуымыз қажет. Тұрғындарды қалаға кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Осы секторларға облысымыздың 16 ауданынан 640 жауапты (1 аудан – 40 адам) азамат бекітілді. Тұрғындар үйіне оралған соң тұрғын-жайларына келтірілген шығындар бойынша бекітілген қызметкерлер фото-видеофиксация жасайды. Осы материалдар келтірілген шығындарды есептеуге көмек береді. Тұрғындарды үйлеріне орналастыру үшін облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді. Арыс қаласы толық қалпына келеді. Алаңдайтын ештеңе жоқ. Мемлекет тарапынан арыстықтарға қолдау көрсетіледі. Бұл қиындықты да бірге еңсере аламыз», –деді Ө.Шөкеев.