Елордалық емдеу мекемелерінде не жаңалық?
Елордалық емдеу мекемелерінде не жаңалық?
329
оқылды

Біріншісі – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген (ТМККК) пакеті. ТМККК аясында бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) тұрғындар тіркелген емханалар мен клиникалар (учаскелік терапевт, педиатр, жалпы практика дәрігері, фельдшер, тіркелген емханадағы медбике, т.б.) тарапынан көрсетіледі. БМСК: дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация; профилактикалық екпелер мен скринингтер; жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларды дәрігерлік бақылау; созылмалы аурулар (25 топ бойынша) мен әлеуметтік маңызы бар ауруларды (онкология, туберкулез, ВИЧ, психикалық аурулар) динамикалық бақылау сынды медициналық қызмет түрлері.

Екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті. МӘМС пакетіне бағасы қымбат операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы, т.б. сынды қызметтер кіреді. Оны медициналық сақтандырылған азаматтар ғана пайдалана алады.

Медициналық сақтандыру қоры екі жылдан бері стратегиялық сатып алушы қызметін атқарып келеді. Процесстердің басым бөлігі жүйені енгізуге дайындық барысында сынақтан өткізілді. Бұл процесстер алдағы уақытта да жетілдіріледі. Бірақ қос пакетке енген қызметтерді сатып алу, ақы төлеу мен мониторинг процесі қазірдің өзінде жолға қойылды деуге болады.

Жұртшылық қай пакетте қандай қызмет бар деп бас қатырмайды. Себебі пакеттер нақты бөлініп, қайсысына қандай қызметтер енетіні белгіленген. Негізгі процестерді автоматтандыру, денсаулық сақтау субъектілері алдындағы кедергілерді төмендету, медицина ұйымдарының санын арттыру арқылы қызмет көрсететін клиниканы таңдау жеңілдейді, процедура бұрынғыдан да ашық жүргізілетін болады. Осы орайда Қор жұмысын толығымен цифрландыру қарастырылуда.

Тұрғындар денсаулығын сақтаудағы маңызды саланың бірі – бастапқы медициналық-санитарлық көмек, яғни, елордалықтар қаралатын емханалар, сондықтан осы салаға басымдық беріледі.

«Бастапқы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында емханалардың жүктемелерін азайтуға бағытталған іс-шаралардың картографиясы жасалды. Нәтижесінде, 2019 жылдың соңына дейін қала маңында тұратын 100 мыңнан астам тұрғындар өзі тұратын үйден 20 метр қашықтықта орналасқан емханалармен қамтамасыз етіледі. Бұған жекеменшік инвесторлардың көмегімен жаңа емханалар, дәрігерлік амбулаториялар ашу арқылы қол жеткізуге болады. Болашақта емхана қызметі – медицина саласының бәсекелестік алаңына айналары сөзсіз. Ал, бәсекелестік бар жерде, кез келген қызметтің сапасы артады, - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Айта кетейік, Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалымен келісімшартқа отырып, тапсырыс алып жатқан, соның

ішінде емхана қызметіне қызығушылық танытып отырған жекеменшік клиникалар саны артып келеді. Биылғы жылы елордалықтарға мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық қызмет көрсету үшін Қормен келісімшарт бекіткен 95 медициналық ұйымның 60-ы жекеменшік.

Медициналық қызметтің ерекше мән берерлік тағы бір бөлігі – зертханалық талдау, аспаптық диагностика, соның ішінде магнитті-резонансты томография, компьютерлік томографиялық, ультрадыбыстық зерттеу қызметтерін көрсететін салалық мамандарға қолжетімділікті арттыру үшін осындай қызметтердің көлемін 3,5-4 есе ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл, әрине, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кейінге ысырылады деген сөз емес. Олардың да, соның ішінде жоғары технологиялық қызметтерді қаржыландыру деңгейі өседі. Сондай-ақ, сақтандырылған азаматтарды оңалту мен қалпына келтіруге бағытталған ем-дом шараларына бөлінетін қаражат та артады.

Қазіргі таңда медициналық қызмет көрсететін жеткізушілерді республикалық және аймақтық комиссиялар іріктейді. Комиссия құрамында Медициналық сақтандыру қоры, Денсаулық сақтау басқармалары, «Атамекен» ҰКП, пациенттер мен медицина ұйымдарының мүддесін қорғайтын үкіметтік емес ұйымдар бар. Ондағы мақсат – медициналық ұйымдарды іріктеудің ашық, әділетті жүргізілуін қамтамасыз ету.